Тоқаев: «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты қатаң шара қолдануға тура келеді»
Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының жұртшылығымен кездесуі барысында «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында апаттар жиілеп кеткенін атап өтіп, құзырлы органдар тарапынан бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, жағдай жақсармай отырғанын жеткізді. Президент қатаң шара қабылдауға тура келетінін айтты.
Мемлекет басшысы келтірген мәлімет бойынша, металлургиялық комбинатта 2006 жылдан бері 20-дан аса апат орын алған.
«Кәсіпорынға кешенді тексеру жүргізу керек. Соның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен барлық экологиялық норма талаптарының сақталуына мән берілуге тиіс. Комбинаттың иесі техникалық жағдайды жақсартуға және жаңғыртуға жеткілікті дәрежеде инвестиция құйғанын анықтау маңызды. Бәлкім бұл жұмысқа зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тарту керек шығар. Мұндай қайғылы жағдай қайталанбауы үшін барлық қажет шараны қабылдау керек. Ең бастысы – азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірі», деді Президент.