Қазақстандықтар 2 желтоқсанға дейін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-ға шыққан акцияларын сатып ала алады. Бір акция бағасы 8406 теңге болып белгіленген. Өтінімдерді Қазақстан қор биржасы (KASE) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы (AIX) 9 қарашадан бері қабылдап жатыр. IPO азаматтарға ұлттық компания акционері атанып, жыл сайын дивиденд алып отыруға мүмкіндік береді.
Елдегі ірі инвестициялық компания сарапшыларының бағалауынша, бір акцияның әділ құны IPO-ға шығарылып отырған бағадан да жоғары. Демек, акция құнының өсу потенциалы бар деген сөз.
Halyk Finance сарапшыларының пікірінше, ҚМГ акциясының әділетті құны – 11 058 теңге. IPO аясында акцияны орналастыру бағасының (8406 теңге) өсу потенциалы 32 пайыз болмақ. Freedom Broker компаниясының бағалауынша, бір акцияның құны – 12 800 теңге. Орналастырған бағадан 52 пайызға дейін өседі деген болжам бар. BCC Invest сарапшылары ҚМГ бір акциясы 11 698 теңге тұрады деп есептейді. Демек, өсу потенциалы – 40 пайыз шамасында. SkyBridge Invest бағалауынша, бір акция бағасы – 11 693 теңге. Өсу потенциалы – 35 пайыз. Jusan Invest сарапшыларының пайымдауынша, бір акцияның құны – 11 429 теңге. Бұл тұрғыдан алғанда акция 37 пайызға дейін өсім көрсетуі мүмкін.
Қазақстандық инвесторлар IPO аясында бірнеше тәсіл арқылы акция сатып алуына болады. Атап айтқанда, брокерлік компаниялардың мобилді қосымшасы, AIX биржасының мобилді қосымшасы – «Табыс» арқылы және «Қазпочта» терминалдарына барып өтінім беру арқылы.
Сондай-ақ жеке инвесторлардың өтінімдерін қазақстандық банктер де қабылдайды. Банктердің акцияға өтінім қабылдауы ел тарихында алғаш рет болып отыр. Мысалы, ҚМГ IPO-сына қатысу шартын Halyk Bank пен «Банк ЦентрКредит» ұсынады. Halyk Homebank мобилді қосымшасына кіріп клиент 15 минут ішінде брокерлік шот аша алады және оны ешқандай комиссиясыз толықтырады. IPO-ға қатысуға өтінім беру кезінде де ешқандай ақша ұсталмайды. Мұндай қызмет BCC.kz мобилді қосымшасында да қолжетімді. Бұл қаржы институты да IPO-ға қатысты қызметтерде ешқандай комиссия бекітпеген.
Айта кетейік, биыл IPO-ға шығып отырған «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – ел тарихындағы ең табысты компаниялардың санатына кіреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ-ның таза табысы 1,2 трлн теңге болды. Бұл «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін өзге компаниялардың барлығының табысынан жоғары көрсеткіш. Мәселен, табыс табу бойынша QazaqGaz (400,2 млрд тг) да, «Қазатомпром» (140,8 млрд тг) да, «Қазақстан темір жолы» (119,1 млрд тг) да ҚМГ-мен шендесе алмайды.
Биыл бірінші жарты жылдықта ұлттық компания 677 млрд теңге табыс түсірді. Ірі инвестициялық жобаны аяқтау нәтижесінде «Теңіздегі» өндіріс көлемінің ұлғаюын және «Қашағаннан» түсетін дивидендтік кірістің өсуін ескере отырып, кәсіпқой қауымдастық алдағы жылдары компанияның кірісі мен таза табысының айтарлықтай өсуін болжайды.
Жалпы алғанда, «ҚазМұнайГаз» ҰК – барлау мен өндіруде, тасымалдауда, өңдеуде және маркетингте, жалпы қосымша құн жасауда сапалы активтері бар Қазақстандағы жетекші мұнай компаниясы. 2021 жылдың соңына қарай компанияның активтері 13,7 трлн теңгеге жетті, бұл Қазақстан ЖІӨ-сінің 16%-дан астамын құрайды және компанияның ел экономикасындағы маңызды рөлін айқындайды.
Компания:
- Елдегі мұнай мен конденсаттың 25 пайызын өндіреді;
- Табиғи газдың 15 пайызын өндіреді;
- Мұнай өңдеудің 82 пайызын қамтамасыз етеді;
- Магистралды құбыр желілері бойынша мұнай тасымалдаудың 52 пайызын қамтамасыз етеді.
Осындай маңызды шаралар қарсаңында алаяқтар да құр жатпайды. Олар жасап шыққан ҚМГ-ның жалған мобилді қосымшасы қазір ерекше белсенді. Мұндай қосымша Play Market-те бар және үлкен сұранысқа ие. Ал App Store-да әлі пайда бола қоймаған.
Алаяқ-брокерлер IPO-дан жақсы пайда табуға болады деп үгіттеп, тіпті кепілдік те ұсынады. Халықты сендіруі үшін олар «ҚазМұнайГаз» логотипінен айнымайтын белгі жасап, сипаттамада «қомақты табысқа кепілдік береді». Алаяқтар акцияларды IPO-да сатып алу оңай әрі қарапайым екенін және әрбір инвестиция кепілдендірілген табыс әкелетінін атап көрсетеді. Дәлел ретінде олар псевдоинвесторлар туралы жалған шолуларды жариялайды.
Ұсақ-түйек деректерге дейін назар аударыңыз:
- Қолданба қашан шығарылды;
- Ол қаншалықты жиі жаңартылады;
- Әзірлеуші кім;
- Шолулар саны
- Оладың жарияланған күні және пікір қалдырған пайдаланушылардың аты-жөні деген секілді.
IPO туралы сенімді ақпараттарды мына органдардың ресми сайтынан ғана білуге болады:
- Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі;
- Fingramota.kz;
- ipo.sk.kz:
- ipo.kase.kz;
- aifc.kz;
- Сонымен бірге, қаржы реттеушісінен лицензия алған брокерлік компания сайттары.
Алаяқтар жіберген сайт сілтемелеріне өтпеңіздер. Олар әдетте мұндай жалған сілтемелерді әлеуметтік желідегі мессенджерлер, электронды почта немесе телефон нөмірі арқылы жолдайды.
Бүгінгі таңда ҚМГ Қазақстандағы ең маңызды компаниялардың бірі. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары рейтингтері және компанияның мемлекетке тиесілілігі оның тұрақтылығы мен сенімділігін көрсетеді.