Несиені мерзімінен бұрын «жапқанда» нені ескеру керек?
Кредиттері бар қарыз алушылар, әдетте, оны толық болмаса да, ішінара тезірек жабуға тырысады. Бұл негізгі борыш сомасын да, кредит бойынша сыйақы мөлшерін де азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Fingramota.kz-пен бірге қарастырайық.
1-қадам. Кредиттік шартты мұқият оқып шығыңыз
Қарызды рәсімдеу алдында кредиттік ұйымның менеджерінен мерзімінен бұрын өтеу шарттары қандай екенін нақтылау қажет. Мысалы, заң бойынша банктердің негізгі борышты мерзімінен бұрын ішінара өтеу немесе мерзімінен бұрын толық өтеудің мынадай жағдайларын қоспағанда:
- бір жылға дейінгі мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап алты айға дейін;
- бір жылдан астам мерзімге берілген қарызды алған күннен бастап бір жылға дейін қарыздарды мерзімінен бұрын өтегені үшін айыпақы немесе санкциялардың өзге де түрлерін алуға құқығы жоқ.
Бұл ретте клиент банкке пайыздарды кредитті пайдаланудың нақты күндері үшін ғана төлейді. Мұның бәрі кредиттік шартта жазылған. Сондықтан кредит берушінің борыштық міндеттемелерін мерзімінен бұрын өтемей тұрып оның талаптарын мұқият оқып шығыңыз.
Егер сіз кредитті рәсімдеу кезінде сақтандыруды сатып алған болсаңыз, сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтаруға әрекеттеніп көруге болады. Қайтару мүмкіндігі де шартта көрсетілген. Толық зерделеп алмай тұрып шартқа қол қоймаңыз!
2-қадам. Мерзімінен бұрын өтеу алдында кредиттің нақты сомасын нақтылаңыз
Егер сіз бұдан бұрын кредит бойынша төлем мерзімін кешіктірсеңіз, сізде біраз қарыз жиналып қалуы мүмкін. Осындай жағдайда шотты толтырған кезде, ең алдымен, өсімпұл мен айыппұл сомасы, содан кейін ғана ай сайынғы төлем алынады.
Егер сіз дұрыс есептемеген болсаңыз, онда ай сайынғы төлем, егер сома жетпесе, толық төлем ретінде есептелмейді, нәтижесінде мерзімі өткен берешек мөлшері тек артады. Сондықтан кредит бөлімінің менеджерімен алдын ала хабарласып, борыш сомаңызды ай сайынғы төлемді, барлық өсімпұлдар мен айыппұлдарды ескере отырып дәл және толық есептеп беруді сұрауыңыз қажет.
3-қадам. Өтеу әдісін таңдаңыз
Кредитті мерзімінен бұрын өтеу әдістері әртүрлі. Кейбір кредит ұйым сізден тікелей бөлімшеге келіп, касса арқылы шотты толтыра отырып, менеджер арқылы ресми өтініш жазуды сұрайды. Басқаларында – мұны онлайн режимде, мысалы, мобильді қосымша арқылы жасауға болады. Дегенмен, мынадай қолайлы жағдайлар да бар. Мысалы, кейбір банктердің мобильді қосымшаларында толық мерзімінен бұрын өтеуді немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеуді басу жеткілікті. Егер сіз шотты мерзімінен бұрын өтеу батырмасына баспай-ақ толтырсаңыз, онда кредит келесі ай сайынғы төлем ретінде төленеді.
Кейбір кредит ұйымында кредит сайт арқылы немесе карта арқылы өтелген кезде комиссия алынуы мүмкін. Төлем жасау кезінде бұған назар аударыңыз немесе менеджермен алдын ала кеңесіп алыңыз.
Есіңізде болсын, кредитті ішінара өтеу сізді кестеңізге сәйкес ай сайынғы төлемдерден босатпайды. Сонымен қатар, борышты өтеу Шартта көрсетілген санға дейін немесе операциялық күннің соңына дейін төлем жасалған күні қоса алғанда жүргізілуі керек. Уақыт пен күнді кредит менеджерінен алдын ала нақтылаған дұрыс.
4-қадам. Шотыңыздың толықтырылу мерзімін ескеріңіз
Мәселен, банкомат арқылы шотыңыз бірнеше секунд ішінде толықтырылса, картадан картаға аудару кезінде бір күннен үш күнге дейін кідіруі мүмкін. Сондықтан шотыңызды алдын-ала, болжамды төлем күнінен бірнеше күн бұрын толтырған дұрыс. Сондай-ақ, кейбір банктерде мерзімінен бұрын өтеу тек жұмыс күндері мүмкін екенін есте сақтаңыз.
Банк сіз салған соманы әдеттегі ай сайынғы төлем ретінде рәсімдеп, мерзімінен бұрын өтеу ретінде есептемей қоятын жағдайлар да болады. Сондықтан, түсініспеушіліктерді болдырмау үшін мерзімінен бұрын төлем жасағанға дейін, алдын ала кредитормен байланысып, ниетіңіз туралы ескертіп, Сіздің жағдайыңызда мұны қалай жасау керектігін нақтылаған дұрыс.
Егер сіз кредитті мерзімінен бұрын толығымен өтеген болсаңыз, онда сіз кредит ұйымынан кредиттің толық жабылғаны туралы қолтаңбалары мен мөрлері бар ресми анықтаманы ала аласыз. Кредиттік ұйымдар бұл қызметті ақылы негізде ұсынуға құқылы, мұны есте сақтаңыз.
5-қадам. Өзіңіздің кредиттік тарихыңызды тексеріңіз
Кредитті өтегеннен кейін жеке кредиттік есептегі ақпаратты қайта тексерген жөн. Бұл болашақта: мысалы, өтелген төлем бойынша ағымдағы кешіктіру, жабылған шарт бойынша берешектің болуы немесе дербес деректердің дұрыс көрсетілмеуі сияқты жағымсыз жайттардан аулақ болуға мүмкіндік береді. Бірақ мұның бәрін түзетуге болады.
Қаржылық сауаттылықты арттыру жөніндегі www.fingramota.kz медиа порталында азаматтардың кредиттік тарихындағы ақпаратты даулау бойынша тегін сервис жұмыс істейді. Бұл қызметті 2022 жылғы сәуір айынан бастап ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қарыз алушылардың кредиттік тарихын жақсарту мақсатында Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп іске қосты.
Кредиттік тарихтағы ақпаратты даулауға өтініш беру үшін Сіз өз деректеріңізді: ЖСН мен телефон нөміріңізді арнайы нысанда көрсетуіңіз керек. Өтініштерді өңдеу заңнамада белгіленген мерзімде жүзеге асырылады. Ақпаратты даулау туралы өтініш берілген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде және кредитордан алынған жауап негізінде өтініш берушіге кредиттік бюролардан тиісті жауап жіберілетін болады.
Сондықтан кредиттік тарихыңызды үнемі сұратып, зерттеңіз. Мұны:
- Мемлекеттік кредиттік бюроның id.mkb.kz сайты;
- Бірінші кредиттік бюроның www.1cb.kz сайты;
- тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына (ХҚКО) хабарласу арқылы жасауға болады.
Сондай-ақ, дербес кредиттік есепті www.egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы алуға болады.