Жезқазғанда төртінші МӨЗ салынбақ. Бізге тағы бір мұнай өңдеу зауыты керек пе?

Жарияланды
Шымкенттегі зауыт қуаттылығын кеңейту де жоспарда бар

Ұлытау облысынан бір жаңалықтың құлағы қылтиды. Мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) салу жайында. МӨЗ мәселесі талайдан бергі жыр. Біреулер қажет деп шарқ ұрады, енді біреулер үш ірі МӨЗ және қаптаған шағын зауыттар ақ шаруаны тындырып тұр дейді. Әркімнің уәжі өзіне орынды. Бірақ ақыры салынып тынатын сияқты. Облыс әкімдігі Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып жылына 1 млн тонна қуаттылыққа ие мұнай өңдеу зауытының жобасын әзірлеген. Жоба құны – 480 млрд теңге.

Облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша, кешенді жобаға тоғыз бағыт бойынша 126 іс-шара кіреді.

«Бес жылдық мерзімдегі әлеуметтік-экономикалық даму кешенді жоспарын іске асыру үшін керек инвестиция көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды. Оның ішінде респбуликалық бюджеттен – 124,8 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 49 млрд теңге және жеке инвестиция 1,2 трлн теңге көлемінде. Өнеркәсіп саласында қуаттылығы – 1 млн тонна, құны 480 млрд теңге болатын мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл ретте алдағы бес жылда жұмысын бастайтын барлық 16 индустриалдық жоба құны 787 млрд теңгеге бағаланады және олар 3 мың жұмыс орнын құрады», деді әкім.

Сарапшы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша бір МӨЗ-дің құрылысына 480 млрд теңге жұмсау – аса зор шығын.

«Жоба 300 қызметкерге жұмыс бермек. Бұл туралы Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы хабарлады. Бірақ инвестордың кім болатынын айтқан жоқ. Осыған дейін қазақстандық «Абылайхан» компаниясы сингапурлық «R Way Solution PTE Ltd» компаниясымен бірлесіп 2018 жылы мұнай өңдеу зауытының құрылысын бастауды жоспарлаған. Әкімдік 100 гектар жер берген. Бірақ жоба 2019 жылы тоқтап қалды. Қуаттылығы небәрі 1 млн тонна болатын мини-МӨЗ үшін 480 млрд теңге инвестиция тым көп емес пе? Сейітжановтар Шымкентте бюджеті осыдан екі есе төмен қаражатпен қуаттылығы 2 млн тонна болатын МӨЗ салып жатыр», дейді сарапшы.

Ал Энергетика министрі Болат Ақшолақов төртінші МӨЗ-ді салуды қажетсіз деп санайды. Министрдің пікірінше, оның орнына Шымкенттегі зауыт қуаттылығын кеңейту орынды болмақ.

«Шымкент МӨЗ-і бастапқыда жылына 12 млн тонна мұнай өңдейді деп жобаланған. Жалпы зауыт шаруашылығы және зауыттың территориясы кәсіпорынды біртіндеп кеңейте түсуге мүмкіндік береді. Жаңа зауыт салу әлдеқайда қымбатқа түседі. Одан да бар зауыттың өндірісін арттырған дұрыс. Жалпы, қуаттылықты бірден 12 млн тоннаға дейін жеткізу міндетті нәрсе емес. Ондай мөлшерге ішкі нарықтан сұраныс та жоқ әзірге. Қуаттылықты жылына 2-3 млн тоннаға көбейтіп отыру – ең дұрыс нұсқа. Себебі, Қазақстанда отын қоры жеткілікті және экспорт нарығымыз да ауқымды емес», дейді министр.

Шымкент МӨЗ-інің қуаттылығын арттыру жайын таяуда ғана қытайлық PetroChina мұнай-газ компаниясының вице-президенті Хуан Юнч­жан мен «ҚазМұнайГаз» басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің кездесуінде де талқыланған еді.

Сарапшылардың дерегінше, 2016 жылы елдегі үш ірі МӨЗ бензин бойынша нарық қажеттілігін – 70 пайызға, дизель бойынша – 90 пайызға, ал әуе керосині бойынша 50 пайызға жауып тұрды. 2018 жылғы жаңғыртудан соң (құны 6 млрд доллар болған) үш МӨЗ ішкі нарық қажетін 100 пайыз өтей бастады. KazEnergy-дің былтырға баяндамасы бойынша, елімізде 2050 жылға дейін жанар-жағармай, әуе керосині және дизель бойынша тапшылық болмайды.

«Әсіресе, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шекаралас аймақтардағы сұраныс жоғары. Аталған елдерден келетін жүк көліктерінің Қазақстанды транзиттік жанармай нүктесі ретінде пайдалануы дизель отынына деген сұранысты арттыра түсті. Бұл ретте дизель отынын контрабандалық жолмен шығару мәселесі де бар. Дизель отынының бөлшек бағасы Ресейдегі бағадан 1,5 есе арзан. Соның салдарынан қазақстандық арзан баға көрші елдердің нарығын автоматты түрде субсидиялап отыр», дейді «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орынбасары Арман Қайырденов.

Мамандардың сөзінше, дизель отынын тұтыну көрсеткіші 2020 жылмен салыстырғанда 800 мың тоннаға өсті. Пандемия жылында 4,7 млн тонна тұтынсақ, биыл жыо соңына дейін 5,5 млн тонна дизель отыны сатып алынады деген болжам бар.

Сондай-ақ оқыңыз