Валюта нарығы: жағымды һәм жағымсыз нәтижелердің текетіресі
Қазан айында жаһандық іскерлік белсенділік үш ай бойы 49,0 деңгейінде қалыптасып, 2020 жылғы маусымнан бергі ең төменгі көрсеткішке төмендеген. Өңдеу өнеркәсібінде және қызмет көрсету секторында әлемдік өндіріс көлемі қысқарды. Сонымен қатар, Қазақстанда қазан айында екі ай қатарынан іскерлік белсенділік индексін қалпына келтіру процесі жалғасты.
Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, индекс осы жылғы қыркүйек айындағы 48,2-мен салыстырғанда қазанда 49,1-ге дейін көтерілді. Іскерлік белсенділік көрсеткіші өткен ай деңгейінде қалған өндіріс саласынан басқа барлық секторда іскерлік белсенділік қалпына келе бастады.
Кәсіпорындар соңғы 5 айда алғаш рет бизнесті жүргізудің осы күнгі шарттарын оң бағалады. Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, дайын өнімге сұраныс артқан. Алдағы 6 айдың болашақтағы бизнес жағдайларын бағалау да жақсара түскен. Жоғары геосаяси және нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысымның жоғарылауы жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективаларына теріс әсер етуде.
«Монетарлық талаптардың күшеюіне байланысты қаржы нарығындағы құбылмалылық бәсеңдеген жоқ: АҚШ Федералды резервтік жүйесі қараша айында мөлшерлемені тағы да 75 базистік тармаққа көтерді, Еуропа орталық банкі қазан айында мөлшерлемені екінші рет 75 базистік тармаққа көтерді, бұл мемлекеттік бағалы қағаздар кірістілігінің айтарлықтай өсуіне әкелді. Осы жағдайларда дамыған елдердің акциялары (MSCI World) жыл басынан бастап 3 232 тармақтан 2 548 тармаққа дейін 21%-ға төмендеді, АҚШ-та 10 жылдық мемлекеттік бағалы қағаздарының кірістілігі 1,5%-дан 4,1%-ға дейін 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Жыл басынан бері доллар индексі 16,6%-ға өсті», деді Шолпанқұлов.
Әрине, әлемдегі инфляциялық қысым Қазақстанға да әсер етті. Қазанда инфляцияның 1,6%-ға дейін біршама баяулауына қарамастан, жылдық мәнде инфляция 18,8%-ға жетті. Ал жылдық мәнде 23,1%-ға жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға көптеп үлес қосуда. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы да аяқталды.
«Азық-түлікке жатпайтын инфляцияның өсуі де 17,9%-ға дейін жеделдеді. Импорт үлесі жоғары тауарлардың, оның ішінде жеке қолданыстағы тауарлардың, тұрмыста қолданылатын құралдардың, құрылыс материалдарының, дәрі-дәрмектің бағалары тез өсіп отыр. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар құрылымында өткен жылдың жоғары базасы есебінен шығу нәтижесінде жанар-жағармай мен автомобильдерге бағаның өсуі баяулады. Ақылы қызметтер инфляциясы 13,5%-ға жетті. Тұрғын үйді жалға алу қымбаттауын тоқтатқан жоқ, энергия өндіруші компаниялардың тарифтері өсуіне байланысты электр қуатының құны қымбаттады. Қазан айында халық күткен және қабылдайтын инфляцияның медианалық бағалары тиісінше 18,3%-ға және 22%-ға дейін күрт өсті. Екі көрсеткіш те 2016 жылдан бастап ең жоғары деңгейге жетті», деп мәлімдеді ҰБ өкілі баға мәселесін айта келе.
Айтуынша, инфляцияның әлі де өсе түсуін растайтын болжамдар ақша-несие саясатының қатаң күйде жалғаса беретінін аңғартады. Ол сондай-ақ қазан айында теңге бағамы долларға қатысты 1 доллар үшін 468,2 теңгеге дейін, 1,7%-ға нығайғанын мәлімдеді.
ҰБ өкілінің сөзінше, биылғы 9 айдың алдын ала қорытындысы бойынша, төлем балансының ағымдағы шоты профицитпен қалыптасып, сауда балансының жақсаруына байланысты 7,9 млрд долларды құрады. Сауда балансының профициті өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15,9 млрд долларға ұлғайып, 29,3 млрд долларды құраған. Шетелдік тікелей инвесторлардың табысы 3,7 млрд долларға ұлғайып, 20,2 млрд долларға жеткен.
«Жалпы халықаралық резервтер қазан айында 85,4 млрд доллардан 1 млрд долларға өсті. Алтын-валюта резервтері өткен айда 33,0 млрд долларға дейін 1%-ға өсіп, импорттың шамамен 7,1 айын жабуға мүмкіндік берді. Ұлттық қордың активтері өткен айда 52,4 млрд долларға дейін 1,5%-ға өсті. Жыл басынан бері қаражатты пайдаланудың қорға түсетін түсімдерден асып кетуі аясында 5,3%-ға төмендегені тіркелді. Республикалық бюджетке 4 трлн теңге сомаға трансферт бөлу үшін жыл басынан бері 3,8 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Ақша-кредит саясатын күшейту тұрғысынан дамыған елдердегі орталық банктердің риторикасы аясында облигациялар мен акциялар нарығының жыл басынан бері құлдырағанын көрдік. Алайда, қазан айында акциялар нарығында 7,2% өсу байқалды, соның салдарынан Ұлттық қордың активтері қазан айында 851 млн долларға өсті», деп позитивті жаңалықты жария етті Берік Шолпанқұлов.
Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері жыл басынан бері 1,1 трлн теңгеге немесе 8,3%-ға ұлғайып, қазан айының соңында 14,1 трлн теңге болған. Жыл басынан бері инвестициялық табыс көлемі – 672,5 млрд теңгені, зейнетақы жарналары – 1 379,3 млрд теңгені, зейнетақы төлемдері – 218,2 млрд теңгені, мерзімінен бұрын алып қою 868,9 млрд теңгеге жетіпті.