Қазақстанда жыл соңына дейін жаңа ипотекалық бағдарлама жариялануы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, қазір ведомство, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» (ҚТК) және мүдделі мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр. еске салсақ, биыл жыл басында ҚТК жылдық пайыздық ставкасы 12,5 пайыз болатын, орта класс үшін арнайы бағдарламаны таныстырған еді.
Бұған дейін ұсынылған бағдарлама жобасының басты ерекшелігі – екінші деңгейлі банктер ставкасының бір бөлігн (7 пайызын) мемлекет халық үшін өзі төлеп береді. Krisha.kz хабарлауынша, қазір шамамен мынадай шарт негізінде бағдарламаны іске қосу болжануда: Алғашқы төлем – үй құнының 20 пайызы; Несие мерзімі – 20 жыл; Максималды займ сомасы – 15-35 млн теңге; Мемлекеттен берілетін төлем тек алғашқы 10 жылға ғана жарамды.
Екінші деңгейлі банк ставкасы былай есептеледі. Қазір Ұлттық Банк белгілеген базалық мөлшерлеме 16 пайыз екені белгілі. Оған банк тарапынан тағы 5 пайыз қосылады. Сол 21 пайыздан мемлекет субсидиялайтын 7 пайызды шегеріп тастайды. Сонда халық үшін қалатыны – 14 пайыз. Бағдарлама шарты бойынша тек қана салынып жатқан және ҚТК кепілдігі бар тұрғын үйден немесе салынғанына 6 айдан аспаған кез келген кешеннен алуға болады. Сонда банк ставкасына қатысты ережеге сәйкес, егер қарыз алушы несиені 19 жылға рәсімдесе, онда қалған 9 жылды банктің толық ставкасымен төлейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет субсидиясы тек 10 жыл жұмыс істейді.
«Біз елімізде орта класс үшін ипотека қажет деп санаймыз. Ұсынылып отырған бағдарлама шынымен тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдар үшін қолайлы деп ойладық. Алайда өкінішке қарай ешкімге қажетсіз бағдарлама боп қалуы да ықтимал. Неге? Себебі, 14 пайыз – шыдас беретіндей ставка емес. Орта тапқа арналған бағдарлама мөлшерлемесі 10 пайыздан аспауы керек. Біз соны талап етеміз», дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Жалпы, ипотека – еліміздегі ең танымал қаржы өнімі. Жыл басынан бері 131,2 мың адам баспананы несиеге сатып алған. Бірінші несие бюросының ақпараты бойынша, 2022 жылдың 10 айында займ саны 1,2 пайызға өскен (2021 жылдың 10 айымен салыстырғанда). Бұл ретте ипотека сомасы да орта есеппен 18,8 пайызға өскен. Былтыр қаңтар-қазанда рәсімделген ипотека сомасы 13,1 млн теңге болса, биылғы сома – 15,5 млн теңге.
Ал төленбегеніне 90 күннен асқан займдар үлесі – 1,6 пайыз. Былтыр 1,9 пайыз болған. Демек, бұл сегментте проблемалық займ үлесі сәл де болса азайған.
Еске салсақ, осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама санын арттыруды тапсырды. Нақтырақ айтқанда, президент аймақ жұртшылығымен кездесуде жеңілдетілген ипотека бағдарламасын өзге өңірлерде де қолдану керек деген ұсынысын айтты.
«Жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 20 миллион теңгеге дейін беріледі. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары ала алады. Биыл 75 несие берілді», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы ретте Мемлекет басшысы аталған бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыру керегін айтты.
«Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс. Олар басқа аймақтарға көшпей, туған жерінде еңбек етуге жақсы мүмкіндік алады. Мұндай тәсілді өзге облыстар да қолдануы керек», деді Президент.
Сарапшы Дәулет Мұқаевтың айтуынша, бұл аса тиімді бастама. Енді қаражат мөлшері де, баспаналы болу мүмкіндігі де арта түседі.
«Жастарға баспана. Бұдан былай жастарға берілетін ипотекаға бөлінетін қаражат мөлшері көбеймек. Елімізде «Елорда жастары», «Алматы жастары», «Әулиеата жастары» секілді бағдарламалар кейбір аймақтарда бар. Енді аймақ саны да артады. Үй алушы жастар (35 жасқа дейінгі) да көбейеді. Бұл бағдарлама аясында бастапқы жарна – 10 пайыз. «Отбасы банк» проценті – 5 пайыз. Президент бүгін айтты екен деп ертең ипотека бермейді. Ертең ақша бөліне салмайды. Бұл шамамен келесі жылы іске асады. Келесі жылға ақша бөлінеді», дейді тұрғын үй саласының сарапшысы Дәулет Мұқаев.