Қаржы нарығы ESG қағидатын енгізуге дайын ба?

Жарияланды
ESG-кредиттердің көлемі 2,6 трлн теңгені құрады

Соңғы кезде ESG қағидаты жайлы жиі сөз бола бастады. ESG (Environmental, Social and Governance) дегеніміз – экологиялық, әлеуметтік және корпоративті басқару қағидаты. Заманауи компаниялар осы үштағанды негіз етіп, жұмыстарын үйлестіре білуі шарт. Сонда ғана заман сұранысын игеріп, алдыңғы қатарға шыға алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, күрделі геосаяси жағдайларда орнықты экономикалық өсуге басымдық беру – ерекше маңызды міндет, ал оның негізі – жасыл, төмен көміртекті экономикаға көшу.

Қазақстан қаржыгерлерінің X конгресі аясында «ESG – қаржы нарығын дамытудың жаңа парадигмасы» атты халықаралық конференция өтті.

2021 жылдың қорытындысы бойынша ESG-қорларға инвестициялар ағынының көлемі үш есе өсіп, 330 млрд доллардан асқан. ESG облигацияларына – 25%-ға артып, 3,5 трлн долларға жетіпті.

Былтыр қазан айында «Париж келісімі мен Қазақстанның көміртегі бейтараптығы мақсаттарына қол жеткізу жолдары» атты конференцияда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның парниктік газдардың нөлдік қалдықтарына қол жеткізу жөніндегі үндеулерін қолдап, 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стратегиясын әзірлеу туралы хабарлаған еді.

«Бұл стратегия халықаралық тәжірибені ескере отырып, көміртегі ізін азайту үшін Қазақстан жүзеге асыруға тиіс нақты шараларды біріктіреді. Осы жыл ішінде барлық мүдделі мемлекеттік органдар осы Стратегияны әзірлеу және келісу бойынша белсенді жұмыс жүргізді», деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.

Оны іске асырудың Қазақстан үшін маңыздылығын халықаралық ұйымдар мен қаржы институттары атап көрсетеді.

Бүгінгі күні Қазақстанда «жасыл» энергияның жалпы өндірістегі үлесі шамамен 3%-ды құрайды. 2030 жылға қарай көміртегі қалдығын 15%-ға қысқартып, «жасыл» энергия өндіруді 15%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Қазақстанда өткен жылдан бастап «жасыл» қаржыландыру үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасты. Жаңа Экологиялық кодекс қабылданды. Оның шеңберінде:

  • Қолданылып жатқан табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға,
  • Қоршаған ортаға теріс әсер ету деңгейін төмендетуге,
  • Энергия тиімділігін арттыруға,
  • Энергия үнемдеуге,
  • Климаттың өзгеруі салдарын жеңілдетуге
  • Климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған «жасыл» жобалар Таксономиясы енгізілді.

«Агенттік қазақстандық компаниялардың «жасыл», әлеуметтік облигацияларды, орнықты даму облигацияларын және орнықты дамуға байланысты облигацияларды шығару мүмкіндігін көздеді. 2021 жылдан бастап орнықты жобаларды қаржыландыру үшін KASE-де жалпы сомасы 131 млрд теңгеден астам ESG-облигациялардың 9 шығарылымының листингі өтті. Оның ішінде 2022 жылы KEGOС, ҚДБ және АДБ сияқты компаниялардың 64 млрд теңге сомаға 3 шығарылымы орналастырылды», деді Агенттік Төрағасы.

Бұдан басқа, Агенттік қаржы секторында ESG-қағидаттарын енгізу жұмысын белсенді жүргізуде. Бұл жұмысқа жауапты инвестициялық саясаттарды пайдалану саласындағы негізгі халықаралық көшбасшы институттар тартылды.

ESG стандарттарын енгізу процесінің кезең-кезеңмен жүргізілуі маңызды, бұл қаржы ұйымдарына жаңа реттеуші талаптарға бейімделуге мүмкіндік береді.

Бірінші кезеңде ESG-ақпаратты жария ету жүйесі енгізіледі. Ол үшін Агенттік пен IFC сарапшылары ESG өлшемшарттары бойынша ақпаратты жария ету жөніндегі нұсқауды дайындады.

Мұндай қаржылық емес есептілікті жария етудің басты міндеті – мүдделі тараптардың қаржы ұйымының қоршаған ортаға, әлеуметтік салаға және экономикаға әсері туралы ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету, сондай-ақ ESG-факторлардың қаржы ұйымының қаржылық көрсеткіштеріне әсерін бағалау.

Агенттік қаржылық емес ақпаратты: елеулі ESG-ақпаратты анықтау, ESG-факторларды басқару, корпоративтік басқару сияқты үш блок шеңберінде жария етуді ұсынады.

Бірінші блокта «қоршаған орта», «климат», «қызметкерлер», «өнімдер және тұтынушылар», «қаржылық инклюзия», «этика» сияқты элементтер бойынша ақпаратты жария ету қамтылады.

Екінші блок шеңберінде ESG-факторларды тиісті түрде басшылыққа алуды және басқаруды қамтамасыз ету үшін қаржы ұйымдары пайдаланатын құрылым мен процестерді жария ету ұсынылады. Бұл блокқа орнықты дамуды басқару, стратегия, тәуекелдерді басқару және тиімділіктің негізгі көрсеткіштері (KPI) кіреді. 

Үшінші блок корпоративтік басқару мәселелерін қамтиды және ESG практикасына бейілділігі, директорлар кеңесінің қызметіне, бақылау ортасына, акционерлердің құқықтарына және мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл туралы ақпараттан тұрады.

Қаржы ұйымдары бұл құжатты ESG-факторлардың жыл сайынғы есептілік шеңберінде олардың қызметіне әсерін бағалау туралы есепті дайындау және жариялау үшін пайдалана алады. Бұл кезеңде Агенттіктің ұсынымдары ерікті сипатта болатындығын атап өткен жөн.

Банктердің өз бағалауларына сәйкес, олардың портфельдеріндегі ESG-кредиттердің көлемі ағымдағы жылғы тамызда шамамен 2,6 трлн теңгені құрады.

Алдағы уақытта Агенттік қадағалап стресс-тестілеу шеңберінде банктер үшін климаттық тәуекелдерді стресс-тестілеуді өткізуді жоспарлап отыр. Стресс-тесттердің әдіснамасы мен сценарийлері 2023 жылы әзірленбек.

Сондай-ақ оқыңыз