«Ақ қоян» синдромы деген не?

Жарияланды
Оның белгілері қандай?

Осы уақытқа дейін біз оқырмандарымызға түрлі синдром туралы ақпарат беріп, онымен күресу жолдарын бөлістік. Бұл жолы да осы әдетімізден танбай, «Ақ қоян» синдромы туралы айтып бергіміз келіп отыр. Қысқаша айтқанда, үнемі асығып жүрсе де, ештеңеге үлгермей қалатын адамдардың қатарынан болсаңыз, бұл материал сізге пайдалы болмақ.

«Ақ қоян» синдромы деген не?

Алдымен синдром атауының қайдан шыққанына тоқталайық. Ағылшын жазушысы Льюис Кэрролдың «Алиса таңғажайыптар елінде» ертегісін білесіз бе? Сонда үнемі жанығып жүретін ақ қоян бар. Аталған кейіпкер қашан қарасаңыз да қапылып жүреді. Бірақ бір ісі де өнбей, ештеңеге үлгере алмайды. «Ақ қоян» синдромы — осындай адамдарды сипаттайтын термин. Өзіңізден осындай байқасаңыз, өмірге деген көзқарас, ұстаным мен құндылықтарыңызды қайта бір қарап шығуға кеңес береміз. Ең бастысы, одан құтылудың жолын да бөлісеміз. Бұл синдром халықаралық дерттер классификациясында жоқ. Бірақ бұл адамның өте маңызды әрі күресуді қажет ететін хал-жағдайы. Мысалы сіз үлгере алмай қапылып жатқаныңызды білесіз, үнемі сондай жүгірісте жүріп, қолы босамайтын адамның кейпінде боласыз. Барлық жерге кешігіп барасыз, асығасыз да жүресіз.

Мәселен мынадай жағдайды елестетіп көріңіз. Сіз — анасыз, жарсыз. Ұйқыдан тұрдыңыз, таңғы ас әзірлеп, киініп-боянып, одан соң балаларды мектеп пен балабақшасына апарып тастауыңыз керек. Одан соң дереу жұмысқа барасыз, ол жақта жиналыс, есеп беру сияқты шаруалар күтіп тұр. Күні бойы жұмыстан бас көтермейсіз, кешке шыққан соң балаларды алып қайтасыз, үйге келесіз де тамақ істейсіз, үй жинайсыз, сөйтіп жүргенде түн болады. Таңертең қайдан тұрып, дәл сол нәрсені қайталайсыз. Көбіне қалада тұратындардың тірлігі осыған ұқсас. Сондықтан кейбірі тіпті мұны қалыпты жағдайға балайды да, өзінде әлгі синдромның ұшқыны барын байқамайды. Негізі бұлай асығыс өмір сүруге болмайды. Ол бірінші кезекте өзіңізге зиян. Сол себепті «Ақ қоян» синдромының белгілерін байқадыңыз ба, дереу күресті бастаңыз. Ол халден қалай шығуға болатынын, жан тыныштығына қол жеткізу жолдарын ойластыру керек.

Жоспар, жоспар, жоспар

Мұны біз кез келген адамға ұсынамыз. Өйткені жоспар өмірді тәртіпке келтіруге көмектеседі. Ал «Ақ қояндарға» тіпті қажет. Бір қарағанда оңай сияқты болғанымен, жоспармен жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Десе де, тырыссаңыз, бойға сіңіре аласыз. Маңыздысы — тапсырмалар яки шаруаларды орындау мерзімін дұрыс бекіту.

Алға қойған бір мақсатыңыз бар ма — оны расында орындалатындай мерзімге жоспарлау. Өзіңізді өзіңізден артық кім жақсы біледі? Қатты жанығып қалмас үшін қосымша форс-мажорларға шамалы уақыт қосыңыз. Үйде жарық өшіп қалып, ноутбугыңыз қосылмай қалуы мүмкін. Интернет істемей қалып, такси шақыра алмай, екі ортада кептелесті тұрып қалу сияқты жағдайлар болуы мүмкін емес деп айта алмайсыз, солай емес пе? Сонымен, сіз жоспар жасадыңыз. Бірақ шын мәнінде ойлағаныңыздай болмай, кей нәрселерді өзгерту керек болып қалатын кездерге дайын болыңыз. Әлденені алып не қосу керек болса, жақсы қабылдаңыз. Соған бала ашуланып, күйзеліске түспеңіз. Жағдайға қарай бейімделуді үйренген жөн.  

