Қоғам

Дизайнер Дамиля Жұмабек: Қыз-келіншектер бір-біріне ұқсағысы келмейді

Белгілі отандық дизайнер алдағы жылы сәнде болатын түстер үйлесімін айтты

 Қазіргі уақытта сәнді киіну заман талабының біріне айналған. Сәндегі маңызды ұғымдардың бірі – стиль. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері белгілі отандық дизайнер, ҚР Бауыржан Момышұлы атындағы Намыс төсбелгісінің иегері Дамиля Жұмабек. Дамиля ханым ұлттық сипаттағы және заманауи киімдер топтамасын шығаратын кәсіпкер. Дизайнердің топтамаларында ұлтық ою-өрнек элементтері кеңінен пайдаланылады.

– Дамиля, ұлттық нақыштағы заманауи киім тігу саласы жайлы айтып кетсеңіз?

– Менің жалпы сән мен киім саласында жүргеніме 16-17 жылдай болды. Өзім киім дизайн мамандығын бітірдім. Мен негізінде заманға сай ұлттық нақышы бар топтамаларды шығаруға тырысамын. Сонымен қатар, дизайнер болғандықтан әрине, заманауи топтамаларды да шығарамын.

–Бір жылда қанша жаңа топтама шығарасыз?

– Әр жылда әр түрлі. Сондай-ақ, әр маусымдағы шабытқа байланысты болады. Негізі бір жылда 4-5 топтама (коллекция) шығаруға тырысамын. Ал Қазақстан сән апталығына қатысқан кезде 2 коллекция шығады. Көктемде және күзде.

Дизайнерлік киімдер қаншалықты сұраныста?

– Қазіргі таңда сұраныс өте жағары десем болады. Өйткені, қыз-келіншектер бір-біріне ұқсағысы келмейді. Әрі әр дизайнердің өз қолтаңбасы болады. Сондай-ақ, қазіргі кезде дизайнерлер саны көбеймесе, азайған емес. Әр адам ерекше болғысы келеді. Сондықтан арулар әрі сәнді және заманауи киімдерге тапсырыс береді. Өз басым өте қуаныштымын.

– Отандық дизайнерлер арасында бәсекелес бола алатын жандар бар ма?

Мен бұл салада қатты бәсекелестікке қарамаймын. Менде  киімге деген өзгеше көзқарас пен стиль бар. Басқа дизайнердің де, талғамы мен таланты өзгеше болады. Мен әр дизайнерді сыйлаймын. Бірақ, сән әлемінде атап айтатын, 4-5 шақты дизайнерлерді білемін, әрі құрметтеймін.

– Бұл кәсіптен айына қанша қаражат табасыз?

– Айына нақты осынша деп айта алмаймын. Өйткені, қазіргі уақытта декреттегі анамын. Әрине, кіріс пен шығысты санаймын. Адам табысының көбейгенің қалайды ғой. Үстінен өзіне қомақты табыс таппаса, ол осы істі қолға алмайтыны анық. Өзіме жеткілікті. Әрине көбірек тапсырыс қабылдаған дұрыс.

– Бір күнде қаншы тапсырыс қабылдайсыз?

–Бір күнде қанша тапсырыс болатынын нақты айта алмаймын. Себебі, кішкентай қызым бар, үй шаруасы бар дегендей. Бірақ, міндетті түрде жаңа коллекция шығаруға тырысып, уақыт тауып жүрмін.

 – Бір көйлектің орташа бағасы қанша?

– Енді ол киімнің образына мен матаның сапасына байланысты. Мысалы көйлек, жакет, белдемше мен тақияның орташа бағасы 60 -80 мың теңге көлемінде. Ал қымбат тастармен көмкеріліп, безендірілген көйлектердің бағасы 100-150 мың көлемінде арта береді.

– Тапсырыс беретін сатып алушыларды қалай табасыз? Әлеуметтік желі арқылы немесе дүкеніңіз бар ма?

– Әзірше дүкенім жоқ, болашақта болатынына сенімдімін. Қазіргі кезде әлеуметтік желі арқылы сатамын. Тұрақты түрде жаңа топтаманы күтіп, сатып алатын тұтынушыларым аз емес. Алматы, Астана, Шымкент, Тараз сияқты қалалардан киімге тапсырыс беретін қыз-келіншектер өте көп.

– Дизайнер ретінде алдағы жылы қандай түстер сәнде болматынын айтсаңыз?

– Негізі үш түс жыл сайын сәннен кетпейді. Олар ақ, қызыл және қара. Келер жыл қоян  болғандықтан ақ, сұр түстері сәнде болмақ.

– Сіз тігетін топтамадағы киімдеріңіз тек жас қыздарға арналған ба?

– Жоқ, әрине. Жас қыздар мен орта буындағы апайларға да арналған киімдер бар. Әрине, тек тұтынушының сұранысы болса, өзгерте беремін.

– Сәнді көріну үшін тек қымбат дизайнерлік киім кию қажет пе?

– Жоқ. Ең бастысы адамға қолайлы, денесіне жағымды матадан киім кигені дұрыс. Шамасы келсе, әрине, тапсырыс беріп өзіне ұнағандай тіктерген дұрыс.

– Бұл саланың артықшылығы мен кемшілігі туралы айта кетсеңіз?

– Ине ұстау – көркем де сұлу өнер. Апа-әжелеріміздің өнерін жалғастыру бізге аманат.  Бұл салада өзің ғана сәнді киініп қоймай, айналадағы қыз-келіншектердің гүлденуіне үлес қосасың. Ал кемшілігі, өз қалтаңыздан шама келгенше қаражат шығарып, талмай өзіңді көрсету керек.

– Қыз-келіншектерге танымал дизайнер ретінде қандай кеңес бересіз?

Ең бастысы өзіне ыңғайлы, жарасымды, талғаммен киіну керек. Қазіргі кезде, әлеуметтік желі өте дамыған. Сәнге айналған киімдерді көріп, сатып алуға болады.

– Қазіргі кезде қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырсыз?

Мен өзім жалғыз жұмыс істеймін. Матаны өзім таңдап, өзім эскизін саламын. Әр киім үлгісін шын көңілмен тігемін. Бәрін өзім әшекейлеймін. Жүректен шыққан жүрекке жетеді дегенге сенімдімін.

– Кез келген адам дизайнер бол ала ма?

– Негізі әр адам оқыған мамандығымен жұмыс істегені дұрыс. Иә, талантты болса, қарсы емеспін. Бірақ оқыған дизайнер мен тек курстан өткен адамды салыстырсақ, ол көп дүниені білмеуі мүмкін. Эскиз салса, өлшемін сыза алмайды, сыза алса, дұрыс келтіре алмайды. Әр мамандықтың өз иесі болса екен деймін.

– Сұхбатыңызға рақмет.