Сақтандыру нарығын қандай жаңалықтар күтіп тұр?

Жарияланды
Сақтандыру мәдениеті өсіп келеді

Екі жыл бұрынғы пандемия барлық саланы тұралатып кетті. Бірақ қаржы саласы аса қиналған жоқ. Оның ішінде банк секторын және сақтандыру нарығын ерекше атап өтеміз. Соңғысының маңызы биік болғанымен, ел арасында білінуі аз. Бір-екі жылдықта ғана азаматтар өмірлерін, мүліктерін ерікті жолмен сақтандыруға көңіл бөлуде. Нарық тек азаматтар мен материалдық игіліктің қауіпсіздігіне ғана қам жасамайды, ендігі кезекте сақтандыру дегеніміз – инвестиция жасау, ақша жиюдың да бір жолы бола бастады. Зейнетақы аннуитеті, бірлескен зейнетақы аннуитеті сияқты жобалар бұл нарықтың беделін одан әрі арттырары сөзсіз. Осы орайда сақтандыру компанияларына хабарласып, алда нендей жаңалық болуы мүмкін екенін сұрадық.

«Халық-Life» АҚ Басқарма төрайымы Жанар Жұбаниязованың айтуынша, 2022 жылғы қыркүйекте сақтандыру туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы күшіне енді, ол алдағы 2023 жылы іске асырылатын  болады.

Жанар Жұбаниязова, «Халық-Life» АҚ Басқарма төрайымы:

«Солардың ішінде ең маңызды әлеуметтік өнім «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» деп аталады. Ол – баланың біліміне қаражат жинақтау мақсатында баланың пайдасына сақтандырудың жинақтаушы бағдарламасы. Сақтандыру саласында алғаш рет азаматтарға мемлекеттің сақтандыру сыйлықақыларын 5 және 7% (көп балалы отбасылар үшін) субсидиялау арқылы өз балаларын оқытуға қаражат жинауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, МББЖЖ-ның қарапайым депозиттерден ерекшелігі ол ата-анасы қайтыс болғанда немесе мүгедек болған жағдайда, жинақталған сақтандыру төлемі баланың болашақта біліміне ақы төлеуді қамтамасыз етеді».

«Евразия» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Жантөреевтің сөзінше, алдағы екі жыл сақтандыру нарығына үлкен өзгерістер алып келмек.

Нұржан Жантөреев, «Евразия» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасының орынбасары:

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 12 шілдеде сақтандыру қызметіне біраз жаңашылдықтар енгізетін заңға қол қойды. Өзгерістердің көбі 2024 жылдан бастап күшіне енеді. Соның ішінде еуропалық хаттаманы енгізуге, автокөлікті міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру тарифтерінің жаңа өңірлік коэффициенттеріне, сақтандыру агенттерінің жұмысына қатысты өзгерістер бар. 2023 жыл дайындық кезеңі болады. Айта кету керек, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған бұл заң – сақтандыру нарығын дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясының көрінісі. Сақтандырушылар өз қызметін ұзақ жылдарға жоспарлайды, сондықтан олар үшін саланың болашақта қалай дамып, реттелетінін білу маңызды».

«Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Азамат Ердесов сервисті цифрландыру және жаңа онлайн өнімдер шығару есебінен сала қарыштап дами береді деген пікір білдіреді.

Азамат Ердесов, «Freedom Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы:

«Инфляция жоғары болғандықтан және валюта нарығындағы айырбастау бағамының тұрақты ауытқуы болғандықтан, долларға индексацияланатын және доллармен жылдық жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар онлайн өмірді сақтандыру бағдарламалары халық арасында сұранысқа ие болады. Сондай-ақ біз сақтандыру төлемін жүзеге асыру процесін толықтай онлайн етсек деп жоспарлап отырмыз. Бізде 4 онлайн сақтандыру бағдарламасы бар болғандықтан, қазірдің өзінде төлемдерді солай төлеп жатырмыз. Алайда клиенттердің көбі төлемді офлайн алуды жөн көреді. Сақтандыру төлемін алу процесін біршама жеңілдету үшін біз сервисті модернизациялау жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен бірге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп қаржылық сауаттылық курстарын ұйымдастырамыз. «Freedom Camp» жобамыз аясында 2023 жылы мектептер мен университеттерде оқыту бағдарламасын жалғастырамыз».

Дәурен Иманжанов, «Номад Иншуранс» сақтандыру компаниясы басқарма төрағасы:

«Қазір реттеушіге қатысты мәселелерге қатысты белгісіздік бар. Біздің ресейлік компанияларда белсенді портфельдер бар. Жақында берілген сақтандыру сыйлықақыларының маржасына жүктемені жеңілдететін қаулы шықты. Бұрын жүктеме қайта сақтандыруға берілген міндеттемелерден есептелетін және егер ол осы жылы күшінде қалса, онда барлық компаниялардың 95% – ы пруденциалдық нормативтерді орындамас еді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулысының арқасында компаниялар бұл тығырықтан шыға алды. Келесі жылы біз осы қаулының ұзартылуын және көрші мемлекеттердің аумағындағы қақтығыстың тоқтатылуын, болашақта олардың сыйымдылығын пайдалану үшін Ресей Федерациясына қатысты кейбір санкциялардың алынуын күтеміз. Бұл сақтандыру секторына және жалпы Қазақстан экономикасына оң әсер етеді».

Назым Бекболатова, «KM Life» өмірді сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы:

«Өмірді сақтандыру нарығының болашағы зор. Қазір біз мемлекеттің жинақтаушы сақтандыру бағдарламасын дамытуға, жетілдіруге және реттеуге, халық үшін жаңа балама жинақ құралдарын ұсынуға, зейнетақы аннуитетін дамытуға және оның тиімділігін арттыруға мүдделі екенін көріп отырмыз. Жоспарланып отырған маңызды жаңашылдықтар мен өзгерістердің қатарына –

  • өмірді сақтандырудың жаңа, әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу,
  • Unit-linked және ерлі-зайыптылық аннуитеттер өнімдерін жетілдіру,
  • мемлекеттік білім беру жүйесіне қатысу,
  • ЖОМС портфелін беру,
  • саланы одан әрі цифрландыру және процестерді оңайлату,
  • сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін дамыту
  • сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау тетігін жетілдіру жатады.

Тағы бір маңызды өзгерістердің бірі – 2023 жылдың басынан бастап ҚЕХС 17 – қаржылық есептіліктің халықаралық стандартын енгізу. Ол қазіргі ҚЕХС 4 стандартын алмастырады. Бүкіл сақтандыру нарығы үшін жаңа стандартқа көшу бойынша үлкен жұмыс күтіп тұр, өйткені ол неғұрлым жетілдірілген, күрделі және сақтандыру ұйымдарының кәсіби және материалдық ресурстарына жоғары талаптар қояды. Қазір біздің компания аталған стандартқа көшу бойынша дайындық шараларын жүргізіп жатыр».

Сондай-ақ оқыңыз