«Самұрық-Қазына» АҚ Ұлттық қордан қарыз алады. Ол үшін арнайы облигациялар шығарылмақ. Мемлекеттік холдинг түскен қаражатты стратегиялық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға жұмсайды. Ұлттық қор қаржысын салуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі туралы Үкімет қаулысына тиісті өзгеріс енгізілмек.
Бұл тізімге «Самұрық-Қазына» қорының борыштық бағалы қағаздары енгізілген. Олар стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым жобаларын қаржыландыруға жұмсалады.
Бұған дейін «Самұрық-Қазына» алдағы 3-5 жылда газ өнеркәсібі, электр қуаты және логистика саласындағы тарифтерді «әділ нарықтық мөлшерлемеге» дейін көтеру керегін хабарлаған еді. 17 қазанда «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесінің отырысы өткен. Осы жиында қордың 2023-2032 жылдарға арналған даму стратегиясын таныстырған Стратегия және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Ернат Бердіқұлов мемлекеттік холдинг 2023-2032 жылдары қомақты қаржы инвестицияны немесе ірі шетелдік инвесторды тартуды қажет ететін жобаларға тең инвестор болатынын айтқан еді.
Бұған дейін Ұлттық қор активтері қыркүйекте 4,11% кеміп, 51,605 млрд долларға дейін азайса, 2022 жылдың басынан бері 6,72% кемігенін хабарланған.