133 мыңнан астам қазақстандық skills.enbek.kz платформасында оқыды
Былтыр шілде айында skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы (бұдан әрі – Платформа) іске қосылған сәттен бастап 133 мың азамат, оның ішінде 24,9 мың жұмыссыз адам курстан өткені туралы сертификат алды. Платформада жалпы 167,6 мың қазақстандық тіркелді, оның 154,1 мыңы 2022 жылы тіркелген. Бұл туралы Еңбекмин хабарлады.
Оқудан өткен 24,9 мың жұмыссыздың 7,6 мыңы – негізінен Ақтөбе, Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жастары.
Платформа іске қосылған сәттен бастап авторлар онда әртүрлі бағыт бойынша 162 курс жариялады, оның 107-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.
Ең танымал курстар – «Сүтті ірі қара өсіру», «Управление персоналом», «Выращивание клубники от А до Я», «Кассир» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».
Бұдан бұрын хабарлағандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.
Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.
Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.
Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.
Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көре алады.