Бизнес иелерінен «Франшиза сатамын» дегенді жиі естисіз бе? Жарты ғасыр бұрын Батыста пайда болған бұл термин қазір Қазақстанда да кеңінен таралып жатыр. Бүгінгі материалымызда «франчайзиң» туралы толығырақ тарқатамыз.
Starbucks-тан алған кофе, KFC-ден жеген тамағыңыз, Zara-дан сатып алған киіміңіз — бәрі франчайзиң моделі бойынша дамып жатқан бизнес. Ал енді франчайзиң деген не? Бұл дегеніміз сауда белгісі бар, атағы шыққан брендтің басқа фирмамен немесе кәсіпкермен келісімшарт жасасып, өзінің интеллектуал меншігі мен ресурстарын белгілі бір мерзімге пайдалануға рұқсат береді. Ал кәсіпкер болса, ережелерді мығым ұстанып, корпоративтік стильден ауытқымауға тиіс.
Енді осы ретте шағын мысал түрінде елестетіп көрелік. Мақсат кофе ішкенді өте қатты жақсы көреді. Армандарының ішінде кофехана ашу да бар. Бірақ бизнес туралы аса білігі де, тәжірибесі де жоқ. Нөлден бастауға қорқақтайды. Енді не істесе болады? Мұндайда ең абзалы — франчайзиң. Айталық, оған Zebra coffee желісінің өнімдері ұнайды. Өзінің сүйікті кофеханасының иесіне барып, франчайзиң келісімшартын жасасуына болады. Оны концессинтік деп те атайды. Осылайша Мақсат брендті пайдалануға рұқсат алады. Дәл сондай кофехана ашып, ережелер мен стильді ұстанады.
Корпоративтік стиль шеңберінен шығып кетпес үшін франшиза иесі Мақсатқа бәрін тізіп, сызып береді. Даяшылар қалай киінуі керек, қалай сөйлесуі керек, кофе ыдысының сыртына атын жаза ма, кофелердің рецебі қандай, мәзірдегі тамақтар — бәрін басқа желілердегідей қылуы шарт. Өйткені келген адам оны Мақсаттың кофеханасы деп емес, белгілі брендтің кафесі деп келеді. Осыны ескеру керек. Сондай-ақ, франшиза берген адам жеткізушілердің контактілерін беріп, жұмыстың барлық ньюансын түсіндіруге міндетті. Мұндай әдіс өте қолайлы. Өйткені бәрі риза: франшиза иесі үшін кезекті филилал ашылып, жұмысы жүреді. Алған адам өз кәсібін дөңгелетіп, жабылып қалу не жүрмей қалу қаупін минимумға теңестіреді. Мақсат франчайзиң сатып алды деген сөз — ол франчайзи болды дегенді білдіреді.
Франчайзиң мен франшизаның айырмашылығы неде?
Айтқандай, франчайзиң дегеніміз — компания мен кәсіпкер арасындағы екі жаққа да тиімді келісім. Компания көп жылдан бері жиған тәжірибесін жайып салып, беделін, ережесін де бұғып қалмай, толық бөліседі. Соның арқасында кәсіпкер осының бәрін қолдана алады. Ал енді осы келісімнің объектісі — франшиза. Франчайзи яғни біздің жағдайда Мақсат жұмысы жолға қойылған, табысты бизнес ашуға мүмкіндік алып, қауіп-қатерді азайтты. Франшиза иесі болса, содан түсетін табыстан пайда табады. Екі жаққа да тиімді келісімшарт дейтініміз осы себепті.
Франчайзер мен франчайзи деген кім?
Франчайзер деп бренд иесін айтамыз. Ол интеллектуал меншігін қолдануға кәсіпкерге рұқсат береді. Сол құқықты алған бизнесмен франчайзи болады. Бренд иесі оған жаңа филиалдың ашылуына толықтай көмектесіп, қолдайды. Франчайзердің басты мақсаты — брендті дамыту. Сондықтан ол өз маркасы мен бизнес моделін қолдануға рұқсат беріп қана қоймай, кәсіпкерді оқытып, дамытып отырады. Интеллектуал құқықты сатып, жарнамасы мен қолдау білдіргені үшін компания иесі франчайзиден түсімнің бөлігін алып отырады.
Франчайзи — франшизаны сатып алған адам. Ол осыған дейін айтқанымыздай, бекітілген ережелерді орындап, корпоративтік нормаларды ұстануға міндетті. Сондай-ақ, ресурстарды қолданғаны үшін ақы төлейді. Қанша және қалай төленетіні, өзге де талап-шарттар келісімшартта көрсетіледі. Серіктестік шарттары көбіне екі тарап арасындағы келісімше байланысты. Мысалы шарттарды қатаң ұстану мегаполистерде немесе астаналарда талап етіліп, аймақтарда сәл жұмсақтау болуы мүмкін. Мұндай тұстарының бәрі келісімшарт бекітілгенген дейін талқыланады. Әйтпес, екі жақ та минусқа кетіп қалуы мүмкін.
Франчайзиң түрлері
Фирманың айналысатын кәсіп түріне байланысты франшизаның да түр-түрі болады. Атап айтқанда:
- Саудалай франчайзиң. Кәсіпкер бренд өнімдерін сатуға көмектеседі.
- Іскерлік франчайзиң. Мұнда интеллектуал меншік құқығын, бизнес моделін, меншігін береді.
- Өндірістік франчайзиң. Франчайзи жұмыс тәсілдерін, жабдықтарды, технологияларды алады. Бұл жағдайда франшиза иесі барлық норманың қатаң сақталуын жіті қадағалауы керек.
- Конверсиялық франшиза. Ірі желі қанатының астына сондай бағытта кәсіп жүргізіп жатқан ұсақ кәсіпорындарды алады. Мысалы шағын шаштаразы бар кәсіпкер үлкен шаштараз желісінің құрамына кіреді.
- Аймақтық франчайзиң. Бренд атауын тек белгілі бір аумақта қолдануға рұқсат етіледі.
- Субфранчайзиң. Франшиза сатып алған бір кәсіпкер сол құқықты басқа кәсіпкерлерге сата алады.
Франчайзиң формалары
Кәсіп жүргізерде франчайзиң қалпына да мән беру керек. Яғни қандай формада болуы франчайзи-компанияның қаншалықты іс жүргізетініне тікелей байланысты. Мысалы мынадай формада болады:
- Тікелей. Ең көп таралған түрі осы. Мұндай форма аясында компания бір кәсіпорынды белгілі бір нақты мекенжайда ашады. Ал енді тағы бір нүктесін ашқысы келсе, жаңа келісімшарт жасасуы керек болады.
- Көпқырлы. Бір келісімшарт аясында белгілі бір аумақта бірнеше нүкте ашуға мүмкіндік береді. Франчайзер осы маңнан желінің жаңа филиалын ашуға басқаларға да рұқсат бере алады.
- Эксклюзив. Көпқырлы франчайзиңге ұқсайды. Бірақ белгілі бір аумақта жаңа нүкте ашуға бір франчайзидің ғана құқығы бар.
- Субфраншиза. Франчайзи жаңа нүктелер ашып қана қоймай, франшиза сатып, одан роялти ала алады.