Не істелмей қалды? Тексеріп отырыңыз

Жасалуы керек, бірақ орындалмаған істердің тізімін жасап шығыңыз. Қағазға жазыңыз. Сөйтіп әр бөлімді мұқият тексеріп, қай істерді енді істеудің керегі жоқ — соларды мүлдем сызып тастаңыз. Әйтпесе, олар миыңызда артық жүк болып тұра береді. Осындай аяқталған гештальт адамның энергиясын алып қояды. Соны ұмытпаңыз. Ревизия жасап тұрғанның басты пайдасы — осы. «Онсыз да қапылып жатырмын, мұрын сіңбіруге уақытым жоқ» дей бермеңіз. Ревизия аса қажет. Мысалы, қыс келерде жаздық киімдерді сандыққа салып, қыстықты шығарасыз ғой? Уақытым жоқ деген сылтаумен киімдерді реттемей жүре бермейсіз. Солай емес пе? Бұл жерде де сондай маңызды шаруа екенін түсініңіз. Жоспарлар реттеуге сағаттап уақыт керек емес. Бар болғаны 10-15 минут бөлсеңіз жетіп жатыр. Есесіне, үй жинаған соң қалай рақаттансаңыз, жоспардан кейін де миыңыз «тазарып» қалады. Жеңілдеп қалатыныңыз анық. Тіпті «бұрыннан осылай неге істемегем?» деп ойлауыңыз мүмкін. Кейінге қалдыра бермеңіз. Қазір кірісіңіз.  

Жадым мықты деп бәрін мида сақтай бермеңіз

 Көбіміз «ұмытшақ» емеспін деген желеумен жазып алу, түртіп алуды ескере бермейміз. Ал мұнымыз қате. Қағазға жазуға қалам таппай қалам десеңіз, электрон күнтізбе қолдансаңыз болады. Бәрін уақыт-уақытымен жазып, тізп қоюға, еске салып отыруға керемет әдіс. Ал классикалық тәсіл — қойындәптерге жазуға құмар болсаңыз, ерік өзіңізде. Арнайы бір блокнот бастаңыз. Біріншіден, мида көп шаруаны ұстап тұру қиын. Бірақ солай етемін деп күйзеліске түсу оп-оңай. Өйткені әлденені ұмытып кетсеңіз, өзіңізді кінәлап шығасыз. Ертең істейтін шаруаларды түнде жатарда бір шолып шығыңыз. Сонда тынышырақ ұйықтайсыз. Жатарда ойланып, «не істеу керек еді» деп миға артық салмақ салмайсыз. Күн ішінде күнтізбеге қарап қоюы ұмытпаңыз. 

Пайдалы техникаларды қолданыңыз

Қазір өнімділік туралы жиі айтылады. Бәрі өнімді өмір сүруге ұмтылады. Барлық жерге үлгеретін, сөйте тұра позитив қалыптайтын таймайтын адамдарды табыстыға жатқызамыз. Ол ресурсын босқа шаша бермейді, эмоциялық тұрғыдан күйіп кетпейді. Сондай адамдарға қарап, «ақ қоянның» күйін кешіп жүрген өзіңізді ойлап, қайта стресске түсіп кетесіз бе? Солай болса, сізге прокрастинация мен мазасыздықтан құтылудың жолдарын айтайық. Сондай техникалардың бірі — Pomodoro. Оқу мен жұмыс процесіне өте жақсы көмектеседі. Ол дегеніміз бір шаруамен айналысқан кезде уақытпен шектеп, таймер орнату. Сөйтіп аздап үзіліс жасап, тынығып аласыз. Айталық, сіз бір жұмыспен 25 минут айналысасыз да, 5-10 минут демаласыз. Сосын қайтадан таймер қосып, жалғастырасыз. Осылай төрт рет айналым жасаған соң үзіліс уақытын ұзартып, 15-20 қыласыз. Бұл әдіс, әсіресе, үнемі қапылып жүргендей түр жасап, шын мәнінде прокростинациямен шұғылданатындарға жақсы. Сонымен бірге еңбекқор адамдарға да пайдалы тәсіл дей аламыз. Өйткені бірінші типтегілер осы әдіс арқылы өнімдірек істей бастайды. Екіншілер жұмысқа беріліп кете бермейтін,  демалып алуды ұмытпайтын адам болады. Pomodoro тәсілін қолданысқа енгізсеңіз, бір шаруаға берілген уақыт барын, сол аралықта жасалуы керек үзілістерді есте ұстайсыз.  

