Оңтүстік-Шығыс Азияның «Air Asia» ірі лоукостері Астана әуежайынан ұшуды бастайды
Air Asia Aviation Group компаниясының кірістер және маршруттар жөніндегі директоры Пол Кэррол мырза, сондай-ақ Air Asia Х әуекомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил мырза Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында болды.
Қонақтарды «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Хамзин қарсы алды.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Малайзия арасындағы тұрақты жолаушылар және жүк әуе қатынасы мәселелерін, сондай-ақ елордалық әуежайдың инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін талқылады.
2023 жылдан бастап оңтүстік-шығыс Азияның ірі лоукостері «Air Asia» Куала-Лумпур – Астана жаңа бағытын ашуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Air Asia Aviation Group компаниясының коммерциялық директоры Карен Чан ханыммен кездесті. Кездесуге азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев, Air Asia Aviation Group компаниясының кірістер және маршруттар жөніндегі директоры Пол Кэррол мырза, сондай-ақ Air Asia Х әуекомпаниясының атқарушы директоры Беньямин Исмаил мырза қатысты.
Air Asia – тарихы 1996 жылдан басталатын Азиядағы ең ірі бюджеттік әуекомпания. Аталмыш әуекомпания 600 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен.