Қоғам

Футболдан әлем чемпионатына қандай жұлдыздар қатыса алмайды?

Мундиаль Катарда өтеді

Санаулы күндерден соң Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады. Көпшілік күткен доп додасы 20 қарашада басталып, 18 желтоқсанда мәресіне жетеді. Араб елі мундиальды алғаш рет өткізгелі отыр. Ала доп тепкен жігіттердің жарақат алып қалатыны қалыпты жағдай. Бірақ жарақаттың да ауыр, жеңілі бар. Өкінішке қарай, доп додасының сәнін кіргізеді деп есептелетін біраз жайсаң Катарға бармай қалайын деп отыр.

Н’Голо́ Канте (Франция)

«Челси» жартылай қорғаушысының сіңірінде проблема бар. Жақында қалыпқа келтіру кезінде одан әрі асқындырып алған. Мұны «Челси» бас бапкері Грэм Поттер растады. Кейінірек клуб футболшыға операция жасалғанын, кемі төрт айсыз алаңға шыға алмайтынын мәлімдеді.

Рис Джеймс (Англия)

Тағы бір «Челси» ойыншысы және Англия құрамасының қорғаушысы да тура мундиаль қарсаңында қатардан шығып қалып отыр. Клуб ақпараты бойынша, оның қалыпқа келуіне 8 апта керек. Бұл дегеніңіз екі айға жуық уақыт. Демек, Англия құрамасының бапкерлік штабы Джеймстің орнына басқа қорғаушы іздейді деген сөз.

Рональд Араухо (Уругвай)

Былтырдан бері сәтті ойынымен көзге түскен Араухо ӘЧ-ге барған болса, Уругвайдың ойынын сенімді ете түсер еді. Бірақ «Барселона» ойынында кенеттен жарақат алды. Қазір футболшы операциясын өткізіп, денсаулығын қалыпқа келтіруде. Алаңға қашан оралары белгісіз.

Джорджиньо Вейналдум (Нидерланд)

Нидерланд құрамасы көшбасшысының ӘЧ-ге қатыспасы жаз ортасында ақ белгілі болған еді. Футболшының жарақаты ауыр болды. Алдын ала дерек бойынша ол жасыл алаңға Жаңа Жылдан соң бір ақ оралмақ.

Бруно Мартинс Инди (Нидерланд)

Қызғалдақты елдің тағы бір үміті. Бас бапкер Луи ван Гал Бруноны құрамаға шақырған. Алайда қыркүйекте «Аяксқа» қарсы ойында «АЗ» ойыншысы жарақат алып қалды.

Диого Жота (Португалия)

Былтыр жарқырай көрініп, «Ливерпуль» сапына ауысқан португал футболшысы биылғы ӘЧ-де өз құрамасын өрге сүйреуден қатты үміттенген. Бірақ ұлттық құрама үшін айқас тізіміне Жота енбейтін сықылды. «Ливерпуль» бас бапкері Юрген Клопптың сөзінше, Жотаның жарақаты бірнеше айсыз жазылмайды.

Тарик Тиссаудали (Марокко)

Марокколық қорғаушы былтыр тәуір ойнады. «Генттің» негізгі ойыншысы ретінде өзін анық көрсетті. Бірақ биылғы маусымның басында тізесін жаралап алды. 29 жастағы футболшы өз құрамасына енді сырттай ғана тілеулес бола алады.

Буна Сарра (Сенегал)

Сарр бәлкім «Баварияда» негізгі футболшы емес шығар, бірақ Сенегал үшін айырықша маңызды еді. Қыркүйекте Сарр сол аяғына операция жасатқан. Соның салдары Сенегалға тигелі тұр.

Артур Мело (Бразилия)

Артур биылдан бастап Бразилия құрамасына ептеп кіріге бастаған. Бірақ оқыстан алған жарақаты кедергі болды. Әйтпесе, Тите бапкер Мелоға ойын уақытын ұсынғалы тұр еді.

Поль Погба (Франция)

МЮ-ден «Ювентуске» ауысқан жартылай қорғаушының ӘЧ-ге бару-бармауы әлі де нақты белгісіз. Тізесіне операция жасағалы бері (жаздан бастап) футболшы алаңға шыққан жоқ. Аллегри бұған дейін Погба қаңтарсыз футболға кіріспейді деген еді. Бірақ соңғы ақпарат бойынша, Погба жаттығу жасай бастаған және мундиальға үлгеріп қалудан да үміті бар көрінеді.

Люка Эрнандес (Франция)

Бұл футболшының да ӘЧ-ге бару-бармауы әлі белгісіз. Футболшының агенті: «Ол жеңіл жүгіру жаттығуларына кірісті» деп мәлімдеді. Алайда «Бавария» бас бапкері Нагельсманн футболшының әл-әзір алаңға шыға қоярына сенбейді.

Бубакар Камара (Франция)

Жартылай қорғаушы «Марсель» сапында жақсы көзге түскендігінің арқасында ұлттық құрамаға шақырту алған еді. Енді тізеден алған жарақаты салдарынан алаңға қарашаның соңында бір ақ оралады. Дешамның футболшыны тізімге кіргізуі неғайбыл.

Жақында ғана жарақат алғандар қатарында Англияның басты үміттері Кайл Уокер мен Трент Александер Арнольд та бар. Бірақ екі футболшы да мундиальға дейін жарақаттарынан айығып үлгеретін секілді. Әрі тезірек қатарға қосылған жағдайда оларды Катарға алып кетуге Гарет Саутгейт те дайын көрінеді. Англия құрамасында үміт пен күдік таразысы қатар басып тұрған тағы бір футболшы бар, ол – Кэлвин Филлипс. «Манчестер Сити» футболшысы иығына операция жасатты. Гвардиолланың көзқарасына сүйенсек, футболшы алаңға тезірек оралуы тиіс.

Пауло Дибала (Аргентина)

Биыл туриндік «Ювентустен» римдік «Рома» сапына ауысып, жарқын голдарымен көзге түсіп жүрген аргентиналық футболшы да жарақат алып қалды. Бұған дейін бас бапкер Жозе Моуриньо Дибаланың жарақаты ауыр, кемі жаңа жылсыз жасыл алаңға келмейді деген еді. Алайда соңғы деректер бойынша, футболшының қалыпқа келуі жедел жүріп жатыр. Демек, әлі де мүмкіндігі бар деген сөз.

Анхель Ди Мария (Аргентина)

Ди Мария да А сериясында жақсы маусым өткізіп жатқан. «Ювентус» футболшысы жарақат алып қалды. Бірақ соншалықты ауыр емес секілді. Аңыз ойыншыны Катар төрінен көріп қалуымыз бек мүмкін.