Бір айда 200 мың шетел азаматынан ЖСН алуға өтініш түскен
21 қыркүйектен бері шетел азаматтарынан ЖСН алуға 200 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов мәлім етті.
Ол қанша шетелдікке ЖСН берілгені жайлы нақты ақпарат жоғын баса айтты.
«Қазақстанда кәсіппен айналысып, жұмысқа орналасып және банкте есепшот ашқысы келетін кез келген шетелдік азамат ЖСН алуы керек», – деді Тұрысов.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей мобилизация жариялап әскерге барғысы келмеген орыстар шет елдерге, соның ішінде Қазақстанға да жаппай кете бастады.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі мобилизация басталғалы Қазақстанға 200 мыңнан астам ресейлік келгенін мәлімдеген.
Соның ішінде 147 мың адам елден шығып кеткен. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов 4 қазанда Ресей азаматтарынан Қазақстан азаматтығын алу үшін 68 өтініш түскенін хабарлады.