Жаңалықтар

Мемлекеттен алған үйді қалай жекешелендіруге болады?

Осы процесс туралы толығырақ түсіндіреміз

Негізі мемлекеттік немесе қызметтік тұрғын үйді алу ұзақ уақыт алуы мүмкін. Ал оны жекешелендіру процесі қалай өтеді? Әкімдіктен үйді кім ала алады, кімге берілмейді, қандай құжат керек — бәрін осы материалда айтамыз. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 2-бабының 31-тармағына сәйкес  тұрғын үйді жекешелендіру— мемлекеттік тұрғын үй қорындағы үйлердегі бөлмелерді азаматтардың меншікке сатып алуы. Басқаша айтқанда, жекешелендіру – бұл мемлекеттік немесе қызметтік пәтерлерді жеке меншікке сатып алу.

Кім жекешелендіре алады?

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді жалдаушы отбасының кәмелетке толған мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, тұрғын үйді осы Заңда көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылы. Егер сіз тұрғын үй алсаңыз және мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйымның қызметкері, әскери қызметкер, ғарышкер (ғарышкер болуға үміткерлер) немесе мемлекеттік сайлау лауазымын атқаратын болсаңыз, онда қалдық құны бойынша тұрғын үйді жекешелендіре аласыз.

Егер бюджеттік ұйымдарда немесе кәсіпорындарда мемлекеттік қызметте кемі он жылжұмыс істесеңіз, сондай-ақ еңбек қатынастары төмендегі негіздер бойынша тоқтатылса жұмыс мерзіміне қарамастан  сіз тұрғын үйді  жекешелендіру құқығына ие боласыз:

  • ұйым таратылып, қызметкерлер саны немесе штаты қысқартылғанына байланысты;
  • одан әрi жұмыс iстеуге кедергi келтiретiн сырқатына байланысты;
  • зейнеткерлікке шығуына байланысты

Ғарышкерлікке үміткерлер, ғарыш қызметі саласында он бес жылдан артық жұмыс өтілі бар үміткерлер тұрғын үйді  ақысыз жекешелендіреді.

Қызметтікке теңестірілген тұрғын үй берілген қызметкер қайтыс болған жағдайда жекешелендіру құқығы қайтыс болған адамның жұмыс істеген мерзіміне қарамастан отбасы мүшелеріне ауысады. Егер қызметтік тұрғын үй сізге жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысушы ретінде берілсе, онда оны қалдық құны бойынша қызметтік тұрғын үйде бес жылдан астам уақыт тұрғанда жекешелендіруге болады.

Егер сіз 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап күнтізбелік есептеуде он жыл және одан да артық әскери қызметте тұрсаңыз, онда қызметтік тұрғын үйді мемлекеттік тұрғын үй қорынан қалдық құны бойынша жекешелендіруге құқылысыз. Ал егер осы күні сіздің шотыңызда он бес жылдан артық қызмет болса, онда әскери қызметтің күнтізбелік есептеуіндегі жиырма жыл әскери қызметтен кейін қызметтік  тұрғын үйді тегін  жекешелендіру құқығына ие боласыз.

Тұрғын үйді тегін жекешелендіруге бола ма?

Мына санаттағы адамдар ақысыз жекешелендіруге құқылы:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Тұрғын үй берілген Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қайтыс болған жағдайда оны ақысыз алу құқығы оның отбасы мүшелеріне ауысады;
  • 1 және 1 топ мүгедектері;
  • Чернобыль атом электрстанциясындағы апат, басқа радиациялық апаттар және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі апаттар салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтар және оқуларға тікелей қатысқан тұлғалар;
  • Семей сынақ ядролық полигонындағы ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
  • Бұрынғы Кеңес Социалистік Республикасын қорғауда алған, басқа кезеңдерде әскери қызметтің өзге де міндеттерін орындау кезінде жараланып, жарақаттанып, мертіккендер, сондай-ақ әскери әрекеттер болған Ауғанстанда немесе басқа мемлекеттерде әскери қызметтен өткен уақытта сол жерде мүгедек болған әскери қызметкерлер;
  • Арал маңындағы экологиялық апат салдарынан зардап шеккен ҚР азаматтары;
  • Жиырма жыл және одан да артық күнтізбелік есептеудегі еңбегі бар арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, әскери қызметкерлер;
  • Ғарышкерлікке үміткерлер, ғарышкерлер. Ғарышкерлікке үміткер, ғарышкер  қаза болған жағдайында оны ақысыз алу құқығы қайтыс болған адамның мұрагеріне ауысады.

