Зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,15 трлн теңгеден асты
2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің жалпы көлемі 14,15 трлн теңгеден асты. Бұл ретте ҚР ҰБ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 14 135,78 млрд теңге. Ал ИПБ басқаруындағы зейнетақы активтері 9,06 млрд теңге. Бұл туралы БЖЗҚ АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚРҰБ басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі
2022 жылғы 1 қарашаға ҚРҰБ зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары төмендегідей ұсынылған:
47,7% – Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары құрайды,
25,5% – шетелдік активтер (оның ішінде индекстік басқарудағы активтер, сондай-ақ, шет мемлекеттердің МБҚ, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары),
шамамен 13% – квазимемлекеттік сектордың құралдары,
8% – дан астамы – ЕДБ құралдары,
2,7% – МҚҰ,
басқа активтер.
Ұзақ мерзімді кезеңде табыстылықты арттыру және тәуекелдерді азайту мақсатында зейнетақы активтерінің портфелін одан әрі әртараптандыру, ондағы табысты құралдарды неғұрлым ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде.
Зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары номиналданған валюталар бөлінісінде инвестициялық портфель 1 қарашадағы жағдай бойынша былайша ұсынылған:
ұлттық валютадағы инвестициялар – 70,53%, АҚШ долларында – 28,41%, басқа валютада – зейнетақы активтері портфелінің 0,06%.
Айта кету керек, барлық зейнетақы активтерін ҚР ҰБ басқаруына берген 2014 жылдан бастап зейнетақы активтерінің валюталық үлесі 17%-дан 28,5%-ға дейін ұлғайды.
Инвестициялық қызмет нәтижесінде, сондай-ақ, шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыс мөлшері 2022 жылдың басынан бастап 672,49 млрд.теңге. Зейнетақы активтерінің 2022 жылғы 10 айдағы кірістілігі – 4,82%, соңғы 12 айда (2021 жылғы қарашадан 2022 жылғы қазанға дейін) 5,97% болды. 2014 жылдан бастап 2022 жылдың қазанына дейінгі кезең ішіндегі жинақталған инвестициялық кіріс 6,7 трлн теңгеге жетті. Ал зейнетақы активтерінің жинақталған кірістілігі 119,5% көрсетті, бұл кезеңдегі инфляция – 115,2%.
ҚРҰБ басқаруындағы қаржы құралдарының инвестициялық портфелінің эмитенттерінің егжей-тегжейлі құрылымы және инвестициялық қызметке шолу БЖЗҚ-ның ресми сайтында орналастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдік беру моделі жұмыс істейді. «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабына сәйкес, мемлекет алушыларға зейнетақы төлемдеріне құқық алған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып, БЖЗҚ-ға нақты енгізілген жарналар мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.