Цифрлы теңгенің артықшылығы қандай? Жыл соңына дейін енгізіле ме?

Жарияланды
Цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешімді Президент қабылдайды.

Қазақстанда қолма-қол және қолма-қол емес қаражат мүмкіндіктерін біріктірген есептесудің үшінші формасы қолданысқа енгізілуі мүмкін. Ол – цифрлы теңге. Ұлттық Банк төлемдерді және қаржы технологияларын дамыту орталығының төрағасы Бинұр Жәленовтың айтуынша, цифрлы теңгемен интернет жоқ жерде де төлем жасап, онлайн-дүкендер мен банк қосымшаларында есептесуге болады.

«Ұлттық Банк цифрлы теңгеге кепіл болады. Токендеу технологиясының арқасында цифрлы теңгеде бірегей қасиеттер болады. Смарт-келісімшарттар нарық қатысушылары үшін де, мемлекеттік органдар үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Тұтынушылар үшін қосымша функциялар қолжетімді. Мысалы, цифрлы теңге сақталған құрылғы жоғалса, оны қалпына келтіруге болады. Бірегей қасиеттердің бірі – цифрлы теңгені азаматтардың конституциялық құқықтарына анонимді қауіп төндірмей, мақсаты бойынша пайдалану. Цифрлы теңге дәстүрлі теңгені ауыстырмайды, тек қазіргі төлем инфрақұрылымын толықтырады. Сол үшін екінші деңгейлі банктермен және төлем ұйымдарымен «екі деңгейлі архитектура» ұстанымы бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Ол инвестициялау немесе жинақтау қаражаты емес, ең бірінші кезекте төлем құралы ретінде қолданысқа енуі керек», деді Бинұр Жәленов Алматыда өткен X Қаржыгерлердің конгресінде.

Оның айтуынша, цифрлы теңгені енгізу таңбалау және токендерді кері таңбалау механизмінің арқасында мемлекеттік қаражатты жұмсаудың тиімділігін арттырады.

«Ол трансшекаралық және көтерме төлемдерді арзан етеді және жылдамдатады. Цифрлы активтер индустриясымен және DeFi-мен (орталықтандырылмаған қаржы) қауіпсіз және ыңғайлы интеграцияны қамтамасыз етеді. Ең бастысы цифрлы теңгенің арқасында жаңа өнімдер мен бизнес-модель даярлау мүмкіндігі туады. Оны енгізу кезінде қаржылық тұрақтылық тәуекелін бағалау үшін орталық бірнеше экономикалық зерттеулер жасады. Бүкіл ел бойынша 3000 тұтынушы қатысты. Нәтижесінде, сұрауға қатысқан азаматтардың 60 пайызы цифрлы теңгені пайдалануға дайын екендерін білдірді. Біздің моделдеуімізден кейін қаржылық тұрақтылық үшін цифрлы теңгенің оптималды деңгейі – жылдық ІЖӨ-нің 10 пайызы. Бұл ретте біздің болжамымызды ескере отырып, ІЖӨ-дегі цифрлы теңге деңгейі 6,2 пайыздан аспайды», дейді Жәленов.

2022 жылдың қазан айында бес күндік пилоттық жоба жұмыс істеп, пайдаланушылар 3594 транзакция жүргізген. Соның 68 пайызы онлайн-төлем болған жағдайда QR-код арқылы арнайы, бағдарламаланған цифрлы теңге көмегімен жүзеге асырылған. Егер төлем офлайн болған жағдайда NFC хаттамалары толтырылған. ҰБ өкілінің айтуынша, сол кезде жүйе еш қиындықсыз жұмыс істеген.

Ұлттық Банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың сөзінше, Цифрлық теңгені енгізуге қатысты шешімді Президент қабылдайды.

«Бұл мәселеде біз мейілінше алға қарай жылжыдық. Біз таңдайтын дизайн бойынша шешімдер инновацияларды дамыту, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың мүддесін қорғау, сондай-ақ қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін оңтайлы деп есептейміз», дейді ҰБ төрағасы.

15 желтоқсанға дейін Ұлттық Банк технология, тәуекел және перспектива кең ауқымда талданатын баяндама – whitе paper жария етілмек. Қазір әлем елдерінде 90-нан астам орталық банк ұлттық валютаның цифрлы нұсқасын енгізу мәселесін қарастырып жатыр. 29 ел пилоттық режимде жұмыс істеуде. Ұлттық Банк сарапшысының айтуынша, Еуроодақ елдерінде цифрлы еуроны енгізу талқыланып жатса, АҚШ-та да бұл мәселе бойынша бірыңғай шешім қабылдануға жақын. Қытай қазірдің өзінде 15 провинцияда цифрлы юанды қолданысқа енгізген. Егер бізде цифрлы теңге биыл айналымға кіргізілсе, онда 2023 жылы нарық қатысушылары мен тұтынушылар үшін бірқатар функциялар қолжетімді болады, әрі қарай жүйе біраз жаңашылдықпен жетіле береді.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, Ұлттық Банк нарықтың барлық қатысушыларына теңдей жағдай жасауға тырысып жатыр.  

«Қазір халық банктердің мобилді қосымшаларын белсенді қолданып жатыр. Онлайн төлемдер біздің өмірімізге әбден кірігіп кетті. Мұндай кезде Ұлттық Банктің міндеті – нарықтың барлық қатысушылары үшін барлығы үшін тең дәрежедегі қолжетімді инфрақұрылым жасау. Биыл біз көп реттік төлем жүйесін іске қостық. Оның аясында мобилді нөмір арқылы банк аралық төлемдер жасауға болады. Аталған сервисті көптеген банктер пайдалануда, тиісінше тұтынушылар тарапынан да қызығушылық бар. Алдағы уақытта біз QR-төлемді де енгіземіз деп жоспарлап отырмыз. Бұл қаржы нарығы қатысушыларының өз сервистерін дамытуына мүмкіндік беріп, өз инфрақұрылымдары аясында алға жылжи береді. Банк аралық карточкалық есеп айырысу жүйесі. Біз қолға алып отырған тағы бір бағыт – цифрлы биометрия. Ол – цифрлы қызметтердің негізгі провайдері. Жалпы, біз клиентке басымдық беруді қалаймыз. Қызметтер клиенттерге бейімделіп, клиенттер деректерді өздері басқаруы қажет. Біз осыны қамтамасыз етуге тырысамыз», деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз