Инвестиция

«ҚазМұнайГаз» IPO-сы қаншалықты пайдалы?

IPO-ға өтінім қабылдау 3-4 аптаға созылады

Биыл жыл соңына дейін «ҚазМұнайГаз» акцияларының бір бөлігін IPO-ға шығаруы тиіс. IPO – акцияларды бастапқы жария орналастыру. Бұл кезеңде қарапайым азаматтар брокерлік шоттар ашу арқылы ұлттық компания акцияларын сатып ала алады. Бұл  қазірдің өзінде халықтың қызығушылығын тудырып отыр. Дегенмен кей сарапшылар мәселеге басқа қырынан қарайды.

Экономист Мұрат Темірхановтың айтуынша, «ҚазМұнайГаз» IPO-сының төрт негізгі мақсаты бар.

Олар:

  • Жекешелендіру (экономиканы мемлекетсіздендіру);
  • Мемлекеттік компанияларда корпоративті басқаруды жақсарту;
  • Отандық қор нарығын дамыту;
  • Жинақтарды ұлғайту және бағалы қағаздар нарығында инвестициялық мәдениетті қалыптастыру үшін халықтың отандық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігі.

Ресей тағы да қазақ мұнайының 80 пайызын экспортқа шығарып отырған КТК-ны жауып тастауы мүмкін, бұл – ең бірінші қауіп дейді сарапшы.

«Қазір «Самұрық-Қазына» / «ҚазМұнайГаз» алғашқы үш жылда дивиденд төлеуге кепілдік беріп отыр. Егер Ресей бірнеше айға КТК-ны жауып тастайтын болса, компания мүлде дивиденд төлей алмайды. «Теңізшевройл» рейтингінің төмендеп кетуі бұған жақсы дәлел. 7 қазанда S&P Global Ratings Қазақстанның ең ірі және табысты мегажобасы – «Теңізшевройлдың» рейтингін бір сатыға – «ВВ+»-ке төмендетті. Агенттік рейтинг бойынша болжамды «Жағымсыз» деп бағалады. ТШО рейтингі тағы да төмендетілуі мүмкін еді, алайда акционерлер тарапынан жасалған қолдау ескерілді. КТК-ны тағы да жауып тастау ықтималдығы жағдайында «ҚазМұнайГаздың» IPO-ны қалай өткізетіні мен үшін өте таңғаларлық.

Екінші проблема – үкіметтің ҚМГ-ға «әлеуметтік жүктемесі». Ең үлкен «әлеуметтік жүктеме» – ҚМГ таза пайдасы есебінен ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасын мемлекеттік субсидиялау. Былтырғы жылдық есепке қарасақ, ҚМГ-ның төрт мұнай өңдеу зауытын бақылайтыны және мұнай өңдеу нарығындағы үлесі 82 пайыз екені көрсетіледі. ҚМГ-ға тиесілі бұл төрт зауыт 2021 жылы 13,9 млн тонна мұнай өңдеген. Үкіметтің талабымен ұлттық компания ішкі нарыққа 7,1 млн тонна шикі мұнайды экспорттық бағасынан, тіпті ішкі нарықтағы әдеттегі бағадан да төмен құнмен жеткізген. Бұл – өте үлкен шығын. «Әлеуметтік ауыртпалықтың» тағы бір мысалы – қайғылы қаңтар оқиғасынан кейін үкіметтің квазимемлекеттік сектордағы жалақыны жасанды түрде көтеру туралы шешімі. Бұл жалақының көтерілуінің мемлекеттік компаниялардағы еңбек өнімділігінің өсуіне еш қатысы жоқ, бұл мұндай компаниялардың акцияларының бағасы мен кірісінің төмендеуіне тікелей әсер етеді», дейді сарапшы.

Сондай-ақ ол IPO-ны екі бірдей биржада – KASE мен AIX-та өткізуін отандық қор нарығын дамытуға зиян келтіреді деп есептейді.

