Алматыда қылмыстық топ 6 сәбиді сатып үлгерген
Алматыда бала саудасымен айналысып, жалған куәлік жасады деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Бұл туралы ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.
«Биылғы тамыз айында Алматы қаласында полиция қызметкерлері заңсыз бала асырап алу мақсатында жаңа туған балаларды сату фактілерін анықтаған еді. Өткізілген шара барысында бір топ адам, оның ішінде аудандық АХАТ қызметкерінің алдын ала уағдаласу бойынша жаңа туған баласынан бас тартқысы келетін жүкті әйелдер мен баласыз отбасыларды іздеумен, балалардың туу туралы жалған куәліктерін дайындаумен айналысқаны анықталды», – деді департамент басшысы ҚР ІІМ ұйымдастырған апталық брифингте.
Спикердің айтуынша, арадағы мәміле сомасы 1-2 млн теңге аралығында болған, құжаттарды қолдан жасау мен анықтама беру 700 мың теңгеге бағаланған.
«Қазіргі уақытта бұл адамдардың 6 сәбиді саудалағаны анықталды. Мұндай «сатушылар» мен «сатып алушылар» Қазақстанның түрлі қалаларында тұрған. Аталған факті бойынша кәмелетке толмағандар саудасы бабында сотқа дейінгі тергеу басталды. Бес күдікті ұсталып, барлығы қамауға алынды», – деді Қ. Нұрмағамбетов.