Қазақстан жаңартылатын энергия көздерін дамытуда қаншалықты әлеуетті?

Жарияланды
2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызылмақ

Жаңартылатын энергия көзін табу және оны кәдеге жарата білу – заман талабы. Халықаралық міндеттемелерге сай әлем елдері біртіндеп экологияға зиян келтіре отырып табылатын энергия көздерімен қош айтысуы тиіс. Әрине, оның оңайға түспесі белгілі. Өйткені кемі 100 жылсыз көмір мен мұнай қажеттілігінен бас тарта алмаймыз. Бірақ оның орнын баса алатын көздерді қазірден қарастырып, жүйелеген дұрыс. Қазақстан да осы ауыр әрі маңызды міндетке ілесуге тырысып жатыр.

Мысырда өтіп жатқан Климаттың өзгеруі жөніндегі жаһандық конференцияға қатысқан Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бұл бағыттағы Қазақстан потенциалына тоқталды. Климаттық саммит жұмысына 120-дан астам елдің өкілдері қатысып жатыр. Мемлекет және үкімет басшылары климат өзгеруінің ең өзекті мәселелері бойынша өз елдерінің ұстанымдарын білдіретін «ұлттық үндеулер» жасады.

Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстан климат жөніндегі Париж келісімінің мақсаттары мен міндеттерін берік ұстанатынын атап өтті.

«Біздің еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы барынша биік мақсаттарды қойып отыр. Осының аясында жыл соңына дейін төмен көміртекті даму стратегиясын қабылдау жоспарлануда. Орталық Азиядағы елдің алғаш болып осындай маңызды құжатты қабылдауы тарихи сәтке айналмақ», деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда жалпы өндірістегі «жасыл» энергияның үлесі шамамен 3 пайызды құрайды. Бұл ретте оны өндіру көлемін 15 пайызға дейін, яғни 2030 жылға қарай  қосымша 7 ГВт-қа ұлғайту жоспарлануда. Сонымен қатар биыл көміртегі шығарындыларын кем дегенде 15 пайызға төмендету көзделген.

Осы орайда ол елімізде «жасыл» сутегі өндірісі мен экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударылатынын айтты. Технологиялық жаңғыртудың маңыздылығын, оның ішінде Париж келісімі шеңберінде білім алмасуды енгізу және «таза» технологияларды беру қажеттігін ерекше атап өткім келеді деді.

Бұдан басқа, ол үкіметтің «жасыл» инвестицияларды ынталандыру жөнінде шаралар қабылдап жатқанын және «жасыл» қаржының бірегей өңірлік инвестициялық орталығы ретінде «Астана» халықаралық қаржы орталығын ұсынуға дайын екенін жеткізді. «Сондай-ақ біз жаңа экологиялық кодекс аясында шаралар қабылдап, 2025 жылға дейін 2 миллиард түп ағаш отырғызу секілді ауқымды міндетті іске асырамыз» деді.  

Сапар аясында Қазақстан мен Fortescue компаниясы арасында «Жасыл» сутегі өндіру жобаларын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Қазақстан Үкіметі мен Fortescue Future Industries компаниясы еліміздің бірнеше өңірінде, соның ішінде Атырау және Маңғыстау облыстарында «жасыл» сутегі өндіру жөніндегі жобаларды іске асыру туралы негіздемелік келісім жасасты.

Келісімді іске асыру еліміздің 2030 жылға қарай парниктік газ шығарындыларын 15 пайызға азайту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығын қамтамасыз ету бойынша биік мақсаттарға қол жеткізуіне үлес қосады деп күтілуде. Алдағы жобалар кеше Қазақстан мен Еуроодақ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында еуропалық нарыққа жеткізу жоспарланып отырған «жасыл» сутегінің ауқымды көлемін өндіруге арналған.

Жалпы алғанда, «таза» сутегін өндірудің қолжетімді технологияларын енгізу Қазақстанға 5-7 жылдан кейін осы отынның әлемдік ірі жеткізушілерінің біріне айналуына мүмкіндік береді деген үміт бар. Әлихан Смайылов «жасыл» сутегін өндіру жобасы өңірдегі осындай ірі жобалардың бірі екенін атап өтті.

«Баламалы энергия көздерін дамыту шеңберінде «жасыл» сутегін өндіру біз үшін маңызды және басым бағыттардың бірі болып саналады. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, Қазақстан осы экологиялық таза отын түрінің 10 ірі экспорттаушысының қатарына кіре алады. Осы мақсатқа жету үшін бізге стратегиялық серіктестеріміздің қолдауы маңызды», деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Эндрю Форрест «жасыл» сутегін өндіру және қолдану ауыр өнеркәсіпті декарбонизациялауға, жұмыс орындарын құруға және жалпы энергетика саласының тұрақтылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. «Біз осы әлеуетті тезірек іске асыруға көмектесу үшін жұмыс тәсілдеріміз бен мүмкіндіктерімізді Қазақстанмен қуана бөлісеміз», деді Эндрю Форрест

Сондай-ақ оқыңыз