Бейсенбинова Айдана: Екі айлық баламен сұлулық салонын аштым
Қазіргі кезде сұлулық салонына бермайтын арулар кемде-кем. Түр-әлпетін, тырнағын сәндеу үшін қыз-келіншектер біраз қаражатты ойланбастан жұмсайды. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері – сұлулық салонын ашқан кәсіпкер Бейсенбинова Айдана.
– Айдана, негізгі оқыған мамандығыңыз қандай?
– Мен бірнеше мамандық алдым. Оның ішінде есепші, экономист, психолог. Бұл мамандықтын барлығын анамның қалауы бойынша оқыдым. Бірақ осы мамандықтар бойынша жұмыс істегім келген жоқ.
– Сұлулық салонын декретте отырып аштыңыз ба?
– Иә, бұл кәсіпті екінші баламды босанып, декреттік демалыста отырған кезде қолға алдым. Қызым ол кезде 2 айлық болды. Адамдармен жұмыс істеу, сурет салу жаныма жақын болғандықтан, сұлулық салоның ашуды қолға алдым. Салонды ашпай тұрып, басқа салонда жалданып жұмыс істеп жүрдім.
– Кәсіпті қанша қаражатпен бастадыңыз?
– Бастапқыда бұл кәсіпті бірінші баламды босанғанда 50 мың теңгемен бастадым. Бұл ақшаға 10 түсті лак, қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Сұлулық салонын ашқан кезде, оның ішіндегі жиһаз, құрал-жабдығы мен аппараттарды санағанда, 2,5-3 млн теңге кетті.
– Қазіргі уақыттағы бір күндік және айлық табысыңыз қанша?
– Салонның бір айлық кіріс 1 млн 200 мың теңге шамасында. Оның ішінде жұмыс істейтін төрт қызметкерге жалақы беремін, мекемені жалға алатын қаражатын төлеймін. Өзім ай сайын таза 500-600 мың теңге тұрақты табыс алып тұрамын. Бір күндік табыс 40-50 мың теңге аралығында. Мысалға, бір мастер 4 клиент қабылдаса 20 мың теңге пайда табады. Оның 10 мың теңгесің өзіне алып, қалғаның мен аламын.
– Сіздер салонда қандай қызмет көрсетесіздер?
– Салонда маникюр, педикюр, шугаринг және кірпік жасаймыз. Тырнақты бояп беру қызметі 2000-7000 теңге арлығында. Педикюр 4000-4500 теңге аралығында жасаймыз. Кірпік өсіру 5000-7000 теңге көлемінде.
– Салонда қанша адам жұмыс істейді?
– Қазіргі уақытта төрт адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмын. Оның ішінде 3 мастер тырнақ жасайды (маникюр), тағы бір мастер кірпік пен шугаринг жасайды.
– Бұл мекемені қанша теңгеге жалдап отырсыздар?
– Айына 75 мың теңге төлеймін.
– Бұл салада бәсеке бар ма?
– Әрине, бар. Мен жалдап тұрған мекеменің өзінде бірнеше сән салоны қатарынан тұр. Бірақ, салонға келушілер саны өте көп.
– Бұл жұмыспен үйде отырып айналысуға бола ма?
– Әрине, болады. Тіпті бұл кәсіп декретте отырған аналар үшін таптырмайтын жұмыс. Бұл жұмысты үйде отырып та, салон ашып та, клиенттін үйіне барып та істеуге болады. Барлығы адамның өзіне байланысты.
– Бұл кәсіп өзін толық айтай ма?
– Бұл кәсіп өзін толық 100 пайызға ақтайды. Менің ойымша сауда, оның ішінде киім сату саласы және сән салондары әрқашан сұраныста болады. Өйткені адамдар әрқашан әдемі болғысы келеді. Ең бастысы клиенттің көңілінен шығу. Ол үшін оқуға ақша аямай жақсы курстардан өту қажет.
– Бұл саланың артықшылығы қандай?
– Мен үшін ең бастысы өзім үшін жұмыс істеп жүрмін. Ешкімге тәуелді болмайсын. Таза жұмыс. Бір орында байланып отырмайсын. Қосымша тірліктерін болса, істеп жүре бересің. Адал жұмыс істеген адам әрқашан жетістікке жетеді.
– Сұхбатыңызға рақмет.