Қоғам

Тұтынушылар назарына: Сақтандыру нарығын қандай жаңалықтар күтіп тұр?

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап  «Сақтандыру шарттары» күшіне енеді

Қаржы нарығындағы белсенді әрі маңызды саланың бірі – сақтандыру. Бұл саладағы компаниялар қазір өз рөлін белсенді күшейтумен айналысып жатыр. Соңғы бірер жыл көлемінде олардың табысы да, тәуекелі де өсті. Сарапшылардың айтуынша, пандемиядан бері жалғасып келе жатқан үздіксіз сын-қатерлерге қарамастан сақтандыру ұйымдары даму тұрақтылығын көрсетіп отыр. Соңғы үш жылда сақтандыру компанияларының активтері 74,6%-ға, 2 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл сақтандыру секторының елдің жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) үлесін 1,7-ден 2,22 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берген. Бірақ сақтандыру құралдарын тұтыну, жалпы сақтандырудың маңызын түсіну әлі төмен деңгейде дейді мамандар.

Ең үлкен өсімді мүлікті ерікті сақтандыру көрсетеді, атап айтқанда – автомобиль көлігін сақтандыру 44%-ға өсті. Бұл белсенділік автокредит беру бойынша мемлекеттік бағдарламаларды іске асырумен тікелей байланысты. Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиеваның айтуынша, соңғы үш жылдағы өмірді сақтандыру саласы даму қарқыны бойынша жалпы сақтандырудан озып тұр. Үш жыл ішінде өмірді сақтандыру бойынша сыйлықақылар көлемі 2,2 есе ұлғайып, 237 млрд теңгені құрады.

Бұған әсер еткен факторлар:

  • Сақтанушылар үшін жеке табыс салығы бойынша салық жеңілдіктерін енгізу;
  • Зейнетақы аннуитетінің құнын 40%-ға төмендету;
  • Кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитетін енгізу бойынша қабылданған шаралар.

Сақтандыру нарығында 27 сақтандыру ұйымы өз қызметін жүзеге асыруда, оның 9-ы өмірді сақтандыру компаниялары.

«Сақтандырушылардың инвестициялық портфелі жақсы әртараптандырылған. Шетел валютасында номинирленген қаржы құралдарының үлесі жиынтық инвестициялық портфельдің 20%-ын құрайды. Осы жылы инвестициялық қызметпен де, қайта сақтандырумен де байланысты тәуекелдер болды. Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені көтеруі және Ресей Федерациясының эмитенттерінен рейтингтерді қайтарып алу сақтандырушылар портфеліндегі қаржы құралдарын қайта бағалауды талап етті. Ресейдің халықаралық кредиттік қайта сақтандыру ұйымдарының рейтингтерінің төмендеуі қазақстандық сақтандыру ұйымдарының төлем қабілеттілігі маржасын есептеу кезінде тәуекелді саралау талаптарды күшейтуге алып келді. Сектордың қаржылық тұрақтылығын сақтау үшін пруденциялық нормативтерді есептеу тәртібін өзгерттік. Бұл сақтандырушыларға биылғы жылғы қиын жағдайларда орнықтылық пен төлем қабілеттілігін сақтай отырып, қайта сақтандыру және инвестициялық портфельдерді қайта құрылымдауға мүмкіндік берді», дейді Хаджиева.

Алдағы уақытта Агенттік стресс-тестілеудің қолданыстағы моделін жетілдіруді жоспарлап отыр. Сақтандыру ұйымдарының тәуекелдерге осалдығын анықтау үшін стресс-тестілеудің 9 сценарийі жаңартылатын болады. Бұдан басқа, сақтандыру сыйлықақыларын жинауды тоқтата тұру, орын алмаған шығындар резервін ұлғайту, сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттарын бұзу, қайта сақтандырушының төлемді уақтылы жүзеге асырмауы және басқа да тәуекелдерді бағалайтын қосымша сценарийлер әзірленбек. Нормативтік құжаттың жобасы қазіргі уақытта нарыққа қатысушылардың талқылауында жатыр.

«2023 жылғы 1 қаңтардан бастап  «Сақтандыру шарттары» 17-ХҚЕС (IFRS) күшіне енеді. Бұл сақтандыру нарығы үшін елеулі сын-тегеурін, болашақта ақша ағындарын бағалау негізінде сақтандыру шарттарын есепке алуды жүргізу, ақпаратты жаңаша жария ету және қаржылық есептілікті ұсыну қажет болады», деп түсіндірді агенттік өкілі.

2030 жылға дейін сақтандыру секторы Solvency II халықаралық төлем қабілеттілігі стандартының элементтерін енгізуге тиіс.

Сондай-ақ биыл шілдеде Мемлекет басшысының тек сақтандыру мәселелері бойынша 19 заңнамалық актіге түзетулерді қамтитын Заңға қол қойғаны белгілі. Бұл нарыққа қалай әсер етпек?

Мария Хаджиеваның сөзінше, заңда негізгі басымдықтар ретінде:

  • Халықты және бизнесті сақтандырумен қамтуды кеңейту,;
  • Сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету
  • Халықтың сақтандыру нарығына деген сенімін арттыру айқындалады.

«Сақтандырудың жаңа әлеуметтік бағдарланған өнімдерінің пайда болуы үшін заңнамалық жағдай жасалған. Сақтандыру нарығында алғаш рет мемлекеттің субсидиясы бар білім беру жинақтаушы сақтандыру өнімі пайда болды. Бұл баланы оқыту үшін ақша жинақтауға мүмкіндік береді және ата-анасы қайтыс болған немесе еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда, жинақталған сомаға қарамастан оқу ақысының толық төленуіне кепілдік береді. Зейнетақы аннуитеттерінің қолжетімділігі артты. 2021 жылы зейнетақы жинақтары жеткілікті болған кезде 45 жастан бастап шарт жасасуға және 55 жастан бастап өмір бойы зейнетақы төлемдерін алуға мүмкіндік беретін кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті енгізілді. 2022 жылы ерлі-зайыптылардың екеуіне де өмір бойғы төлемдерді қамтамасыз ету үшін олардың зейнетақы жинақтарын біріктіру арқылы бірлескен зейнетақы аннуитеттерін сатып алуға мүмкіндік туды», деп атап өтті Төрағаның орынбасары.

Бұдан басқа, зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан азаматтар шарттың талаптарын өзгертуге және жинақтардың бір бөлігін кейіннен емделуге және тұрғын үй сатып алуға пайдалану үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтаруға мүмкіндік алды.

Сақтандыру секторын белсенді цифрландыру жалғасуда. Ол тұтынушы үшін сақтандыру қызметтерінің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, сақтандыру секторын барынша ашық етеді. 2024 жылға дейін цифрландырудың екінші кезеңін – барлық міндетті сақтандыру түрлері бойынша сақтандыру жағдайын онлайн реттеуді енгізу жоспарланып отыр. Бұл клиенттің сақтандыру ұйымымен қарым-қатынасын электрондық форматқа ауыстыруға және сақтандыру төлемдерін алу рәсімін едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Онлайн реттеу шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру жағдайларын жеңілдетілген реттеу – Еурохаттама енгізіледі. Соның арқасында полицияның қатысуынсыз және сотқа жүгінбей, жол-көлік оқиғалары бойынша залал сомасы 100 АЕК-ке дейін болған кезде сақтандыру төлемдерін онлайн режимде жедел алуға мүмкіндік болады.