Адамды табысты жолға жетелейтін маңызды дүниелердің бірі — әдеттері. Жағдайын түзеп, жетістікке жеткізетін де — сол. Егер сіз де өміріңізді ретке келтіргіңіз келсе, миллионерлердің күнделікті істейтін әрекеттерін назарыңызға ұсынамыз. Бұл жерде арнайы білім не ақшаны инвестициялау туралы «күрделі» тақырып қозғағалы отырған жоқпыз. Бұл әдеттің біразын сіз өте жақсы білетіңіз де анық. Десе де, баса мән бермей жүрген болуыңыз мүмкін. Сондықтан әлемге әйгілі байлардың бойында бар қасиеттер мен әдеттерге шолу жасайық.
Кризис экономикалық тұрғыдан ауыр болғанымен, жеке адамдардың дамуына, табысқа жетуіне үлкен мүмкіндік сыйлайды. Оның жарқын дәлелдері де аз емес. Өйткені қысым бар кезде адам миы жақсырақ жұмыс істейді, дұрыс шешімдер қабылдауға бейім келеді. Сондықтан дәл қазір қаржылық жағдайыңыз нашар болып тұрса, бүгінгі материалдан біраз пайдалы ақпарат аласыз деп сенеміз.
Қаржылық жағдайды реттеуді неден бастаймыз?
Бұл сұрақ көпшіліктің көкейінде жүреді. Бай адамдардың өміріне қарап, қызығады. «Бұл жетістікке жету үшін не істеді екен?», «қаржылай еркіндікке жетуге не көмектесті?» деп ойлайды. Байып кетудің жалғыз жолы — «Бәке» мен «Сәке» деп ойлайтындар жетерлік. Таныс-тамырдың көмегінсіз көтерілу мүмкін емес деген пікірде жүргендер қаншама?! Бұған келісе алмаймыз. Әрі әркімнің жолы бөлек. Негізі бақуатты адамдарды біріктіретін мынадай бір қасиет бар, ол — мақсатына берік болу және өзіне толықтай сену. Ойға алған жетістігіне жету үшін осы екі қасиеттен бөлек, бірқатар ереже мен әдетті ұстанған жөн. Оны мынадай үш бағытқа бөліп қарастыруға болады:
- Жеке даму мен өсуге бағытталған әдеттер;
- Кәсіби әдеттер;
- Қаржылық және инвестициялық әдеттер.
Алғашқы екі бағытты кез келген адам өміріне оп-оңай енгізе алады. Ал енді қаржы саласын онша білмейтін, ақшамен «дос емес» адамдарға қаржылық және инвестициялық әдеттерді бойға сіңіру қиындау болуы мүмкін. Әйтсе де, қаржы саласына қатысым жоқ деп елемей қоя салуға болады деген сөз емес. Енді әр бағытқа жеке-жеке тоқталып өтейік.
Миллонерлер күн сайын істейтін әдеттер: жеке даму жолындағы жұмыс
Негізі табысқа жеткісі келетін кез келген адам алдымен жаңа білімге, жаңа дүниелерді тануға, танысуға ашық болуы керек. Сонда оның жетістікке жету жолы қызық әрі жеңіл бола түседі. Ең бірінші уақытты бағалап үйренуді ұсынамыз. Яғни уақыт жоспарлауды жолға қою қажет. Ол жоспарыңыздың ішінде жұмыс қана болмасын. Сонымен бірге қазіргі бар трендтерге талдау жасау, әлеуметтік және кәсіби мақсатқа жету жолында керек болатын машықтарды үйрену де кірсін. Сондай-ақ, демалысты қалай өткізетініңізді жоспарлап, отбасыға, достарға уақыт табуды да ұмытпаңыз. Спорт пен хоббиді қалдырып кетуге болмайды.
Адам әдетті бойға жақсылап сіңіруі керек. Ол оның өмір салтына айналғанда ғана тұрақтылыққа жол ашылады. Айталық, сіз әдет қалыптастырып үлгермей-ақ, табысқа жетіп, мол ақшаға кенелдіңіз. Егер сізде дұрыс әдеттер болмаса, әлгі тапқаныңызды демде жоғалтып алуыңыз мүмкін. Себебі сізде берік мақсат қою, өзіңізді және ақшаңызды басқаруға қатысты нақты әдет жоқ. Ал бұл болса, өте маңызды. Сала мамандарының айтуынша, табысты әрі бақуатты адамдардың бәрінде кездесетін, әрдайым тонуста жүруге мүмкіндік беретін он қасиет бар екен. Ал тонуста болудың маңызы сол — ол бар жерде энергия, креатив, табыс болады. Соның арқасында өмір салтыңызды реттеп, біртіндеп табысқа аяңдап жетесіз. Жағдайыңызды да жақсартып аласыз. Сонымен ол қандай қасиеттер? Тізіп шығайық.
