Дайын бизнестің құнын қалай анықтауға болады?
Жүріп тұрған бизнес сатылады» деген сыңайдағы хабарландыруды сайттардан жиі көруге болады. Кәсіпті сатқанда нені ескеру керек? Бизнестің құнын қалай шығарады? Кәсіпкерлердің көбіне өз бизнесінің бағасын сатарда ғана есептей бастайды. Бүгінгі материалымызда есептеу әдісі, дұрыс баға бекіту жолдары жайлы айтамыз.
Жеке кәсіпкерлікті сату
Бизнесті бүкіл нәрсені алдын-ала жоспарлап барып жасау керек. Соның ішінде, сату мәселесінде. Бүгін аяқ-асты сату туралы шешімге келіп, ертең сатып жіберу деген нағыз кәсіпкерге тән емес. Өйткені оған үлкен дайындық керек. Кейде тіпті бір жыл бұрын реттеуге кіріскен жөн болады. Ең алдымен, мынаны үғып алыңыз: жеке кәсіпкерлікті яки ИП-ны сату мүмкін емес. Сол секілді сатып ала да алмайсыз. Бұл — белгілі бір жеке тұлғаның меншігіндегі статус. Бұл жерде активтерді сату туралы айтып отырғанымызды түсінуіңіз керек. Активтерге мыналар жатады:
- Жылжымайтын мүлік;
- Қалдық тауарлар;
- Әлеуметтік желідегі парақшалар;
- Ұйымның мүлкі (принтер, сканер, қағаз, компьютерлік жабдық және т.б);
- Басқа да заттар.
Бағалаған кезде компания активтерін ғана емес, қанша табыс әкелуі мүмкін екенін де ескеруге болады. Оны есептеу үшін тоқсандық немесе жылдық кейінгі көрсеткіштерді алып, бизнесті қанша уақыт жүргізуді жоспарлап отырса, шамамен сонша мерзімге көбейту керек. Бірақ ондағы цифрларға сеніңкіремеуі мүмкін. Себебі дәл сонша кіріс кіретініне ешқандай кепілдік бере алмайсыз. Осы ретте бір кеңес: егер кәсіпкер бизнесін сатқысы келсе, заңды тұлға ретінде тіркеп, қаржылық есепті дұрыстап жүргізген жөн.
ЖШС сатқан кезде
Заңды тұлға ретінде тіркелген ұйымды сатқан кезде есептеу әдісі әлдеқайда көбірек. Ең алдымен заңды тұлғаның ескеруі керек дүние: есептің мінсіз, тәптіштеліп жасалуы. Барынша ашық есеп жүргізілген сайын, қойған бағасының ойға қонымды екенін дәлелдеу оңайырақ болады. Сонымен қатар, дұрыс бекітілген прайс-тізім сатып алу ойы бар инвесторға кәсіпорынның қаншалықты табысты жұмыс істейтінін көрсетіп тұрады. Ендеше, баға белгілеудің түрлеріне тоқталайық.
- Сатып аларда не сатарда нарықтағы бағасын шығару керек болады;
- Ұйымыңызға қосымша қаражат тарту үшін инвестициялық тәсілді пайдаланасыз;
- Қазір қолда бар активтерді бағалау үшін ағымдағы есептеу тәсілі қолданылады;
- Кәсіпорынды аяқ-асты жабу керек болғанда ликвидация әдісін пайдаланады. Бұлардың әрқайсысына арналған өз көрсеткіштері бар.
Баға бекіту туралы
Алдымен, нарықтық құнына тоқталайық. Мұнда нақты бір саладағы фирманың бағасы көрсетіледі. Бұл көрсеткіштің арқасында сататын кезде бұл бизнес түрін кімдерге ұсынуға болатынын, болмаса кіммен қосылуға болатынын түсіне аламыз. Ірі көлемдегі қарыз алатын кезде нарықтық баға компанияның кепілдік ретінде қоюға мүмкіндік береді. Бұл соманы шығару үшін қаржы түсетін бүкіл табыс көзіне талдау жасып, мүліктің құны қанша шығатынын есептеу керек.
Инвестициялық құн компанияның нақты бағасын өсіруге көмектеседі. Дегенмен кәсіпорынның қаншалықты тартымды болғанына байланысты сомасы өзгеруі мүмкін. Кейде арзандауы ғажап емес. Мысалы, «Арзан маржан» ЖШС тауарлар ассортименті кеңейткісі келді делік. Ол үшін компания инвестор іздейді. Сөйтіп олар қосымша қаржыландыру көзін тарту арқылы үш жылда түсімді 75 пайызға арттыруға болатынын есептеп шығарған. Кәсіпорын құны осы көрсеткіш өскен сайын артады.
