Инвестиция

Қазақстан мен Иран арасындағы экономикалық байланыс қалай жанданбақ?

Қазақстан Иран портында терминал құрылысын бастайды

Қазақстан Иранды серіктес тұтады. Географиялық тұрғыда бізден аса алшақ жатқан жоқ. Барыс-келіс қол жетпестей жерде емес. Оның үстіне біздің экономикалық тағдырымызды ортақ етіп тұрған Каспий теңізі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын территорияларына Каспий теңізі кірігіп жатқан бес ел басшыларының Ақтауда жиналғанын да білеміз. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иранға арнайы сапарлап, бірқатар келісімге қол жеткізді. Әрине, келісімнің көбі меморандум күйінде жасалды. Өйткені Иран батыс санкцияларынан әлі толық айыққан жоқ. Дегенмен сол меморандумның көбі жүзеге асары шүбәсіз. Өйткені Қазақстанмен сауда қатынасын өрістетуге Иранның өзі де мүдделі.

Сол кезде жасалған көп келісімнің бірі және бірегейі – астық экспорттау жайы. Бұдан былай Қазақстан Иранға 1 млн тонна астық жеткізуді қолға алады.

Одан бөлек, Қазақстан Иранға:

  • Бидай;
  • Арпа;
  • Жүгері;
  • Май өнімдерін;
  • Өсімдік майын;
  • Кондитерлік өнімдерін;
  • Қой мен сиыр етін;
  • Ет өнімдерін экспорттауға ниет танытып отыр.

Иран өз кезегінде біздің елге:

  • Картоп;
  • Пияз;
  • Сәбіз;
  • Қияр;
  • Алма;
  • Алмұрт;
  • Айву;
  • Финики;
  • Інжір;
  • Ананас;
  • Сүт өнімдерін тасымалдауды жоспарлауда.

Кейін бұл мәселе Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Иранның бірінші вице-президенті Мұхаммад Мохбер арасындағы кездесу кезінде де (Мәскеуде өткен Каспий экономикалық форумында) пысықтала түсті. Онда Смайылов әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселесіне баса көңіл бөлетінін айтқан еді. Премьердің сөзінше, өзара тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізетіндей әлеует екі елде де бар.

«Транзиттік мүмкіндіктер кеңеюі үшін Қазақстан және Иран порттарында жаңа терминалдар құрылысына бірлескен инвестиция мәселесін шешуге шақырамыз. Теміржол тарифтерін біріздендірумен бірге бұл Орталық Азиядан Иран бағытында жүктердің транзитін арттырады», деген еді Үкімет басшысы.

Осы уағда шындыққа айнала бастағандай. Қазақстандық терминал құрылысы үшін Бандар-Аббас портынан жер учаскелері берілмек. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған делегацияның Иранға жасаған сапары аясында белгілі болды.

Бандар-Аббас порты – өңірдегі қуаттылығы жылына 135 млн тонна болатын ең ірі ауыстырып тиеу хабтарының бірі, мұнда жүк темір жол, авто, теңіз көлік түрлерінен жүргізіледі. Порттың негізгі ауыстырып тиеу қондырғылары мен сақтау терминалын аралап көргеннен кейін қазақстандық бизнес өкілдері Парсы шығанағы жағалауында өздерінің ауыстырып тиеу қондырғыларын құруға қызығушылық білдірді. Өз кезегінде Иран тарапы Бандар-Аббас портында құрғақ терминал салу үшін 15 гектар жерді резервке алуға келісті. Бұл мәселені нақтылап анықтау үшін Шахид Раджай портының әкімшілігі (Бандар-Аббас) мен қазақстандық бизнес өкілдері арасында бірлескен жұмыс тобы құрылады.

Саясаттанушы Асхат Қасенғалидің айтуынша, бұл біз үшін өте жақсы мүмкіндік.

«Бұл терминалға табиғи ресурстан бөлек ауыл шаруашылық өнімдерін апарамыз деп ойлаймын. Астық, бидай, сұлы, ет-сүт өнімдері және т.б. Порт хаб болғандықтан өнімді ары өзге елге жөнелтетіні белгілі. Картаны ашып қарасақ, осы порт арқылы біраз елге өнім жеткізуге болатынын көреміз. Сауд Арабиясы мен БАӘ сынды бай елдерге және Пәкістан мен Үндістан сынды халқы жүздеген млн, млрд болатын аймақтық державаларға өнім жеткізуге болады.

Бұл порттағы терминалға өнімді екі жолмен жеткізуге болады. Бірінші жолы Каспий арқылы Иранға жеткізіп, артынша теміржолмен Бендер-Аббасқа апару. Екінші жолы Қазақстан – Түркіменстан – Иран теміржолын қолдану. Соңғы нұсқа көбірек қолданылады деп ойлаймын», дейді сарапшы.  

Сонымен қатар екі ел тауарлардың жүк айналымын жылына 1 ден 4 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы меморандумға қол қойған.

«Қазақстан бидай мен арпаны, кондитерлік және ұн өнімдерін, ет, өсімдік майларын және басқа да өнімдерді экспорттауға дайын. Біз Иранмен агроөнеркәсіптік өнімдердің өзара сауда көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға және Қазақстан үшін Пәкістан, Үндістан, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Африка сынды жаңа нарықтарға шығуға қызығушылық танытудамыз. Ирандық әріптестердің саладағы тәжірибесі біздің бизнес үшін өте пайдалы болары сөзсіз», дейді Серік Жұманғарин.

Алдағы уақытта тараптар мына мәселелерді пысықтайды:

  • Жүк көлігінің жүргізушілері, халықаралық тасымалдарға қатысушылар үшін арнайы визалық режим құру. Бизнес өкілдері үшін осындай визалық жеңілдіктер алу мүмкіндігін қосымша қарастыру;
  • Бірыңғай тарифті, бірыңғай көлік құжатын және бірыңғай ақпараттық жүйені енгізуді қоса алғанда, екі елдің кедендік ресімдеу процестерін оңтайландыру;
  • «Қырғызстан – Қазақстан – Ресей» үлгісі бойынша навигациялық пломбаларды пайдалана отырып, «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» бағыты бойынша жүктерді автокөлікпен тасымалдау бойынша пилоттық жобаны іске қосу.

2005 жылдан бері Иран Қазақстан экономикасына 159 млн доллар тікелей инвестиция жасаған (негізінен ауыл шаруашылығы саласына және өнеркәсіп секторына). Иран бизнесмендері қазір 4 жобаны пайдалануға берсе, құны 122,6 млн доллар болатын тағы 9 жоба өңдеу және жүзеге асыру кезеңінде жүріп жатыр.

Биыл алғашқы алты айдың өзінде ирандық кәсіпкерлер біздің елдің экономикасына 16,5 млн доллар инвестиция салыпты. Бұл былтырдың алты айымен салыстырғанда 4,5 есе көп.

Иран – үлкен нарық (халық саны – 84 миллион). 2014 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының құны 987 млн доллар болып, миллиардтық межеге жақындаған еді. Алайда одан кейінгі түрлі дағдарыс, халықаралық санкциялар мен пандемия салдарынан Иран экономикасы аса ауыр рецессияға ұшыраған еді. Ал былтыр елдер арасындағы тауар айналымы 440 млн долларды құрады. Енді соны қайта жаңғырту, жандандыру біз үшін аса қажет.