- Көп оқыңыз. «Бір кітап оқымай бай болдым» деп айтқан адамды естісеңіз, ол адамнан үлгі алудың қажеті жоқ. Өйткені кітап адамның таным көкжиегін кеңейтеді. Көп оқитын адамның аузынан әдемі сөз шығады. Ол қай жерде қалай сөйлеу керегін жақсы біледі. Ал сөйлеген сөзінен адам шошитын болса, оның құр ақшасынан не пайда? Біз табысты, жан-жақсы адамдардан үлгі алуға шақырамыз. Оқу, сонымен қатар, ойлау қабілетін арттырып, түрлі идея тудырады.
- Спортпен шұғылданыңыз. Спорт — өмір мен күш-қуат. Ол өте маңызды. Белсенді физикалық жаттығу жасап жүрген адамның денсаулығы, көңіл-күйі қалыпта болады. Жүгіру, жүзу арқылы жиналған күйзелісті кетіруге болады. Ойлау қабілетін арттыратын күшке де ие. Креатив ойлау үшін физикалық жаттығу жасап жүрген абзал.
- Анализ жасауды, сыни ойлауды үйреніңіз. Ойға алған идея, жоба мен жоспардың барлығын алдымен жақсылап, жан-жақты қарастырыңыз. Талдау жасап барып, шешім қабылдауға әдеттеніңіз.
- Уақытылы ұйықтап жүріңіз. Көп жұмыс істеген адам міндетті түрде бейнетінің зейнетін көреді. Бірақ солай екен деп ұйқыға бей-жай қарауға болмайды. Өйткені мидың жақсы жұмыс істеуіне, бойыңызды жеңіл сезінуге, позитив ойлап жүру үшін ұйқы қануы керек.
- Жоспарлаңыз. Күнделікті ойға алған мақсаттарыңызды, істеу керек шаруаларды жазып жүріңіз. Бір күндік қана емес, апталық, айлық, жылдық, тоқсандық, алдағы екі не он жылдыққа арналған да түрлерін жасап жүріңіз. Сол жазылған мақсаттарға қаншалықты жетіп жатсыз? Соны да талдап отырған абзал.
- Приоритеттер қоя біліңіз. Яғни шаруаларды басымдығына қарай бөліп үйреніңіз. Ең маңызды дегенінен бастап, орындауға кірісіңіз. Бір уақытта бір мақсатта іске асыруға тырысыңыз. Ойыңызды шашыратпаңыз.
- Шешімді тез қабылдап үйренген дұрыс. Мәселе шешімін кейінге қалдыра бермеңіз. Сол жағдайды миыңызда ұзақ ұстап жүргеннің пайдасы жоқ. Әйтпесе, ол сіздің басқа шаруаларыңызды шешуге кері әсер етеді. Өйткені миыңыздың бір бөлігінде сіз сол туралы ойлап жүресіз. Ал ол болса сіздің көп энергияңызды жеп қояды.
- Жеке жобаңызды қолға алыңыз. Өзіңізге ұнайтын іспен айналысқан, әлбетте, керемет. Оған қоса сол арқылы табысқа жететін болсаңыз тіпті ғажап емес пе? Сондықтан әрі табыс, әрі қуаныш сыйлайтын бір жобаңыз болсын. Алдағы қадам басуға итермелейтін, шабыт беретін іспен айналысу үшін уақыт пен күш, мүмкіндік сынды ресурс шығындауға қуана-қуана келісетініңіз анық. Ондай кезде ойға керемет идея да көп келеді. Қолыңыздан кесте тігу не тоқу келе ме? Хоббиіңізді бизнеске айналдыруды неге қарастырып көрмескен? Үйде пісірген асыңызды бәрі мақтаса, неге кәсібіңізді бастап кетпейсіз?
- Хоббиіңіз болсын. Өзіңізге ұнайтын, демалатын бір іс тауып алыңыз. Жақсылап ойланыңыз. Әдетте шаршап кеткенде не істесеңіз, бой жазып, қуанып қаласыз? Бір емес, бірнеше хобби да артық болмайды.
