Мемлекеттік мекемелер әлдебір тауар не қызметті оп-оңай сатып ала алмайды. Мектеп салу керек болсын, қалам-қағаз алу керек болсын — кез келген жағдайда олар мемлекеттік сатып алу құжаттарын әзірлеп барып алады. Яғни мердігермен келісімшарт жасай салып, болмаса интернет-дүкеннен тапсырыс бере салуына болмайды. Бүгінгі материалда мемлекеттік тапсырыстың минустары мен плюстері туралы айтамыз.
Мемлекеттік сатып алу принциптері
Мемлекеттік тапсырысты кімнің орындайтынын анықтау үшін арнайы байқау ұйымдастырылады. Айталық, балабақша салу керек. Ал ол үшін алдымен құрылыс материалдарын алудан бастайды. Мердігер тауып, қажет жабдық пен жиһаздарды, қызмет түрлерін — бәрін алу үшін мемлекеттік сатып алуға байқау жарияланады. Мемлекеттік сатып алуды іске асырудың принциптері мынадай:
- Мемлекеттік сатып алуға жаратылатын ақша тиімді жұмсалуы керек;
- Заңда басқаша қарастырылған болмаса, басқа кездің бәрінде мемлекеттік сатып алу процедурасына қатысуға барлығына тең мүмкіндік беру;
- Әлеуетті жеткізушілер арасында дұрыс бәсекеге болуы;
- Мемлекеттік сатып алу процесінің толықтай ашық болуы;
- ҚР ратификацияланған халықаралық келісімшарттарға қайшы келмеген жағдайда отандық жеткізушілерге лайықты жұмыс беру, отандық тауар өндірушілерді қолдау;
- Мемлекеттік сатып алу қатысушылары жауапкершілігінің жоғары болуы;
- Жемқорлыққа жол бермеу;
- Инновациялық, жоғарытехнологиялық тауарлар, жұмыстар мен қызметтер алу;
- Сатып алатын тауарлардағы интеллектуал меншіктің құқығы сақталуы керек.
Процесс қалай жүреді?
Алдымен жылдық жоспар жасалып, бекітіледі. Одан соң жеткізуші таңдап алынады да, онымен мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт жасалады. Одан соң келісімшартта көрсетілгеннің бәрі орындалуы керек. Мемлекеттік сатып алу мынадай тәсілдердің бірі арқылы іске асырылады:
- Конкурс. (Ашық конкурс, алдын-ала квалификациялық іріктеу өткізілетін конкурс, екі кезеңнен тұратын процедурасы бар конкурс);
- Аукциондар;
- Баға ұсыныстарының сұрату;
- Бір көзден;
- Тауар биржалары арқылы.
Тапсырыс беру мемлекеттік сатып алудың қай түрін қолданатынын заңға сәйкес таңдайды. Мемлекеттік сатып алу арнайы уеб-порталда жүргізіледі. Тапсырыс беруші тауарлардың жылдық көлемі, қызмет пен жұмыс түріне қарай мемлекеттік сатып алуды іске асыру қалпын таңдай алады. Ол туралы толығырақ кейінірек тоқталамыз.
Жоғарыда сатып алу тәсілдері туралы айттық. Оларды бәсекелі және бәсекелі емес деп екіге бөлуге болады. Бәсекелі түрінде қатысушылар жеткізуші болу құқығын алуға таласады. Сатып алу типіне қарай кімнің орындайтыны белгілі болады.
Аукцион. Мұндағы басты критерий — ең арзан баға болуы. Сатып алудың бұл түрі көбіне тауар алуға қолданылады. Тапсырыс беруші уеб-порталға тапсырысты орналастырады. Оның ішінде талап-шарттар, мерзімдер мен бастапқы баға болады. Ал кандидаттар өз бағасын, ұсынысын жолдайды. Белгіленген уақытта аукцион өтеді. Ол жерде қатысушылар саудаласып, бағасын түсіреді. Соңында ең арзан бағаға орындауға келіскен адам жеңімпаз болады.
Конкурс. Байқау кезінде тапсырыс беруші кандидаттың ұсынған бағасына ғана емес, беделіне, кейстеріне, техникалық әзірлігіне де қарайды. Конкурс аясында саудаласпайды. Қатысушылар бір рет өзі ұсынған бағасы мен ұсынысын жібереді. Ақыр аяғында кімнің шарты ұтымды болса, сол ұтады.
Баға сұрату. Мұндайда келісімшарттың максимал құны бекітіледі. Мысалы, 3 миллион теңгеден көп болмауы керек дегендей. Қатысушылар арасында сауда болмайды. Соңғы әрі нақты бағасы көрсетілген ұсынысты жолдайды. Тапсырыс беруші ең төменгі бағаны алады.
Ұсыныстарды сұрату. Мұндай кезде тапсырыс берушінің талаптарына ең ұтымды келетін ұсыныс жеңеді.
Мемлекеттік сатып алу әділ өтуі үшін қатысушылардың түрі жасырылады. Яғни аукцион өтіп жатқан кезде тек баға көрініп тұрады. Кімнің ұсынысын таңдап жатқаны белгісіз болады.
Бәсекелі емес түрі де бар дегенбіз. Ол дегеніміз — жалғыз жеткізушімен, орындаушымен немесе мердігермен келісімшарт жасасатын түрі. Сондай-ақ, аталған қызмет түрін бір ғана компания атқара алатын болса да бәсекелі емес сатып алу ұйымдастырылады. Айталық, тапсырыс берушіге су немесе жылу жүргізу керек болған кезде.
Кім қатыса алады?
