Жаңалықтар

Баланы балабақшаға қалай бейімдейміз?

Балабақшаларға орталықтандырылған бірыңғай кезек енгізіледі

Қазіргі уақытта көпшілік ата-ананы «бала міндетті түрде балабақшаға бару керек пе қалай бейімдеу керек?» деген сұрақ толғандырады.

Біз балабақшаға қатысты үш түрлі ойдағы ата-аналарды қарастырып көрдік.

Бірінші топтағы ана-аналар жұмысбастылығына байланысты баланы балабақшаға береді. Екінші топтағы ана-аналар, бала өзімен қатар дос тауып, мектепалды білім алса екен деп ойлайды. Ал, үшінші топтағы ана-аналар, балабақшаға мүлдем қарсы.

Балабақшаның маңызы бүкіл әлемде мойындалған. Бала ұжыммен бірге өсетін болса, қоғамға жеңіл бейімделеді. Алғашқы балабақша Шотландияда XIX ғасырдың басында ашылған.

АҚШ-та сәбилер балабақшаға 1,5 айдан, ал Оңтүстік Корея, Жапония, Нидерланды, Израильде 3 айдан бастап қабылданады. Германия мен Швецияда балалар 1 жастан бастап балабақшаға барады. Францияда балалардың үш жастан бастап мектепке дейінгі мекемелерге міндетті түрде баруы заңды түрде бекітілген.

2 -3 жастағы балалардың балабақшаға бейімделуі күрделі құбылыс. Бейімделу уақытында баланың эмоциялық жағдайы көп өзгеріске түседі.

Сондықтан, әр ана-ананың білуі қажет кеңестерді ұсынамыз:

—   Баламен жағымды эмоционалдық жағдайлар жасау қажет. Ата-ана жағынан балаға балабақшаның жақсы екенін, достардың көп болатыны жайлы мәлімет беру қажет. Балаңыздың көзінше балабақша туралы өзіңізді толғандыратын мәселені айтудан аулақ болыңыз.

—   Үйдегі жағдайда баланың өзіне-өзі қызмет етудің алғы шарттарына үйрете беріңіз: жуыну, қолын сүрту, шешіну,  өз бетімен тамақтану, тамақ ішкенде қасықты пайдалану, горшокқа сұрану.

—   Баланың «әлеуметтік көкжиегін» кеңейтіңіз, ауладағы өзімен құрдас балалармен көбірек ойнатыңыз, достарына қонаққа барсын. Осындай тәжірибе жинақтаған бала өз құрдастары мен үлкендер арасында тез үйренісіп, тіл табысатын болады.

—   Бірінші күні балабақшаға аз ғана уақытқа келген дұрыс, тәрбиешімен танысып, балаңызға жаңа достар табуға көмектесіңіз. Сондай–ақ, балаңыздың сүйікті ойыншығын балабақшаға беріп жібергеніңіз абзал.

—   Кейбір балалар үшін аптаның ортасында жүйкесін тоздырмас үшін «демалыс» алуға болады.

—   Бейімделу мерзімінде үйде демалыс кезінде баламен көп шұғылдануды қажет етеді. Серуен жасау, күн режимін сақтау, эмоциялық жүктемесін түсіру қажет.

—   Бала балабақшаға ауырмай келуі қажет. Тұмаудан сақтану үшін түрлі витаминдер ішу керек. Бала балабақшаға барған және қайтқан кезде жеке гигиенасын қатаң түрде сақтау қажет. Егер бала ауырып тұрса, оны балабақшаға апармаған абзал.

Жекеменшік және мемлекеттік балабақшаның айырмашылығы қандай?

Жекеменшік балабақшалардың мемлекеттіктен ең бірінші айырмашылығы – бағасында. Жекеменшік балабақшаларда баға әрқалай. Екіншіден, жекеменшік балабақшада бала саны мемлекеттікке қарағанда әлдеқайда аз. Жекеменшік балабақшада жүзу, қосымша тілдерді үйрететін үйірме сабақтары болады. Бірақ, бұл қосымша үйірмелерге де қомақты қаражат төлеу қажет.

Баланы балабақша кезегіне қалай қоюға болады?

Қалаларда кезек баяу қозғалады және тек бірнеше жылдан кейін, шамамен бала мектепке бару керек кезге дейін пайда болады. Сондықтан баланы туғаннан кейін бірден балабақшаға кезекке қойған дұрыс болады.

Кезекке қою жолдары:

  • «электрондық үкіметтің» порталындағы онлайн қызметі арқылы;
  • «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ға қажетті құжаттармен бару;

Баланы балабақша кезегіне қою өтінішінде сіз баланың ЖСН-ін көрсетіп, қалаған балабақшаны белгілеп, ЭЦҚ-мен қол қоюыңыз керек. Кезек келгенде сіз таңдаған балабақшаға жолдама бар хабарлама аласыз.

Әкімдік сервистері де осындай принциппен жұмыс істейді.

Егер сіз «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ арқылы жүгінуге шешім қабылдасаңыз, онда сізде төмендегі құжаттар болуы тиіс:

  • баланың туу туралы куәлігі;
  • ата-анасының біреуінің жеке куәлігі;
  • ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы (бар болса);
  • фтизиатрдың қорытындысы;
  • мектепке дейінгі ұйымда басым орын алу құқығын растайтын құжаттар.

Балабақша кезегін қалай бақылауға болады?

Баланың балабақша кезегін онлайн режимінде бақылауға болады:

  • «электрондық үкіметтің» порталындағы онлайн қызметі арқылы;
  • Telegram боты арқылы;

Елімізде биыл балалар жылы болғандықтан, балабақшаларға қатысты көптеген өзгерістер енгізіліп жатыр.

Балабақшаларға орталықтандырылған бірыңғай кезек енгізіледі. Ал, білім саласындағы ең қажетті қызметтер толығымен eGov пен ірі банктардың  мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда балабақша кезегі цифрлы форматқа көшірілді. Десек те әлі де үлкен мәселе бар, кезекке қою бойынша облыстарда 44 ақпараттық жүйе пайдаланылады, бірізділік жоқ, тәуекелдер бар. Осы мәселені шешу мақсатында орталықтандырылған балабақшаларға бірыңғай кезек енгізіледі. Бұл балабақшалардағы кезекке тұруды, берілген жолдамаларды бақылауға, орындарды бөлу кезінде тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді»,- деді министр.