Жаңалықтар

Алматыда Студенттер күні ерекше тойланды

Халықаралық студенттер күні ҚазҰУ-да

Студенттік өмір – адамның жастық қуаты тасып, шаршау мен уайымды білмей, ізденумен, үйренумен, танысумен, табысумен өтетін ерекше шағы. Бұл кезде білім кеңістігің, көңіл көкжиегің кеңіп, махаббат пен ғашықтық отының да ыстығына күйіп, жалынына шарпылып жүретінің жасырын емес. Оқу ордасында талай дос тауып, әзілің жарасып, құрбы-құрдаспен күліп-ойнап өтетін күндерің де көп.

Фото;КАЗҰУ

17 қараша – Халықаралық студенттер күні. Бұл күн қазіргі таңда әлемнің түкпір-түкпірінде бар сән-салтанатымен тойланады. Алайда, осы бір жалынды жастықтың мейрамы қашан және қайда пайда болғанын білесіздер ме? 1939 жылы 28 қазан күні фашистер басып алған Чехословакияның студенттері мен ұстаздары Чехословакия мемлекетінің құрылғанына жиырма бір жыл болғанын атап өту үшін шеруге шығады. Чехословакия мемлекеті 1918 жылдың 28 қазанында құрылған еді. Басқыншы бөлімдер шеруді күшпен басып алып, шеру барысында медицина факультетінің студенті Ян Оплеталды атып тастайды. 1939 жылы 15 қарашадағы Яна Оплеталды жерлеу рәсімі өткенде арты наразылыққа ұласады. Шеруге шыққандардың көбісі қамалады. 17 қараша күні гестапошылар мен эсэстер студенттік жатақханалардың барлығын қоршауға алып, 1200-ден астам студент ұсталып, Заксенхаузендегі концлагерьлерге қамалады. Студенттік қозғалыстың тоғыз белсенді студенті Праганың Рузина ауданында түрме қабырғасында сотсыз дарға асылады. Гитлердің бұйрығымен Чехиядағы барлық оқу орындары соғыс аяқталғанға дейін жабылады. Міне, осы бір қанды оқиғаның болған күні 1946 жылы 17 қарашада Прагада өткен чехиялық студент-патриоттардың құрметіне ұйымдастырылған Бүкіләлемдік студенттер конгресінде «17 қараша Халықаралық студенттер күні» болып белгіленді.

Міне, ең қызық жастық шақтың мерекесі – студенттер күнінің шығу тарихы екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Чехословакияда осылай басталған еді. Бұл оқиғадан бері талай жылдың жүзі болса да, тарихы қанды оқиғамен бастау алған осы бір мейрам қазірде әлемнің түпкір-түпкірінде жастықтың сәнді мерекесі ретінде аталып өтіледі.

Халықаралық студенттер күні 2022 жылдың 16 қараша күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары Э.Бектурова мен Ә.Байелінің эдвайзерлік топтары Шетел филологиясы мамандығында білім алып жатқан 1-2 курс студенттерінің қатысуымен аталып өтті. Шетел филологиясы мамандығының 1-курс студенттері осы жылы ғана университетке қабылданған Түркіменстан елінен келген. Қазақстандық және Түркіменстандық студенттердің қосылып кеш өткізуінің мақсаты – халықаралық студенттер күнін бірге атап өту және интеграциялық байланыс орнату.     

Студенттер кеш барысында студенттік мерекенің тарихына кеңінен тоқталып, қазақ, ағылшын, неміс, француз, латын, түркімен және орыс тілдерінде өлеңдер оқып,  ән айтып және студенттік өмірден қызықты оқиғалармен бөлісіп, би билеп, ойындар ойнап, әртүрлі елдердің тарихы мен мәдениетіне қатысты викториналық сұрақтарға жауап беріп, сыйлықтар алды. Сонымен қатар, студенттер кеш соңында «Gaudeamus» (қазақша мағынасы «Өмір өтпелі») деп аталатын латын тіліндегі әлем студенттерінің әнұраны айтылды.   Аталмыш әнұранның тарихы неміс жазушысы Сабастьян Бранттың айтуынша  (Brant, 1458-1528) сонау ХІІІ ғасырдан басталады. Әуелгі баста бұл ән қаңғыбастардың үстел басында айтатын әні болған екен деген ақпарат бар. Қаңғыбастардың қатарында оқудан шығып қалған не жұмыс таппаған студенттер де болған делінеді. Бұл әнұранның шығу тарихы өте тереңде, әрі мағынасы студенттердің өміріне мотивация беретін сөздерге толы.      Білімді жастар – ел болашағы.

Ақпарат Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының оқытушылары

Э.Бектурова, Ә.Байеліден алынды.