Ауыл әйелдерінің форумы қазақстандық әйелдерге қандай көмек көрсетпек?

Жарияланды
Әйелдер бизнесін дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр

Елімізде Ауыл әйелдері форумы қайта өткізілмек. Пандемияның әсерінен жобада жаңа бағыт – онлайн білім беру бағыты ашылған. «Әлеуметтік динамика» ҚҚ директоры Елена Ожго кәсіпкерлік дағдыларды енді 15 мың әйел меңгере алады деп мәлімдеді. Оның сөзінше, ауыл әйелдерінің форумы экономикалық мүмкіндіктер мен әйелдердің құқықтарын арттыруға ерекше үлес қоспақ.

Биылғы форумға Орталық Азия елдері мен жетекші халықаралық ұйымдардың қоғамдық қозғалыстарының қатысушылары мен көшбасшылары қолдау көрсетеді. 

«Әйелдер кәсіпкерлігі, гендерлік теңдік мәселелері көтеріледі. Біз өз кезегінде «Әлеуметтік динамика» және «G-Global жасыл экономика және даму коалициясы» қоғамдық ұйымдарын таныстырамыз. Бұл жобаларға білім беру платформалары негіз болды, олар арқылы әйелдер ауылдағы бизнес пен егіншілік негіздері бойынша дағдыларды игере алады. Екі бағыт та қатысушыларымыздың экономикалық әл-ауқатын арттырып қана қоймай, оларды гендерлік жағынан жүзеге асырады, адамның өзіне деген сенімін арттырады. 10 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Coca-Cola белестері» жобасы кез келген салауатты қоғам үшін пайдалы жоба, өйткені ол экономикалық мәселелер мен гендерлік теңдікті шешеді, жобаның оң нәтижелері бар. Ертең Қазақстанда үздік бизнес идеялар байқауының 20 жеңімпазының есімі жария етілетінін қуана хабарлаймыз. Олар 2000-4000 доллар көлемінде грант алады. Бұл ауыл шаруашылығы, сондай-ақ азық-түлік және азық-түлік емес тұтыну тауарларын өндіру саласындағы жобалар», деп атап өтті спикер. 

Оның айтуынша, 10 жыл ішінде жоба аясында 60 мың әйел оқыған. Пандемия болған жылдарда олар онлайн платформаларда білім алды. Соңғы үш жылда 15 мыңнан астам әйел оқуға қатысты. Бұл көрсеткіш жоба басталған жылмен салыстырғанда 10 есе артық. 

«Үздік бизнес идея байқауына төрт есе көп өтінім берілді. Біз бұған өте қуаныштымыз және бұл әйелдердің білім мен әлеуметтік бағдарламаларға деген сұранысы өте жоғары екенін көрсетеді. Біздің зерттеулеріміз көрсеткендей, ауылдағы әйелдердің 30 пайызы өз бизнесі, өз кәсіпорны болғанын қалайды. Бұл – зор әлеует. Мемлекет тарапынан да, біздің тарапымыздан да үлкен күш-жігер жұмсалуда. Шалғай ауылдарға барып, «Біздің әйелдердің мүмкіндіктері қандай?» деген сұраққа жауап береміз. Жалпы, Ауыл әйелдері форумы экономикалық мүмкіндіктер мен әйелдердің құқықтарын арттырады. Біз бұған өте қуаныштымыз және осы бағытта қозғаламыз. Әйелдерді біздің алаңда, тренингтер мен бағдарламаларда күтеміз», деді спикер.

Қазақстан ауыл әйелдерінің республикалық форумы биыл бесінші рет ұйымдастырылмақ. Бұл туралы «Жасыл экономика» және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов мәлім етті. Шараға 250 әйел қатыспақ.

«Форумға дайындық ретінде өңірлерде облыс әкімдіктері тарапынан іріктеу жұмыстары жүргізіледі. Әрбір облыстан 10 әйел қатысады, оның ішінде дәрігер, мұғалім, кәсіпкер, ауыл шаруашылығымен айналысатын қызметкер, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері де бар. Сонымен қатар биыл 20 әйелге марапат беріледі. Форум аясында түрлі мәселелер талқыланады. Мысалы, кәсіпкерліктен бөлек, ауылдағы жағдайды қаламен салыстыруға  болмайды. Инфрақұрлым, білім деңгейі, ақпараттың баяу жеткізілуі сияқты мәселелер бойынша пікірталас ұйымдастырылады. Форум қорытындысы бойынша қарар қабылданады», деді спикер.

Ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина Қазақстанда сәтті іске асырылып жатқан әлеуметтік жобаларға тоқталып өтті.

«Қазіргі кезде ауыл әйелдерінің әлеуеті әлі толық ашылмаған немесе тиімді, ұтымды пайдаланылмай отыр. БҰҰ мәліметіне сүйенсек, олар дамыған елдерде жұмыс істейтін әйелдердің 43 пайызын құраса, бізде 47 пайыз. Үшіншіден, ауылдағы әйелдердің жұмысы қиын. Оларға жаңа технология, жасыл технология жетіп жатқан жоқ. Сондықтан аталған жоба көп мәселені шешуге көмектесіп отыр», деді спикер.

Оның айтуынша, жоба аясында әйелдер бизнес негіздерін, бизнес жоспарлар жазуды үйренеді, өз ісін ашуға грант түрінде қаржылық көмек ала алады. Ал үздік бизнес идеялар басқа әйелдерге таныстырылады. Сонымен қатар 2018 жылдан бастап облыстық және республикалық деңгейлерде форумдар ұйымдастырылады. 

Сондай-ақ оқыңыз