Ағымдағы немесе қалыпқа түскен баға деп кәсіпорын ашылған күннен бастап оның дамуына, кеңеюіне құйылған шығынның барлығы есептелген құнын айтады. Мұның ішінде барлық актив те кіреді. «Арзан маржанның» нарықта пайда болғанына он жыл болды делік. Бұл — әжептәуір уақыт. Көрші объектіде жақында өрт шықты. Сөйтіп компания сақтандыру жасату керегін түсінді. Ал ол үшін ағымдағы құнын шығару керек. Әу басында компания құрылып жатқан кезде оның жабдықтарының құны 5 миллион теңге болған. Арада өткен уақыт ішінде олар 50 пайызға арзандады. Фирма жұмысын жеке цехте істейді. Оның бағасы 3 миллион теңге болған, қазір 2,5 миллион теңге болып қалды. Компания 10 миллион теңгеге бағаланғанымен, осы жылдар ішінде құны бұдан арзандап кетті. Арада өткен он жылда жабдық, мүлік пен ұйым құны түсті. Ал жаңа цифрлар фирманың қазіргі бағасын көрсетеді.
Ликвидациялық құны ұйымды аяқ-асты дереу сату керек болған кезде анықталады. Оның ішінде сатуға кететін шығын ескерілмейді. Кәсіпорын құнынан мыналарды алып тастаймыз:
- Қарыз бар болса, соның барлығының сомасын;
- Брокердің келісім үшін алатын комиссиясын;
- Қызметкерлерге беретін төлемдер;
- Сатуға кететін шығындар.
Егер компания құны — 10 миллион теңге, шығындары 2 миллион теңге болса, демек оның бағасы 8 миллион теңге болады.
Бизнес құнын қалай бағалауға болады?
Бизнестің құнын шығару үшін фирма қожайыны брокерден көмек сұрауына болады. Болмаса, өзі есептей алады. Егер есепке жүйрік болса, онда құнын шығару қиынға соқпайды. Негізі компания құнын есептеу тәсілі әртүрлі. Дегенмен көбіне мынадай үш түрі қолданылады:
Табысты әдіс. Бұл тәсілде компанияның алдағы уақытқа қатысты болжамы есепке алынады. Көбіне дамушы кәсіпорынға сәйкес келеді. Ол үшін кейінгі жылдағы таза табысты алдағы жоспарларға көбейтеді. Айталық, «Арзан маржан» ЖШС-ның кейінгі жылдағы таза табысы 5 миллион теңге болсын. Үш жылда алдағы жоспарлар бойынша 15 миллионға жетуі керек. Дегенмен осы уақыт ішінде табыс бір орнында тұрмайды. Өзгереді. Соны ескеру қажет. Кейінгі кездері жыл сайынғы табыс шамамен 10 пайызға артып отырды. Компания осы қарқын сақталады деп ойлайды. Яғни соған сәйкес, 15 миллион теңгені 1,1-ге көбейтеміз. Сонда бізде 16,5 миллион теңге шығады. Аталған әдіс бойынша есептелетін сома осылай шығады.
Шығындарды есептейтін әдіс. Бұл тәсіл арқылы бизнесті дәл қазір дөңгелетіп әкету үшін қажет сома есептеледі. Қоғамдық тамақтану саласында жұмыс істейтін компания болса, оған жабдықтардың қанша тұратынын, ғимаратты жалға алу құны қанша екенін, шығыс материалдардың бағасы, ыдыс және т.б есептеу қажет болады. Мысалы шағын асхана ашу үшін керек-жарақтың тізімін жасап көрелік.
Салыстырмалы әдіс. Мұны қолдану үшін сізге өзіңіздің кәсіпке ұқсайтын ұйым табу керек. Сіздің қалаңызда, сол салада, сіздікіне ұқсас қызметтер ұсынатын компанияларды іздейсіз. Сондай-ақ, нақты бір нишасы болуы қажет: егер кафе болса, мәзірі шамалас болсын. Айталық, сіз бургер сататын фаст-фуд желісінің иесі болсаңыз, онда мәзірінде шығыс тағамдары бар кафемен салыстыра алмайсыз. Яғни сала мен қала бір дегеннен бөлек, ниша ұқсас болуы шарт. Негізі сіздікіне ұқсас бизнесті табу үшін интернеттен іздеп, дайын бизнесін сатуға қойғандардыкін қарап шығуға болады. Әрине, дәл сізге керегін сол күйі табыла қоймауы мүмкін. Егер ұқсас компаниялар қаржы есебін ашық жүргізіп, оны табу оңай болса, фирма құнын таза табысқа бөлу арқылы құнын анықтауға болады. Мұндай ақпарат ұсынатын сервис аз емес. Ізденсеңіз, табасыз. Бағалау үшін алдымен кестеге салып шығу керек. Оның ішінде бәсекелес фирмалардың құны, олардың таза табысы мен таза табысқа бөлгендегі нәтижесі жазылады. Сонда шыққан санды мультипликатор деп атаймыз. Одан соң орташа көрсеткіш есептеледі.
Мұнда шыққан сома қазіргі бағамен толық сәйкес келеді деп айтуға болмайды. Өйткені өзгеріп тұрады. Мысалы сіз бизнесіңізді сататын болдыңыз. Ал сатып алатын адамдар дайын, бірақ қымбат емес бизнес алғысы келеді. Сіздің ұсынысыңыз болса, одан сомасы көбірек. Сатып алушыларға бизнестің қанша шығыны бар екенін білу қызық. Осы ретте сататын кәсіпкер түрлі аргумент келтіріп, ұйымның бағасын неге осылай қойғанын түсіндіруі керек болады.