Жаңалықтар

Елімізде ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7%-ға көтерілді

Қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады

2022 жылдың қазан айында айлық инфляция мөлшері 1,6% құрады. 2022 жылдың қыркүйегімен салыстырғанда қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер әрқайсысы 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 1,4%-ға қымбаттады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде жуу және тазалау құралдарының бағасы ең көп көтерілді – 5%-ға, киім мен аяқ киім, жеке тауарлар, тұрмыстық тауарлар 2,1%-ға, ыдыс-аяқ 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7%-ға қымбаттады. Тас көмір бағасы 2,1%-ға, отын 1,7%-ға өсті.

Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7%-ға көтерілді. Оның ішінде қонақ үй қызметтері 6%-ға, кешенді демалыс ұйым қызметтері 4%-ға, демалыс және спорт саласындағы іс-шаралар қызметі 3,3%-ға, монша қызметі 3%-ға, балаларды дамыту орталықтарының қызметтері 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады.

Азық-түлік тауарларының бағасы 2022 жылғы қазанда 1,4%-ға өсті. Оның ішінде қызанақ – 21%, қияр – 14,7%, жұмыртқа – 6,3%, балық және теңіз өнімдері – 2,3%, тоқаш және ұн өнімдері – 2,2%, салқындатылған сусындар – 1,9%, ірімшік және сүзбе 1,8%-ға қымбаттады. Керісінше сәбіз бағасы 5,6%-ға, қызылша – 5,5%, пияз – 5,1%, картоп – 3,5%, қырыққабат – 2,6%, құмшекер 2,3%-ға арзандады.

2022 жылғы қаңтардан бастап, тұтыну бағаларының индексін есептегенде азық–түлік тауарларының үлесі – 40,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 30,2%, ақылы қызметтер 29,1% құрады.