Ұшақ бортында темекі шеккен мас әйелге айыппұл салынды
Ұшақ бортында темекі шеккен мас әйелге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне FlyArystan әуекомпаниясының «Астана – Алматы» бағытындағы әуе рейсі ұшып келгеннен кейін акт бойынша жолаушы әйел берілді.
Көлік полицейлері тексеру барысында масаң күйде әуе кемесінің бортында темекі шеккен 28 жастағы Астана тұрғынын анықтады. Медициналық куәландыру нәтижесі бойынша әйел кісі «жеңіл дәрежедегі» масаң күйде болған.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі (Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу) және ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабының 1-2-бөлігі (Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салу белгіленген орындарда темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салуды бұзу) бойынша екі әкімшілік хаттама толтырып, 55 айлық есептік көрсеткіш, яғни 168 465 тг көлемінде айыппұл салды.