Қоғам

Балалар психологы Динара Мырзаханқызы: Ұялы телефон балаларда агресивті мінез-құлық қалыптастырады

Баланың дұрыс дамуына телефонның кері әсерін білеміз бе?

Қазіргі кезде балалар кішкентайынан гаджет ұстайды. Олар музыка қосып, ойын жүктеуді, бейнебаян мен мультфильм қосуды біледі. Кейбір ата-аналар балаларының жетістігін атап өтіп, олардың қабілеттеріне қуанады. Бірақ гаджеттің балаға тигізетін зияны туралы ойланамыз ба? Баланың ойлау қабілеті нашарлап, шынай өмірден алшақтап кетпей ме? Ұялы телефонға деген тәуелділіктен қалай құтыламыз? Бұл сұрақтарға бүгінгі мақалада жауап іздеп көрейік.

Баланың дұрыс өсіп, дамуына ұялы телефонның қандай кері әсері бар?

  • Смартфонды ұзақ уақыт пайдаланғанда, балада тәуелділік пайда болуы мүмкін. Бұл тәуелділік жыл сайын тек өсе береді. Телефондағы барлық қосымшалар мен ойындар баланың психикасына теріс әсер етеді.
  • Гаджет пайдалану кезінде баланың моторикасы мен сөйлеу дағдысы нашарлайды. Ми жұмысы нашарлайды – ұзақ уақыт бойы бір позада отыра беру қанайналымның дұрыс жүрмеуіне әкеп соқтырады. Қанайналым нашарласа, мидың жұмысы да нашарлайды дей беріңіз. Әсіресе баланың есте сақтау қабілетіне кері әсер етіп, дамуын тежейді.
  • Смартфонды тұрақты пайдалану кесірінен көру және ұйқы нашарлайды, иммунитет төмендейді. Баланың физикалық дамуына кері әсер етеді. Мысалы: Көздің көруі нашарлайды – бала бір уақытта телефонға жарты сағаттан көп байланып отыратын болса, 6 айдан кейін-ақ, оның көзінің көргіштігі төмендей береді екен. Өйткені ұялы телефонның зиянды сәулелері кішкентай баланың көзіне айтарлықтай ауырлық түсіреді.
  • Дене мүсіні бұзылады – компьютерде, гаджетте көп отыратын балалар бүкірейіп қалады. Олардың омыртқасы қисайып, сколиоз болуы мүмкін.

Балалар психологі Мырзаханқызы Динара:

«Ұялы телефон заман талабына қарай адамның ажырамас көмекшісіне айналды. Бүгін де кез келген баланың қолында ұялы телефонның жүруі қалыпты жағдайға айналып барады. Алайда, ұялы телефонның кері әсер бар екенін ұмыптауымыз керек. Баланың есте сақтау қасиеті нашарлайды. Танымдық қабілеті төмендейді. Балалардың көбі ашушаң, тез шаршап, жүйкесі нашарлайды. Ал ұялы телефонда ұзақ отыратын балалар депрессиялық синдромға ұрынуы жиелейтін көрінеді. Смартфон баланың дамуын тежейді. Баланың шығармашылық, оның ішінде креативті ойлауын тежейді. Ұялы телефон балаға зорлық-зомбылықты үйретеді. Агресивті мінез -құлық қалыптастырады».

Ұстаз Аманбекова Салтанат Садырбайқызы:

 «Баланың зейіні тұрақсыз болады. Сабаққа қызығушылығы азаяды. Уақыттың  қалай  өтіп кеткенін бала білмей қалады. Оқушы өз бетінше еңбектенбейді. Ұялы телефоннан қажетті ақпаратты тауып алып, кітап оқымайды».

Дәрігер Айнұр Аңқабекқызы:

«Ұзақ уақыт ұялы телефон көрген баланың қимылы аз болады. Бір нүктеге қарап қозғалмағандықтан, орталық жүйке жүйесіне теріс әсер етеді».

Есте сақтайтын жайт – ол баланың қолындағы гаджетті бірден алып қоюға тырыспау қажет. Бұл деген баламен арадағы арақатынасты бұзып, жағдайды қиындатып жіберуі мүмкін.

Баланың назарын смартфоннан қалай аударуға болады?

1.  Өзіңіз үлгі болыңыз

Өзіңіз де гаджеттерге тәуелді болмаңыз. Егер сіз телефонды қолдан түсірмесеңіз, балаңыздың басқа қызығушылық тапқысы келуі екіталай. Сондықтан өзіңізден бастаңыз. Телефонды қойып, балаңызбен бірге болғанда, ортақ хобби табуға тырысыңыз: кітапты дауыстап оқу, үстел ойындарын ойнауға болады. Балаға үлгі болыңыз, әлемде басқа да көптеген қызықты әрекеттер бар екенін көрсетіңіз.

2. Басқа да баламаны табыңыз.

Сіз компьютер мен смартфонға кететін уақытты үйірмелер мен дамытушы студиялармен алмастыра аласыз. Есіңізде болсын, сіздің балаңыз би билеп, ән салып немесе сурет салуды үйренгісі келетін шығар. Баланың мұндай тілектерін жүзеге асыру маңызды, әйтпесе ол гаджеттерден ғана қызығушылық іздейді.

3. Балаңызға достар табуға көмектесіңіз.

Кейбір балаларға дос табу әлдеқайда қиын. Балаға дос табуға көмектесіңіз және олардың ойындарын ынталандырыңыз. Бірге уақыт өткізу баланы заманауи гаджеттерден алшақтатуға көмектеседі.

4. Үй жануарын алыңыз.

Көптеген балалар үй жануары болғанын қалайды, бірақ бүкіл ата-аналар мұндай қадамға баруға шешім қабылдамайды. Бұл балалардың физиологиялық және психологиялық денсаулығына жақсы әсер етеді. Сонымен қатар баланы өзінің жануар досына жауапкершілікпен қарауға үйретеді. Оның үстіне жануармен көп уақыт өткізген бала смартфондағы гаджеттер мен ойындарды ұмытады.

5. «Жоқ» деңіз.

Балаға гаджетті пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салмаңыз. Сіз жасай алатын ең жақсы нәрсе – смартфонды пайдалану уақытын қатаң шектеу.  Уақытты шектеңіз  – 20, 30, 40 минут.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік». Балаңызға ұялы телефон сабақ оқу үшін қажет болса, оны барынша қадағалаған жөн. Гаджет адамның көзінен 45-50 см алыс болуы тиіс және белгілі бір уақыттан кейін қолдануды доғару керек. Бұл дағдыға баланы да үйреткен абзал.