Әлемдік экономика жаңа қаржы дағдарысының қыспағына түсе ме? Сарапшылар пікірі
Астана қаласында 26-28 қазан аралығында Нобель сыйлығының лауреаттары, көрнекті ғалымдар мен сарапшылар бас қосқан жыл сайынғы V Nobel Fest фестивалі өтіп жатыр. Бүкіл әлемдегі студенттер мен жас ғалымдардың инклюзивті білімге қолжетімділігін арттыру үшін іс-шара гибридті режимде: оффлайн және онлайн өткізілді. V Нобель фестивалінің екінші күнінде спикерлер білім мен медицина, болашақ пен психология мәселелерін көтерді. Талқылаудың маңызды тақырыптарының бірі экономика және осы саладағы әлемдік даму болашағы болды.
Мәселен, Reinventing Bretton Woods Committee (Бреттон-Вудс жүйесін қайта құру комитеті) бас директоры Марк Узан дүние жүзін қаржылық дағдарыс күтіп тұр ма, жоқ па деген сұраққа тоқталып өтті. Узан екі апта бұрын Вашингтонда Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесуге қатысқанын айта келе:
«Олар биыл жаһандық ЖІӨ өте төмен қарқынмен өсетінін айтып, аса жағымсыз болжам жасап отыр. Бәрі 2023 жылы жаһандық рецессияны күтіп отыр», – деді.
RBWC басшысының айтуынша, кейінгі 40 жылда жаһандану процесі қарқынды жүрген, ашық нарық пен еркін әлемде өмір сүріп келеміз. Ал экономикалық өсімнің негізгі қоғаушы күші Қазақстан сынды дамушы елдер болған еді. Ал қазіргі кезде кері процесс – деглобализация жүріп, яғни, ашық нарықтар жабылып жатыр.
«Қазіргі кезде алдымыздан қилы сын-қатер шығып тұр: соғыс, климаттың өзгеруі, инфляцияның өсуі мен ЖІӨ өсімінің төмендігі. Арзан ақша дәуірі аяқталып келеді. Алдымыздан тосып тұрған ғаламдық рецессия арзан ақша дәуірі мен жоғары өсім қарқыны соңына жеткенін білдіретінін баса айтқым келеді», – деді Узан.
Сарапшы сонымен қатар, биыл қыстан Ресейдің арзан газынсыз шығуға тырысатын Еуропаның өзекті мәселелерін де еске салып өтті. Оның айтуынша, Еуропа соңғы 75 жылда ЕуроОдақ құру арқылы әскери қақтығыстар мен үшінші дүниежүзілік соғысты болдырмауға барын салып келеді. Алайда Ресей мен Украина арасындағы текетірестен Еуропа көп зардап шегіп жатыр.
Узан Қазақстанның қазіргі геосаяси және экономикалық аренадағы ұстанымына қатысты пікір білдіріп, республиканың болашағына қатысты болжам жасады.
«Қазақстан бір кездері сауда дәлізі, Ұлы Жібек жолының бір бөлігі болған еді. Ал қазіргі кезде ол халықаралық хабқа айналып, әлемдік ірі компаниялар өздері келіп, инвестиция ұсынуы керек. Адами капиталы жоғары және ресурсы мол елдің болашағы жарқын боларына, сол болашаққа жетеріне сенімім мол», – деді комитет басшысы.
Қаржы сарапшысы, Jusan Bank басқарма төрағасы Нұрдәулет Айдосов әлемді жаңа қаржы дағдарысы күтіп тұр ма деген сауалға жауап бере отырып, рецессияға алып келетін бірнеше алғышарт бар екенін айтып өтті. Бұлар: коронавирус пандемиясы, Украинадағы соғыс, халықаралық санкциялар, инфляция, ФРЖ мөлшерлемесінің өсуі және климаттың өзгеруі.
Айдосов аталған факторлардың әрқайсысы экономикалық өсімнің төмендеуіне қалай әсер еткенін егжей-тегжей баяндап, дүние жүзі расымен де қаржылық дағдарысқа қарай бет алды дейді. Оның айтуынша, пандемия кезінде әлемдік экономикаға үлкен ақша құйылып, осы кезеңде әлемдегі ақша массасы 26 пайызға өскен.
Соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш жылына 6 пайыздан аспай келген еді. Бұл ретте әлемдік экономикаға құйылған инвестиция 27 триллион долларды құраған. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1943 жылы – Екінші дүниежүзілік соғыстың ортасында тіркелген.
Пандемия кезінде әлемдік экономикаға әсер еткен екінші фактор – жеткізу тізбегінің бұзылуы. Жаһандық тауар мен қызмет жеткізу тізбегі бұзылып, өткізу қабілеті төмендеді де, тауар тапшылығы орын алды. Сонымен қатар, контейнермен тасымалдау құны 10 есе өсіп, бұл әлемдік экономикаға да әсер еткен. Украинадағы соғыс жаһандық экономикаға да үлкен әсер етті, дейді Jusan Bank төрағасы.
Мемлекеттер арасындағы тасымал мен тауар сатудан жоғалтқан пайда көлемі 1 триллион долларды құрайды: газ, мұнай, бидай, тыңайтқыштар және т.б. сияқты аса маңызды ресурстарды тасылмалдау қиындады.
«Инфляция өте жоғары. Қыркүйек айында ол АҚШ-та 8,2%-ды құрады – соңғы 40 жылда мұндай жоғары көрсеткіш болмаған. Әлемдік сарапшылардың болжамы бойынша, жаһандық инфляция шамамен бірдей диапазонда – шамамен 8% деңгейінде болады деп күтіліп отыр және бұл өз кезегінде сатып алу қабілетіне әсер етеді», – деп түсіндірді Нұрдәулет Айдосов.
Сарапшы банктер ақша-несие саясатын қатайтып жатқанына да баса назар аударды: тек 2020 жылы ғана Федералдық резерв жүйесі мөлшерлемені бес есе көтеріп, 3,25%-ға дейін жеткізген. Қазіргі кезде көптеген елдің орталық банктері де мөлшерлемен көтеріп жатыр.
«Жақында Ұлттық банк те мөлшерлемені инфляция деңгейіне барабар көтерді. Даму үшін қыруар қаржыны қарызға алған компаниялар енді сол деңгейде қаржыландыра алмайды. Бұл жайт қарыз дағдарысына әкеледі», – деп қосты Айдосов.
Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, климаттың өзгеруінен келетін шығын 2,4 трлн долларды құрайды. 2026-2030 жылдар аралығында жер бетіндегі температура 1,5 градусқа көтеріледі деген болжам бар. Jusan Bank өкіл бұл болжам шындыққа жанасып, шығын алып келеді, демек экономикаға да әсер етеді деп тұжырымдайды.
Сөз соңында Нұрдәулет Айдосов жан-жақты ақпаратпен толық қарулану өте маңызды екенін атап өтті. Бұл өз кезегінде келер соққыға дайындалып, оның шығыны мен салдарын азайтуға мүмкіндік береді.