Шымкент қаласында пластик бөтелкелерді қайта өңдеумен айналысатын Елмұрат Әнуарұлы қазіргі уақытта үш бірдей зауыт ашқан. Ол пластик бөтелкелерді қайта өңдеу арқылы дайын шикізат ретінде басқа елдерге өткізеді.
Пластик бөтелкелер толтыру желілерінде жұмыс істеуге, дайын бұйымдарды тасымалдауға қолайлы екені белгілі. Олардың салмағы шыны бөтелкелерден он есе аз және олар бұзылмайды. Пластик бөтелкелер әдетте су, алкогольсіз сусындар, мотор майы, өсімдік майы, дәрілік заттар, сусабындар, сүт, сия, сыра және т.б. құю-тасымалдау үшін қолданылады.
– Елмұрат, кәсібіңіз жайлы айтып кетсеңіз?
– Біз еліміздің әр қаласынан пластик бөтелке жинап, оларды қайта өңдеумен айналысамыз. Дайын шикізат ретінде Ресей, Өзбекстан, Еуропаға жібереміз. Бұл кәсіпті бастаған себептің бірі – еліміздің табиғатын қорғауға аз болса да үлесімді қосқым келді. Бұл жерде қаржыны да айтпай кетуге болмайды, пайда жағы да өте жақсы.
– Сонда сіздер жіберген дайын шикізаттан басқа елдерде қандай заттар шығарады?
– Қоқысқа тасталған пластик бөтелкелерді қайта өңдеп, шикізат ретінде жіберген зауыттарымыз, жіптен бастап, кілем, линолеум, әртүрлі мата, коропка, қоқысқа арналған пакет шығарады. Өңдеуден өткен пластик бөтелкелерден 400-ден аса зат шығарылады. Тіпті, біздің қыста киетін куртканың ішіндегі синтипон да, өңдеуден өткен пластик бөтелкелерден жасалады.
– Неге пластик бөтелкелерді өздеріңіз өңдеп, Қазақстан нарығына тауар шығармасқа?
– Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта жоспар мен мақсат бар. Ел нарығына пайдасы тиетін көптеген зат шығарғымыз келеді. Біз қазіргі кезде тек шикізатты басқа елге шығарумен айналысамыз. Әрине, бұл жұмыстың экологияға пайдасы өте көп. Өйткені, пакет пен пластик бөтелге жылдар бойы шірімей жатады. Алайда, бөтелкені өңдеу арқылы шикізаттан өзіміз тауар шығарған өте тиіміді болар еді.
– Бұл кәсіптен табатын табысыңыз қанша?
– Нақты осынша деп айта алмаймын. Себебі, үш зауытта да пайда әртүрлі. Бірақ, 1 млн теңгеден жоғары таза пайда табамын деп айта аламын.
– Шымкент қаласында бәсеке жағы қалай?
– Бәсеке бар. Шымкент қаласында бұл кәсіп бойынша зауытты бірінші болып мен аштым. Жұмыс барысын көріп қызыққан басқа да кәсіпкерлер осы істі қолға алды. Қазіргі кезде Шымкентте бұл кәсіппен айналысатын тағы да 3-4 кәсіпорын бар.
– Бұл салаға мемлекет тарапынан субсидия беріледі ме? Кәсіптің артықшылығы мен кемшілігі жайында айта кетсеңіз…
– Бұл кәсіптің ең бірінші артықшылығы – қоршаған ортаға, экологияға үлес қосамыз. Кемшілігіне келетін болсақ, мемлекет жақтан көмек жоқ. Көп салалар мен кәсіптерге көмек көрсетіліп жатады, ал пластик бөтелкені қайта өңдеу саласына ешқандай субсидия берілмейді.
– Үш зауытым бар дедіңіз, сонда қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?
– Қазіргі кезде бір зауытта 15-тен аса адам жұмыс істейді. Үш зауытты қосқанда 45-50 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз.
– Бір келі пластик бөтелкені қанша теңгеден аласыздар?
– Бір келі пластик бөтелккені 150 теңгеден бастап, 220 теңге көлемінде қабылдаймыз.
– Бұл пластик бөтелкелерді қайдан аласыздар?
– Әр қалада пластик қабылдайтын бөлімшелеріміз бар. Зауыттың өзіне әкеліп өткізетін тұрғындар да бар. Сондай-ақ, арнайы қоқыс палигонынан жинап әкелетін адамдар болады.
– Бұл сала өзің толық ақтайды ма?
– Бұл кәсіп өзін толық 100 пайызға ақтайды.
– Кез келген адам кәсіп ашып, кәсіпкер бола алады ма?
– Иә, кез келген адам кәсіпкер бола алады. Бастысы, дұрыс бағыт пен мотивация болуы қажет. Жұмысқа деген талпыныс болуы керек. Әрине, қандай кәсіп пен жұмыс болса да қиыншылықтар міндетті түрде болады.
– Сұхбатыңызға рақмет.