Қоғам

Еңбек нарығындағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі?

Жұмысшылардың зардап шегу көрсеткіші азайып келеді

Еңбек нарығы, ондағы жалақының уақытылы төленуі, жұмысшы құқығының бұзылмауы, сондай-ақ кәсіпорындардағы қауіпсіздік – өте өзекті мәселелер санатында. Еңбек нарығы, шындап келгенде – бүкіл экономиканың күретамыры. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі осы мәселелерге жеке тоқталып, нарық ахуалын баян етті.

Еңбек, әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, қазіргі кезде республикадағы 60 кәсіпорынның 1 821 қызметкерге 1,24 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешегі бар.

Жұмыскерлер алдындағы ең көп берешек Абай облысында – 218 млн теңге, Жетісу облысында – 22,9 млн теңге және Астана қаласында – 19,3 млн теңге. Банкрот және оңалту сатысындағы кәсіпорындардағы берешек 46 кәсіпорында 845 қызметкер алдында 913 млн теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері жергілікті еңбек инспекциясы органдарының көмегімен жалақы бойынша 4,1 млрд теңгеге жуық берешек төленді, сол арқылы 16 мыңнан астам қызметкердің құқықтары қорғалған.

Ал жыл басынан бастап 1,9 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтерген. Еңбек министрлігінің бастамасымен жалақы бойынша берешекті өтеудің нәтижелілігін арттыру мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде жұмыс берушінің жалақы төлеуі туралы нұсқама атқарушылық құжаттың міндетті күшін алды.

«Қазіргі уақытта нұсқаманың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін ол жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындау үшін беріледі. 2022 жылы 47 материал сот орындаушыларына жіберілді. Жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілермен жұмысшылардың жалақысын көтеру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Нәтижесінде жыл басынан бастап 1,9 мың жұмыс беруші 1,2 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын 5-тен 50 пайызға дейін көтерді», деді Төлеген Оспанқұлов.

2022 жылы шетелдік жұмыс күшін тартатын 64 кәсіпорында мыңнан астам бұзушылық анықталған. Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлерге тең еңбек үшін тең ақы төлеуді, сондай-ақ қандай да бір кемсітусіз тең өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары 6,8 мың еңбек заңнамасының бұзылғанын анықтапты.

Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 4 мыңнан астам тексеру жүргізген,  оның ішінде:

  • Еңбек саласында – 4 573;
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 2 103;
  • Халықты жұмыспен қамту бойынша – 149.

Жұмыс берушілерге 2 мыңнан астам ұйғарым берілді және 300 млн теңгеден астам сомасына 1 400-ден астам әкімшілік айыппұл салынды. Азаматтардың 22 547 өтініші қаралып, өндірістегі жазатайым оқиғаларға 866 арнайы тергеу жүргізілген.

Қазіргі уақытта ел кәсіпорындарында 21 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспектор ішкі бақылауды жүзеге асырады. Сондай-ақ 2021 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жұмыс берушінің еңбек заңнамасы талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуін көздейтін «Онлайн еңбек консультанты» функционалы іске қосылды.

«Жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын және интерактивті режимде жоспарланған немесе орындалған рәсімдердің дұрыстығын тексеретін қызметке жүгіне алады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда жұмыс берушіге оларды жою мақсатында нақты іс-әрекеттер ұсынылатын болады. Бүгінгі таңда 13 459 адам өзін-өзі тексерді», деді комитет төрағасы.

Еңбек қауіпсіздігі де басты назарда. Биыл еліміздің кәсіпорындарында зардап шеккендер саны 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 5,8 пайызға төмен.

Биыл тоғыз айда еліміздің кәсіпорындарында 999 адам зардап шекті, 134 адам қаза тапты.

Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер:

  • Жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы;
  • Жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру;
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу;
  • Автожол жүрісі қағидаларын бұзу болды.

«Бұл ретте, бұрынғыдай, еліміздің өнеркәсіптік өңірлерінде: Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Алматы қаласында жарақаттанудың жоғары деңгейі сақталуда. Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында және құрылыс саласында байқалады», деді спикер.

2022 жылы 9 айдың қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін 109 лауазымды адам атқаратын қызметінен босатылған. Құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 744 материал жіберіліп, олар бойынша 118 қылмыстық іс қозғалды.

«Бұзушылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында еліміздің 2 800 кәсіпорны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау стандарттарын енгізді. 2019 жылдан бастап біз «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Бүгінгі таңда оған 332 кәсіпорын қосылды., деді министрлік өкілі.

Осы мақсатта 2025 жылға дейін қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары іске асырылады, онда:

  • Өндірістік жарақаттанудың алдын алу тетіктерін жетілдіру;
  • Өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру тетігін жетілдіру;
  • Зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге кепілдіктер берудің тәуекелге бағдарланған тетігін енгізу көзделеді.