Жоғарыда біз Мақсатты мысалға келтірдік. Франчайзиң қалай іске асатынын түсіндірдік. Яғни кейіпкеріміз бизнес ашып, брендті пайдалануға рұқсат алды. Құпия рецептілер, технологиялар мен кофехана дизайны да қолында. Бірақ қанша төлеуі керек? Сол қызығырақ. Есіңізде болсын: бренд атағы жарған сайын, құны қымбат болады. «Алма піс, аузыма түс» деп тұрған дайын бизнес болғандықтан арзан болмайтыны анық. Біріншіден, концессиялық келісім жасасып, бизнесті Мақсатқа тіркегеннен кейін франшиза сатып алғаныңыз үшін қомақты қаражат төлеу керек. Мұны тұтас салым деп атайды. Оның көлемі не нәрсеге байланысты? Құны Мақсаттың табысқа шығып, ақша таба бастауы үшін жасалатын жұмыс көлеміне байланысты анықталады. Кейде тұтас салым сұралмайды. Бірақ мұндай жағдайда компаниядан белгілі бір сомаға тауар партиясын бірден алуыңыз керек болады. Көбі тұтас салымды компания иесінің кәсіпкер есебінен пайда көріп қалуы үшін алынады деп ойлайды. Ал негізі бұл — қате пікір. Өйткені мұнда әңгіме жауапкершілігі жоғары әрі адал франчайзер туралы. Әлбетте, кейде пасық адамдар да жолығып қалуы мүмкін. Мұны да жоққа шығара алмаймыз.
Екіншіден, сізге ай сайын роялти төлеу керек. Бұл дегеніміз компанияның білдірген қолдауы үшін төленетін абоненттік төлем десек болады. Оның көлемі заңда нақты белгіленбеген. Яғни оны компания өзі бекітеді. Қолдаудың ішіне не кіреді? Атап айтқанда: консультация, брендті пайдалану, жарнама, өнім сапасын бақылау, ұйымдастыру немесе заңға қатысты мәселелерде көмек кіреді.
Роялти түрлері
- Түскен табыстан пайыз алып отырады. Бас компания бекітілген бір сома қоймайды. Оның орнына саудадан түскен табыстың белгілі бір бөлігін алатын болады. Мұндай жағдайда ол қаржы есебін қадағалап, кірісті бақылап отырады. Яғни неғұрлым франчайзи көбірек тапса, франчайзер алатын табыс та көп болады деген сөз.
- Бекітілген сома болады. «Белгілі бір кезең аралығында Мақсат франшиза иесіне ай сайын 100 мың теңге беріп тұруы керек» деген ереже болады. Сол уақыт өткеннен кейін роялти мөлшері қайта қаралады. Сол күйі қалуы да, өзгеруі де мүмкін. Алдыңғысынан айырмашылығы сол — бекітілген сома бар кезде компания кәсіпкерді ондай қатты қадағаламайды. Әрі табыс таба ма, жоқ па аса қызықпауы мүмкін. Мұндай келісімнің қауіпті тұсы сол — табыс таппасаңыз да роялти төлеуге міндеттісіз. Кейде кәсіпкерлер жаңа нүкте ашып, алғашқы айларда кіріс кірмейді. Сөйтіп роялти төлей алмай, ақыры келісімшартты бұзып жатады.
- Аралас төлем. Мұнда алдыңғы екі түр қосылған. Ай сайынғы төлем минимум түрде алынып, үстіне саудадан түскен пайыз қосып беріледі. Көбіне франчайзи табысының 5-10 пайызын береді.
- Жасырын төлем. Мұндайда саудадан түскен табыстан пайыз төлемейсіз, бекітілген сома да жоқ. Бірақ белгілі бір шикізат пен тауарды франчайзер айтқан мөлшерде алуыңыз керек. Роялти мұндай жағдайда жасырын делінеді. Өйткені жеткізу құнының ішіне кіріп кетеді.
Айтпақшы, Мақсат жарнама аударымдары үшін төлеуі керек болуы мүмкін. Мұндай аударым тек ірі брендтерде бар. Яғни ауқымды жарнамалық кампания жасайтын компаниялар барлық бөлімшеге ортақ істейді. Мысалы, телевизияға берілген жарнама. Ол бәрін ортақ саналады. Сондықтан жергілікті франшиза қарағанда олардың құны әлдеқайда қымбат болады.