Кез келген адам жеткізуші бола алады: жеке тұлға, өзін-өзі жұмыспен қамтитын адам, жеке кәсіпкер, коммерциялық компания, бюджеттік ұйымдар. Бірақ бұл жерде бір ньюанс бар. Жеке тұлға тауар жеткізе алмайды. Бірақ ол қызметтер ұсынса болады. Тапсырыс берушлер кейде өтінім берушілер ауқымын шектейді.
- Ұлттық режим бекітеді. Мұндай жағдайда отандық тауар жеткізушілері ғана өтінім бере алады;
- Отандық тауарлар. Мұндайда байқау тек шағын және орта кәсіп иелерінің арасында өтеді;
- Жеткізушілерден лицензия, рұқсатнама, қызметкерлердің квалификациясын растауын сұрайды;
- Жабық мемлекеттік сатып алу жасалады. Яғни мемлекеттік құпияға қатысы бар тапсырыстар осылай өтеді. Мәселен, әскерге керек тауарлар мен қызметтер. Бұл кезде тендерге тек тапсырыс беруші шақырғандар ғана қатыса алады.
Мемлекеттік сатып алудың артықшылықтары
Мемлекеттік сатып алуға қатысу арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге ісін дамыту үшін көп ақшаның керегі жоқ. Мұндай бизнес иелеріне кеңсе керек емес. Әрі заманауи сайт жасатып, БАҚ-қа жарнама беріп отырмайды. Бар болғаны кәсібін ресми түрде тіркеп, тауар өндіре алса, керекті қызметті іске асыра білсе, талап етілген жұмысты атқара алса болғаны. Әрине, тендер ұтып алуы керек деген шарт — ең маңыздысы. Яғни мемлекеттен тиімді келісімшарт алуы керек.
- Ірі мемлекеттік тапсырыс берушілермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік мекемелер жеткізушілермен тауарды тікелей сатып ала алмайды. Орындаушылармен де олай келіспейді. Ондай келісімшарттарды ұтып алу үшін мемлекеттік сатып алуға қатысу керек;
- Келесі артықшылығы — таңдауда. Кәсіпкер өзі жұмыс істегесі келген тапсырыс берушіні таңдайды. Яғни қай шарттың бағасы қолайлы болса, соған қатысады;
- Мәміледе барлығы анық жазылады: яғни бәрі алдын-ала бекітілген. Сіз оны оқып, танысып, ұнаса қатысасыз. Бәрі сол жерде көрсетілген әрі қол қойылған соң өзгертілмейді;
- Сауда процедурасы түсінікті;
- Төлеміне кепіл беріледі. Яғни мәміледегі шарттар орындалған соң бизнес келісімшартқа сәйкес ақысын алады.
Қандай минустары бар?
- Тендер ұтып алу керек. Ұтпасаңыз, алмайсыз деген сөз;
- Өз мүмкіндігіңізді дұрыс бағамдай алмай қалуыңыз мүмкін. Яғни ұту үшін өте арзан баға ұсынып, ақыры өзіңіз шығынға батып қалуыңыз ғажап емес. Сондықтан тендерге қатысарда он ойланып барып ұсыныс жасау керек; Тапсырыс берушіге бәрібір: ол ұсынды, сіз қабыл алдыңыз. «Төмен ұсынып қойыппын, бұл маған тиімсіз екен» деген сылтау айта алмайсыз;
- Бұл жерде бәсеке өте жоғары. Осыны міндетті түрде ескеру керек. Алдыңғыда айтқанымыздай, шығынға батуыңыз мүмкін болса, қатысудың керегі жоқ. Ол сізге артық жұмыс болады;
- Келісімшарт бойынша жұмысты атқару үшін сізге өз ақшаңыз болғаны жөн. Өйткені көбіне мемлекеттік сатып алу нарығында пост төлем жүйесі бар. Яғни алдымен сіз тапсырысты орындайсыз. Содан кейін барып, соңында ақысын аласыз. Атқарылған жұмысты көрген соң ғана төлем жасалады. Аванс беру мемлекеттік тапсырыста өте сирек кездеседі;
- Заңды өте жақсы білуіңіз керек. Ережелерді бұзатын болсаңыз, қара тізімге кетіп қалуыңыз мүмкін. Бұл болса, болашағыңызға балта шабады.
Кімдер тапсырыс беруші болады?
Мемлекеттік сатып алу нарығында ірі тапсырыс берушілер болады. Олардың қатарында мыналар бар:
- Мемлекеттік органдар;
- Қазыналық мекемелер;
- Бюджет ұйымдары;
- Ірі корпорациялар.
Тапсырыс берушінің мүйізі қарағайдай болғандықтан, олардың контрактілері де көлемді болатыны белгілі. Яғни сізден 100 дана самса немесе 20 қаптама А4 қағаз алмайды. Көлем әлдеқайда үлкен. Әрі ондай мәмілелердің географиялық ауқымы да кең. Мысалы, мектеп, балабақша, мәдениет үй, емхана деген қай жерге де керек. Демек, әр кәсіпкер өзіне қолайлы тендер таба алады деген сөз.
Мемлекеттік тапсырыстың түр-түрі болады:
- Жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстары;
- Клининг немесе жарнама қызметтерін ұсыну;
- Жүк тасымалы;
- Үй, лифтілер, газ немесе өзге де жабдықтарға техникалық қызмет көрсету;
- Канцеляриялық немесе тұрмыстық тауарлар, тамақ, ойыншық және өзге де тауарларды жеткізу;
Тізім мұнымен бітпейді. Бастысы, әркім өз әлеуетін бағамдап алуы керек. Аймақтық мемлекеттік тапсырыс көлемін анықтап, ұсыныс жасау қажет. Егер қолайыңызға келсе, іске сәт. Кірісіп кетіңіз!