Мемлекет әуе рейтерін көбейтуді назарда ұстап отыр. Азаматтық авиация ахуалы жақсара ма?

Жарияланды
Тұтынушылар тарапынан шағым көп

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев ұшу географиясын кеңейту мен рейс санын ұлғайту бойынша жұмыстар күн тәртібінен түспеу керек деп мәлімдеді. Әуе тасымалына сұраныс жыл сайын ұлғайып келеді. Министр тапсырмасына сәйкес артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін отандық әуе кемелерінің паркі жаңа ұшақтармен толықтырылып жатыр. Сондай-ақ рейстердің кешігу фактілеріне байланысты шағымдарды ескере отырып, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тарапынан тиісті тергеулер жүргізілген.

Өз кезегінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду жүргізіліп жатқан жұмыстар мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді іске асыру туралы жеткізді. Оның айтуынша, осы жылдың басынан бастап Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы тікелей рейстерді іске қосу үшін FAA (IASA) алдағы халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауға дайындық шеңберінде техникалық әлеуетті арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев айтқандай, тексеру қорытындысына сәйкес Қазақстан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету деңгейін 84 пайызға дейін арттырды. Бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 15 пайызға жоғары.

Бұл орайда авиациялық әкімшілік азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігінің техникалық бақылауы мен қадағалау жұмыстарына жауапты екенін айта кетейік. Қазір Мемлекеттік тізілімде 912 әуе кемесі бар. 75 кеме тұрақты жолаушылар рейстерін жүзеге асырады. Тұтастай алғанда, елімізде 25 әуежай мен 6 тікұшақ айлағы жұмыс істейді.

Кездесуді қорытындылай келе министр аталған саланы дамыту бойынша бірқатар міндетті атап, Азаматтық авиация комитетіне авиациялық әкімшілікпен бірлесіп, ұшу қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.

«Рас, қазір әуе көлігінде жолаушылар ағынының артуы байқалып келеді. Сондықтан әуе кемесінің паркін ұлғайту және қазақстандық әуе компаниялардың тасымалдау сыйымдылығын арттыру бойынша жұмысты жалғастыру қажет», деп түйіндеді Өскенбаев.

Айта кетейік, жақында ғана Азаматтық авиация комитеті мен «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ Boeing компаниясымен бірлесіп, Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен әуе компанияларды жоспарлауға байланысты семинарды ұйымдастырды. Air Astana, Fly Arystan, Qazaq Air, SCAT, сондай-ақ Алматы, Астана және Ақтау халықаралық әуежайларының тұрақты жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыратын компаниялардың өкілдері және «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазаэронавигация» кәсіпорны, Азаматтық авиация комитеті мен Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мамандары жиналды.

Іс-шара кезінде Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду және Boeing компаниясының Ресей мен ТМД-дағы сату және маркетинг жөніндегі вице-президенті Монте Фрейзер әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Оның аясында тараптар ұшу қауіпсіздігі салаларындағы екіжақты байланысты кеңейтіп, еліміздегі авиация саласын дамытуда шетелдік әріптестер өз тәжірибелерімен бөліседі. Бұған дейін биыл сәуір айында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің ұйытқы болуымен Сиэтлдегі (АҚШ) Boeing зауытына барып қайтқан еді.

Осыдан аз уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында еліміздің әуежайларын дамыту бағдарламасына Балқаш қаласының әуежайын қосуды тапсырған еді. Осы ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Балқаш әуежайын дамыту жөніндегі жобаның 2023-2024 жылдарға арналған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізуді қолдайды.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес 2022 жылдың мамыр айынан бастап қазан айына дейін Балқаш қаласына аптасына 14 рейс жиілігімен Астана мен Алматыдан келетін әуе маршруттары субсидияланады. Осылайша, жазғы кезеңде әуе рейстерін «Южное небо» компаниясы іске асырғанын айта кеткен жөн.

Маусымдық және туристік ағымды ескере келе, жаңа әуе және теміржол бағыттарының ашылуы туралы айтатын болсақ, Азаматтық авиация комитеті Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында жаңа әуе маршруттарының ашылуын қарастырып жатыр. Мысалы, 2024 жылдан бастап Шымкент, Түркістан және Жезқазған қалаларынан Балқаш қаласына дейін маршруттар ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге, Астана мен Алматыдан орындалатын рейстер субсидияланады.

Сондай-ақ оқыңыз