Жаңалықтар

Дамушы нарық валюталары оң динамика көрсетті

Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 25 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір аптада 1,4%-ға (459,04 теңгеден) әлсіреп, 1 АҚШ доллары үшін 465,38 теңге деңгейінде қалыптасты. Бұл туралы Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

Сыртқы валюта нарығында бірқатар маңызды оқиға болды, оның ішінде АҚШ ФРЖ Ашық нарықтар жөніндегі комитетінің кезекті отырысы – басты оқиға. Онда қатысушылардың көпшілігі инфляцияға қатысты төмендеу белгілерінің болмауына қарамастан, жақын арада ақша-кредит саясатын күшейту ісінің барынша баяу қарқынын қолдады. Бұл ретте DXY АҚШ долларының индексі 0,91%-ға (106,93-тен 105,96-ға дейін) төмендеді.

Дамушы елдердегі валюталар бағамының АҚШ долларына қатысты динамикасы төмендегідей қалыптасты:

  • Оңтүстік Африка ранды жаһандық тәуекел-сентиментінің қалпына келуі және Орталық банктің пайыздық мөлшерлемені 75 б.т. (7%-ға дейін) арттыруы аясында 1%-ға (17,26-дан 17,08-ге дейін) нығайды;
  • Мексика песосы доллардың әлсіреуі және АҚШ қазынашылық облигациялары кірістілігінің төмендеуі аясында 0,6%-ға (19,44-тен 19,33-ке дейін) нығайды;
  • Индонезия рупиясы АҚШ ФРЖ мөлшерлемені күшейту бәсеңдегені туралы белгі берген соң 0,1%-ға (15684-тен 15673-ке дейін) нығайды;
  • түрік лирасы инфляцияның рекордтық мәндері кезінде Орталық банктің есептік мөлшерлемені 150 б.т. (9%-ға дейін) төмендетуіне қарамастан, 0,1%-ға (18,62-ден 18,6-ға дейін) нығайды;
  • үнді рупиясы өзгерген жоқ (81,69 деңгейінде қалды);
  • Ресей рублі мұнай бағасын белгілеудің төмендеуі аясында 0,2%-ға (60,4-тен 60,5-ке дейін) әлсіреді;
  • Бразилия реалы салық-бюджет саясатын жеңілдетудің болашағына деген алаңдаушылық аясында 0,4%-ға (5,38-ден 5,4-ке дейін) әлсіреді.