Инвестиция

Технологиялық Nasdaq апта ішінде бірден 8,1%-ға өсті

Бұл – индекстің наурыздан бергі бір апталық ең үлкен өсімі

11 қараша, жұма күні Америка құрама штатттарының қор нарығы екі күн қатарынан өсті. Инвесторлар мен трейдерлердің көңілі бейсенбі күні жарияланған инфляция жайлы мәліметтерден кейін көтерілді деп хабарлайды Market Watch.

Dow Jones өнеркәсіп индексі 0,1% – 33 747,9 пунктке дейін өсті. Walgreens Boots Alliance дәріханалар желісі, спорт киімін шығаратын Nike пен химия өнімдерін шығаратын Dow корпорациясының акциялары қымбаттады. UnitedHealth Group медициналық сақтандыру ұйымы, фармацевтикалық Merck & Co және Johnson & Johnson компанияларының бағалы қағаздары арзандады.

S&P 500 индексі 0,9% – 3 992,9 пунктке дейін көтерілді. Он бір сектор ішінен алтауы саудасын жасыл аймақта аяқтады. Мұнай және газ секторы бірден 3,1%-ға өсті.

Технологиялық Nasdaq Composite индексі 1,9%, – 11 323,3 пунктке дейін ұлғайды. Электрондық қолтаңба технологияларын әзірлейтін DocuSign, медициналық технология шығаратын Align Technology және Okta бұлтты платформасының акциялары сауданы өсіммен аяқтады. AstraZeneca, автокөлік бөлшектерін сататын дүкендер желісі O’Reilly Automotive пен медициналық жабдықты жеткізуші Dexcom бағалы қағаздары, керісінше, аутсайдер атанды.

Технологиялық Nasdaq апта ішінде бірден 8,1%-ға өсті. Dow Jones Market Data ақпаратына сәйкес, бұл индекстің наурыздан бергі апталық ең үлкен өсімі. S&P 500 индексі өткен аптада 5,9%-ға көтеріліп, пайыздық тұрғыдан маусым айындағы жеті күн ішіндегі ең жоғары өсу шегіне жетті.

Индекстер бейсенбі күнгі раллиден кейін жұма күні тағы да көтеріліп, бұл жолы 0,1-1,9% қосып алды. Екі күндік өсімнің басты себебі – инфляцияның қазан айында 7,7%-ға дейін бәсеңдеуі. Еңбек статистика бюросы ақпараты бойынша, тұтыну бағасының индексі (CPI) жылдық есептеуде 2022 жылдың қаңтарынан бергі ең аз жылдық өсімді көрсетті. Инфляцияның басты көрсеткіші The Wall Street Journal сұрастырған аналитиктердің болжауынан да төмен болып шықты – олар тұтыну бағасының индексі 7,9% құрайды деп ойлаған еді.

Салыстырар болсақ, тұтыну бағасының индексі немесе инфляция қыркүйек айында 8,2%, тамыз айында 8,3% құрады.

Жалпы бағаның баяулау өсуі – тек тұтынушы үшін жақсы жаңалық емес. Инвесторлар мен трейдерлер инфляция төмендеген сайын, ұлттық банк та мөлшерлемені азайта бастайды деп сенеді.

АҚШ ұлттық банкінің келесі отырысы 14 желтоқсан күні өтеді. Соның нәтижесі бойынша, базалық мөлшерлеменің 50 базистік пунктке өсу мүмкіндігі 80,6% құрайды. Бұған СME FedWatch ақпараты дәлел. Тұтыну бағасының индексі жарияланбаған кезде, трейдерлер мөлшерлеменің 75 базистік пунктке жоғарылауын болжаған еді.

Өзге де нарық қатысушылары Ұлттық банк ендігі жерде базалық мөлшерлемені ақырындап өсіреді деген пікірде. Schroders эксперті Карим Эл Нокали желтоқсан айындағы отырыстан кейін бас банк проценттік мөлшерлемені көп дегенде 25 базистік пунктке көтереді деп сенеді. Оның ойынша, инфляция осы жолы шарықтау шегіне жетті.

Тұтынушылардың көңіл-күй индексі АҚШта нашарлап, 59,9 пунктен 54,7 пунктке дейін түсті. Бұл көрсеткіш The Wall Street Journal сұрастырған аналитиктердің болжауынан төмен болып шықты – олар тұтынушылардың көңіл-күй индексі 59,5 пунктті құрайды деп ойлаған еді.

11 қараша, жұмадағы сауда-саттықта ресейлік қор нарығы да өсті: Мәскеу биржасының индексі 0,3%, индекс РТС 0,7% қосып алды.

Қазақстан қор биржасының KASE индексі жұма күні 0,4%, 3045,6 пунктке дейін азайды. Индекстің өкілетті тізіміне енгізілген акциялармен жасалған мәмілелер көлемі алдыңғы сауда күнімен салыстырғанда тоғыз есе көбейіп, 1,09 млрд теңгені ($2,3 млн) құрады.

Лондон қор биржасында (LSE) Халық банкінің мемлекеттік депозитарлық қолхаттары (МДҚ) 0,6%-ға, $10,3-ке дейін, «Қазатомөнеркәсіптің» акциялары 1,6%-ға, $28,7-ге дейін, Kaspi бағалы қағаздары 5,9%-ға, $72,1-ге дейін қымбаттады.