Ұлттық Банк пен Халықаралық төлем жүйелері Банкаралық комиссияларды төмендету жөніндегі келісімге қол қойды
Қазақстан Ұлттық Банкі мен Visa, Mastercard және UnionPay төлем карталарының халықаралық жүйелері төлем карталарын (интерчейндж мөлшерлемелерін) пайдалана отырып, қолма-қол ақшасыз төлемдер бойынша банкаралық ішкі ұлттық комиссия мөлшерлемелерінің шекті мөлшерін төмендету бойынша бірлескен шаралар қабылдау мәселелері жөніндегі келісімге қол қойды.
Анықтама үшін: интерчейндж дегеніміз – сауда-сервистік кәсіпорындарға қызмет көрсететін эквайер-банктер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдау кезінде төлем картасының эмитент-банкке төленетін эквайрингтік комиссияның бір бөлігі.
Келісімнің талаптарына сәйкес, Қазақстанда жұмыс істейтін Төлем карталарының халықаралық жүйелері интерчейндж мөлшерлемелерін бірден 2 есе төмендетуге міндеттеледі.
Шекті мөлшерлемелер төмендеген кезде кезең-кезеңімен төмендету тәсілі қолданылады. Бірінші кезең 2024 жылы 1 қаңтарда, ал екінші кезең – 2025 жылы 1 қаңтарда басталады:
- жаппай сегментте (Classic, Gold және басқалары) бірінші кезеңде шекті мөлшерлемелер қазіргі мөлшерлемеден (1,80%-2,0%-дан) 1,50%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,0%-ға дейін төмендейді;
- премиум сегментте (Platinum, World және басқалары) бірінші кезеңде қазіргі мөлшерлемелерден (шамамен 2,40%-дан) 1,80%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,20%-ға дейін төмендету көзделеді;
- супер премиум сегментте (Infinite, World elite, Diamond және басқалары) бірінші кезеңде мөлшерлемелер қазіргі мөлшерлемеден (шамамен 2,45%-дан) 2,0%-ға дейін, екінші кезеңде – 1,40%-ға дейін төмендейді.
Қолма-қол ақшасыз карталық төлемдер бойынша банкаралық комиссиялардың төмендеуі төлем индустриясының одан әрі дамуына оң ықпал етеді және банк комиссияларын төлеуге бизнес субъектілерінің шығындарын қысқартады. Бұл тәсіл қолма-қол ақшасыз төлемдерді одан әрі дамытып, «көлеңкелі экономиканың» азаюына оң әсерін тигізеді.