Қай жағдайда жекелешендіруге рұқсат етілмейді?

  • Жалға берудің жекелеген шарттарына сәйкес бірнеше жалдаушыға жалға берілетін тұрғын үй, олардың біреуі сатып алуды жүзеге асыруға келіспеген жағдайда;
  • Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй ретінде берілетін;
  • Уақытша құрылыстарда;
  • Белгіленген санитариялық-эпидемиологиялық және техникалық талаптарға сай келметін болса;
  • Одан әрі тұруға жарамсыз, тұрғын емес үй-жайларға қайта жабдықталуға жататын болса;
  • Әскери қалашықтар, шекара заставалары және өзге де жабық объектілер аумағындағы тұрғын-үйлер;
  • Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан тұрғыү үйлер;
  • Бұзылатын тұрғын үйлер;
  • Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасы азаматтарының пайдалануына коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген болса;
  • Мемлекеттік қызметшінің лауазымдық міндеттерін атқару кезеңіне ротациялау тәртібімен лауазымға тағайындалған ведомстволық тұрғын үй қорынан берілген болса;
  • «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» ҚР Заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкерлерге 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап арнаулы мемлекеттік органдардың тұрғын үй қорынан берілген болса;
  • Сондай-ақ еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға, оқу кезеңінде студенттерге (курсанттарға, аспиранттарға) және оқушыларға берілген төсек үлгісіндегі, сондай-ақ бөлме үлгісіндегі тұрғын үй-жайлар жекешелендірілмейді.

Қандай құжаттар тапсыру керек?

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидаларының 12-тармағына сәйкес, тұрғын үй комиссиясының қарауына тұрғын үйді жекешелендіру тәртібінде меншікке сатып алу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажет:

  • жалға алушы отбасының кәмелетке толған барлық мүшелері ЭЦҚ-мен қол қойған электрондық құжат нысанындағы тұрғын үйді жекешелендіруге өтініш.
  • некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктің электрондық көшірмесі (ақпараттық жүйеде мәліметтер болмаған жағдайда қажеттілігіне қарай);
  • жалдау (жалға алу) шартының немесе тұрғын үйге ордердің электрондық көшірмесі;
  • басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп таныған жағдайда, соңғысына оларды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің электрондық көшірмесі ұсынылады.
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар қосымша көрсетілетін қызметті алушының (отбасының) халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына жататынын растайтын құжаттардың электрондық көшірмесін ұсынады;
  • мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері, әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері, судьялар және мемлекеттік сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санатына жататын азаматтар жұмыс (қызмет) орнынан анықтаманың электрондық көшірмесін не қызметкердің еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесін қосымша ұсынады. Ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер Қазақстан Республикасының Үкіметі беретін мәртебесін растайтын құжаттың электрондық көшірмесін ұсынады;
  • тұрғын үйді жалдау шарты бойынша берешектің жоқтығын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі;
  • Қағиданың 7-тармағына сәйкес, жекешелендіру жағдайында – мемлекеттік тұрғын үй қорынан меншікке өтеусіз алуға құқығы бар азаматтар санатына жататынын растайтын құжаттың электрондық көшірмесі.
  • Жеке басын куәландыратын құжаттардың, некеге тұру немесе некені бұзу туралы (2008 жылғы 1 маусымнан кейін), қайтыс болу туралы (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), балалардың тууы туралы куәліктің (2007 жылғы 13 тамыздан кейін), меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің бар немесе жоқ екені туралы анықтамалардың, мекенжай анықтамаларының, басқа адамдарды көрсетілетін қызметті алушының отбасы мүшелері деп тану туралы сот шешімінің, көрсетілетін қызметті алушының немесе оның отбасы мүшелерінің халықтың әлеуметтік осал топтарына жататынын растайтын құжаттардың мәліметтері көрсетілетін қызмет берушіге тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден отбасы мүшелерінің (болған жағдайда) «электрондық үкіметтің» шлюзі арқылы беріледі.

Жекешелендіру процесі қалай өтеді?

  • Қажетті құжаттармен өтініш беру.
  • Тұрғын үй комиссиясының өтінішін қарастыру, құжаттарды және олардың түпнұсқалылығын және толықтығын тексеру, шешім шығару.
  • Қалдық құнын төлеу немесе егер ақысыз болса қажетті құжаттарды рәсімдеу (жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу).