Инфляцияға қандай факторлар әсер етіп жатыр?
Қазақстандағы инфляция Ұлттық банк болжағаннан да асып түсті де, қазан айында 18,8%-ға дейін жетті. Тамыз айында жыл соңына дейін инфляция 16-18% болады деп болжанған еді. Инфляция өсіміне түрткі болған ішкі себеп – жоғары инфляциялық күтулер. Көші-қон жүйесіндегі қарбалас та белгілі бір деңгейде әсер етті. Сонымен қатар біршама жаңа тұтынушылар пайда болды, бұл – жалға алу бағасының айтарлықтай өсуіне, сондай-ақ азық-түлік пен бірқатар қызметке сұраныстың артуына себеп болды, деп пайымдайды ҰБ Төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Бан өкілінің айтуынша, сыртқы факторлар ұсыныс жағында шоғырланып жатыр. Жеткізу тізбегінде үзіліс болды. Әлемдік брендтер Ресейден кетіп жатыр. Ал, Қазақстан жаңа жеткізушілерге қайта бағдарлануда. Мысалы, біздің ел тұрмыстық химия өнімдерін Ресей Федерациясынан жеткізіп отырды, ал енді бұл тауарларды ауыстыру үшін уақыт қажет.
«Инфляция қазан айында жоғарғы шек саналатын 18,3%-ға көтерілді. Соның әсерінен халық тауарды осы жерден және сол бойда сатып алуға тырысып бақты. Өйткені көпшілік ертеңгі күні оның қымбаттай түсетініне сенімді еді. Бұл – сұранысты ынталандырады, ал сұраныс тұрақты болса, тұтынушылар бағаны көтеру арқылы шығындарды өте оңай көтереді. Осының аясында тұтынушылық несиелер көбейді, бюджет шығыстары индекстеліп, жалақы өсті. Бұл да инфляциялық үрдістің күшеюіне жол берді», дейді Ақылжан Баймағамбетов.
Инфляцияны төмендетудің жолы қандай?
ҰБ Үкіметпен бірлесіп инфляция деңгейін бақылау және төмендету шаралары кешенін әзірлеген. Құжатта – өндіріс көлемін ұлғайту, сақтау, тауарлар мен көлік логистикасы, тауарлардың бөлшек саудасы, бағаны бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу, жүйелі шаралар сияқты негізгі бес бағыт бойынша жұмыс қарастырылған. Сондай-ақ, Үкімет әлеуметтік маңызы бар өнімдерге бағаны тұрақтандыру жұмыстарын да жүргізіп отыр. Үкіметтің инфляцияны бақылау тәсілін атаулы әлеуметтік көмекке өзгерту мәселесін талқылау басталды. Осылайша, субсидиялар мақсатты бола алады, ал тауарларды жеткізу мен өндірістің табыстылығы айтарлықтай серпін алады. Яғни, бәсеке мен сұраныс арқылы баға тұрақтандырылу керек.
ҚҰБ 2023 жылы инфляцияны төмендету, 2025 жылдан бастап орта мерзімді мақсаттарды орындау үшін сұранысты ұсыныспен теңгерімді ету және экономиканың қызып кетуін болдырмау үшін базалық мөлшерлемені көтеру арқылы ақша-кредит шарттарын күшейтіп отыр. Төмен инфляция деңгейін таргеттеп, оған қол жеткізе білу қажет. Бұл макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инфляциялық күтулерін мақсатты көрсеткішке жақындатады.
Импортқа тәуелділік пен инфляцияның басқа катализаторлары
Осы күнге дейінгі баға өсімінің басым жағы сыртқы факторлармен байланысты. Оның ішінде жекізу тізбегіндегі іркілістер, бағамның ауысу нәтижесі, азық-түлікке, қуат көзіне, қызметтерге сыртқы бағаның жоғары болуы. Бұл тұрғыда әсер етуші негізгі күш – сырттан екенін ұғыну керек. Биыл инфляцияның қарқынды түрде жеделдеуі осыларға байланысты болды.
Сондай-ақ, біз инфляцияның өсу қарқыны ел ішіндегі факторларға да байланысты екенін айта аламыз. Инфляцияның сыртқы бөлігінде лаулап жанған алауды елестетіп көріңізші, оған жоғары инфляциялық күтулер, тұтынушылық бағыттағы несиелеу және созылмалы фискальды импульс секілді ішкі факторлар да тамызық болады. Бұлар болмаса, инфляцияның қарқыны әлдеқайда төмен әрі оны тезірек тұрақтандыруға болар еді. Мысалды көптеп келтіруге болады. Инфляция барлық елде өсіп жатыр, алайда, оның әр елде қарқыны әрқалай. Себебі, ішкі факторлар барлық жерде бірдей емес. Мәселен, АҚШ экономикасы әлдеқайда әртараптандырылған, инфляциялық күтулер анағұрлым төмен, бәсекелестік деңгейі жоғары және т.б. Соның нәтижесі – қазан айында АҚШ-тағы инфляция 7,7% деңгейінде болды. Қытайда – 2,1%, Ресейде – 12,6%.
Сондықтан мұнда экономиканы әртараптандыру, бәсекелестікті арттыру, импортқа тәуелділікті төмендету мен күйзеліс кезеңінде инфляция жалынына әл бермес үшін ішкі факторларды тізгіндеудің арасында қарама-қайшылық жоқ.