«Жалпы, Қазақстанда екі қор биржасының болуы Қазақстандағы биржаның дамуына үлкен кедергі келтіреді. «Астана» халықаралық қаржы орталығында»биржа құрудың орынсыздығы байқалды, өйткені дамымаған және өте шағын қор нарығында екі қор биржасының, екі орталық депозитарийдің және екі клирингтік орталықтың болуы – қажетсіз сән-салтанат және Қазақстандағы қор нарығының дамуына кедергі келтіреді.

Мемлекеттік компанияларда, соның ішінде ҚМГ-де корпоративтік басқарудың нашарлығы барлығына жақсы мәлім (бұл IPO-ның келесі ең маңызды мақсаты). Қазақстандағы кез келген мемлекеттік компания IPO-дан кейін де биліктің саяси шешімдеріне толығымен тәуелді, бұл ЭЫДҰ мемлекеттік компаниялардағы корпоративтік басқару стандарттарына мүлдем сәйкес келмейді. Өткен тарих үкіметтің миноритарлық акционерлерге зиянын тигізетінін, соның салдарынан өз инвестицияларынан ақша жоғалтқанын көрсетеді.

IPO-ның негізгі мақсаты – жекешелендіруге келетін болсақ, ҚМГ сайтында айтылғандай, жекешелендіру экономиканы мемлекетсіздендіру процесінің бөлігі болып саналады, ол өндірісті негізінен мемлекеттік-директивалық реттеуден оны нарықтық тетіктерге негізделген реттеуге көшуді көздейді. Дегенмен, ҚМГ IPO-ның бұл аспектісінде де терең проблемалар бар», дейді Темірханов.

«ҚазМұнайГаз» акциясының IPO-да орналастыру параметрі 9 қарашаға таман анықталып, орналастырудың өзі 10 желтоқсанға дейін атқарылмақ. Компанияның хабарлауынша, әлеуетті инвесторлармен дайындық жұмыстары жүргізілуде. Еліміздің аймақтарында «ҚазМұнайГаз», AIX және KASE биржалары, Freedom Broker және өзге де ұйымдардың қатысуымен түсіндіру кездесулері өткізілді. «Самұрық-Қазынаның» ұйымдастыруымен 17 қыркүйек-7 қазан аралығында өткен кездесулер 58 елдімекенде ұйымдастырылып, 100 мыңнан астам адамды қамтыған.

IPO біздің елде алғаш рет өткізілгелі отырған жоқ. Осыған дейін, 2012 жылы «ҚазТрансОйл» халықтық IPO-ға шықса, 2014 жылдың қарашасында көпшілік бастапқы жария орналастыру кезінде KEGOC энергетикалық компаниясының акцияларын сатып алды. 2018-2020 жылдар аралығында «ҚазАтомПром» IPO-ға шықты.

«Самұрық-Қазынаның» жекешелендіру және дамыту бойынша басқарушы директоры Ернар Жанәділдің айтуынша, акцияға жазылу – қарашада, ал листинг желтоқсанда басталады.

«IPO-ға өтінім қабылдау 3-7 күнге созылады. Бірақ көптеген қазақстандықтың қор нарығындағы бірінші қадамын жасайтынын ескере отырып біз өтінім қабылдау мерзімін 3-4 аптаға дейін ұзарттық. «ҚазМұнайГаз» IPO-сы бойынша мәмілені жабуды желтоқсанның бірінші жартысына жоспарлап отырмыз. ҚМГ белгілі бір мөлшердегі дивиденті тұрақты төлеп отырады. Бірақ бұл оның қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтірмеу шартымен байланысты, бұл негізінен мұнай бағасына тәуелді», дейді Ернар Жанәділ.

Нарыққа акциялардың қанша пайызы шығарылатыны да әлі белгісіз. Бұл сұранысқа орай қалыптаспақ. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» басқарушы директоры ҚМГ-да Ұлттық Банктің үлесі 9,58 пайызды құрайтынын, алайда IPO аясында тек «Самұрық-Қазына» үлесі сатылатынын мәлімдеді.