1,5 млн астам салымшы депозит бойынша 10 пайыздық өтемақы алуға өтініш білдірді

Жарияланды
Салымшылар сыйақыны алуға келісімін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін растауы керек

1,5 миллионнан астам салымшы банктерге өтінім беру арқылы теңгедегі депозиттер бойынша 10% көлемінде өтемақы (сыйлық) алуға келісімін растады, бұл бағдарламаның шарттарына сай келетін салымшылардың жалпы санының 30% құрады, деп хабарлайды Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (бұдан әрі – ҚДКБҚ) баспасөз қызметі.

Банктер теңгедегі депозиттер бойынша 10% есептеуге келісім беру туралы салымшылардың өтініштерін қабылдауды жалғастыруда. Салымшылар сыйақыны алуға келісімін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін растауы керек. Мұны онлайн режимінде жасауға болады, екінші деңгейлі банктердің көпшілігі мұндай мүмкіндікті әлдеқашан ойластырған.

5 миллионнан астам салымшы өтемақы ала алады. Оның ішінде салымшылардың 97% депозитке 5 миллион теңгеге дейін ақша салған. Оның ішінде депозиттердің негізгі үлесін 1 млн теңгеге дейінгі депозиттер құрайды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айындағы жағдай бойынша өтемақының жалпы сомасы шамамен 360 млрд теңгені құрады.

«Сыйақы жинақ, мерзімді, мерзімсіз депозиттер, білім беру жинақтау салымдары және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесіндегі салымдарға есептеледі. Салымшыларды осы мүмкіндікті пайдалануға шақырғым келеді. Өтемақы алу шарттарының бірі – 2022 жылдың 23 ақпанына дейін ашылған жарамды депозиттің болуы», – деп қосты ҚДКБҚ Төрағасы Әділ Өтембаев.

Сондай-ақ оқыңыз