- Позитив ойда жүріңіз. Ешқашан салыңыз суға кетпесін. Көңіліңізді түсіріп, қара аспанды төндіре бермеңіз. Әлдене қолыңыздан келмеді ме — өзіңізді әлемдегі ең ақымақ адам көрмеңіз. Табысты адамдар мұндай сәтсіздіктен сабақ алады. Болашақта ондай болмас үшін ескереді. Идеяларыңызды қайта бір қарап шығыңыз, одан бір түйін жасаңыз да алға баса беріңіз.
Миллионерлердің кәсіби әдеттері
Әлемге әйгілі бизнесмендердің өмір жолын саралай келе, мамандар олардың бәрінде кездесетін кәсіби қасиеттерді байқаған. Яғни тиімді коммуникация құрып, айналасындағылармен серіктес болуға көмектесетін ережелерді ұстанады екен. Бұл жерде қандай машықтар туралы айтып отырмыз? Алдымен, келіссөз жүргізе білу, дипломат ұстаным, өзінің жеке ұстанымынан таймауын айту керек. Мұны табысты болғысы келетін кез келген адам дамытуы керек. Сондықтан кәсіби ортада беделге ие болуды қалайтындарға миллионерлердің тағы бір он әдетін тізіп шығайық.
- Өзгеше ойлаңыз. Табысты адамдарға жарқын идентификация тән. Олар көптің айтқанына құлақ аса салмайды. Олардың жеке пікірі бар. Ондай адамдар ерекше ойлайды, новатор болып келеді. Кез келген жобаның табысты болуы оның сол новаторлық негізіне байланысты.
- Қателік жасадыңыз ба — қабылдаңыз. Қателсуден қорықпаңыз. Идеал болуға ұмтылудың қажеті жоқ. Қателік кетсе, қабылдап, қай жерде мүлт кеткеніңізді талдаңыз. Сабақ алсаңыз, рухани байи түсесіз, кемелденесіз. Ал оның астарында жетістіктің көкесі жатады.
- Асықпаңыз. Болған жағдайға анализ жасаңыз, қандай да бір қадам жасамас бұрын соған қаншалықты сенімді екеніңізді ойлап барып, шешім шығарыңыз.
- Сұрақ қоюдан ұялмаңыз. Қарсы тарап ұнатпай не агрессия танытса да, ештеңе етпейді. Өйткені сұрақ қоя білу қабілеті адамның ойға алған ісін максимум дұрыс, қатесіз орындауына жол ашады. Сұраққа жауап алған кезде бағытыңыздың дұрыс-бұрысын бағамдап отырасыз.
- Эмоцияңызды ұстай біліңіз. Адам эмоцияға берілген кезде ол оның психологиялық жай-күйінің тұрақтылығына кері әсер етеді. Сондықтан сырттан біреу провокация жасауға тырысса, мүмкіндік бермеңіз. Өз қорқынышыңыздың кесірінен де беріліп қоймаңыз. Адам қорқынышымен бетпе-бет келіп, жеңуге тырысқаны абзал.
- Жомарт болыңыз. Байқасаңыз, миллиардерлер қайырымдылықтан ақша аямайды. Олар көмектесуге даяр тұрады. Бұл эмпатия машығы мен эмоциялық интеллектіні көтереді.
- Сөзге құлақ асып, анализ жасаңыз. Басқалардың көзқарасын, пікірін тыңдап үйреніңіз. Айтқанын екшеп, таразылаңыз. Сонда жаңа әрі пайдалы мол ақпаратқа қанық боласыз.
- Айналаңызда жақсы адамдар болсын. Энергияңызды жеп қоятын, негативке құмар адамдардан аулақ болыңыз. Кері тарта беретін адамдарға да жақындамаңыз.
- Уақытты бағалаңыз. Ол — өте бағалы әрі кері қайтарылмайтын ресурс. Бос нәрсеге уақыт құртпаңыз.
Ақшамен қарым-қатынасыңыз жақсы болсын. Табысыңыздың 30 пайызын соған салыңыз. Ақша үнемі жұмыс істеп, айналымда болуы керек. Депозит ашып, соған салым жасаңыз. Қор жинаңыз. Ал енді инвестиция мен акцияға келсек, бұл саланы жақсы біліп барып кірісуге кеңес береміз.