Сағат тілін 5 минутқа жылжытып қойыңыз

Қолсағат, гаджеттер — бәрінде уақытты бес минут ерте қылып жылжытып қоюға болады. Егер үнемі осылай асығып-аптығып, кешігіп қалатындай сезімнен арыла алмай жүретін болсаңыз, бұл «Ақ қоян» синдромы емес, психологиялық бұзылысқа айналуы мүмкін. Ал оны дәрімен емдеу керек болады. Өйткені қалыпты жағдайда адамға үнемі күйзелісте жүру зиян. Ол иммунитетті әлсіретеді. Демек, жиі ауырып қала беретін боласыз. Сондықтан ең абзалы — өзіңізді ретке келтіру, асығыс өмір ритмін бәсеңдетіп, өзіңізді қолға алу. Бұл ретте сізге көмектесетін тиімді техника ретінде өмірді осы жерде және дәл қазір сүру  әдісін ұсынамыз. Әлбетте, қазіргі заманда олай ету оңай емес. Десе де, арагідік енгізіп отырсаңыз, уақыт өте келе әлгі мазасыздық азайғанын көресіз. Ал енді оны қалай енгіземіз? Физикалық белсенділіктің пайдалы екенін ұмытпайсыз, сондықтан жұмысқа жаяу барасыз. Жүріп бара жатып құлаққап тағып алып, подкаст тыңдамаңыз. Айналаға қараңыз, бақылаңыз, қаланың шуын, аяқ басқан сайын естілетін дыбыстарға құлақ салыңыз. Өзіңіздің көңіл-күйіңіз жайлы ойланыңыз. Жай ғана терең тыныс алып, таза ауада жүріңіз. Сол уақытта ойыңызда «кешкі асқа не істеймін?», «әлгі шаруаны тезірек бітіріп тастау керек» деген сияқты ойларды мүлдем ойламаңыз. Он жерден асығыс болсаңыз да, тоқтап, тыныс алуға уақыт табыңыз. Ол сізге тек пайдасын тигізеді. 

Жанталас, бір уақытта бірнеше жұмысты қатар атқару адамды күйзеліске ұшыратады. Әрі өнімділігін азайтады. Десе де, «Ақ қоян» синдромы ауру болмағандықтан, онымен сіздің ойлау қабілетіңізді өзгерту арқылы күресуге, жеңуге болады. Басымдығына қарай шаруаларды бөліп, жұмысты дұрыс ұйымдастырып үйренсеңіз болғаны. Сонда ішіңізде тыныштық орнайды. Өзіңізге, жақындарыңызға уақыт бөле алатын боласыз. Сүйікті ісіңізбен айналысып, тынығасыз. Бар болғаны өзіңізге терең үңіліңіз: бұл синдромның астарында не жатыр? Сіздің өнімді жұмысыңызға кері әсерін тигізетін мазасыздықтан құтылыңыз. Қажет деп тапсаңыз, маманға барып, кеңес алыңыз. Ол себептеріне үңіліп, астарында не жатқанын анықтауға көмектеседі. Бір уақытта бірнеше шаруаны істей алған жақсы, әрине. Мұны ешкім жоққа шығара қоймас. Бұрынғыдай бір шаруаны бір күн істейтін кез артта қалды. Қазір сондай қапылыс заманда өмір сүріп жатырмыз. Бұл жерде маңыздысы —  есіңіз танғанша жұмыс істемеу. Бір сағат бөлсеңіз, сол уақытта бір шаруаны тыңғылықты аяқтаңыз. Тәулігіне 8 сағат істейтін болсаңыз, 8 шаруаны бастан-аяқ орындаңыз. Айтар ауызға бір тәулікте 20 жұмыспен айналысып жатқаныңызды айту жақсы шығар. Бірақ басы бар, аяғы жоқ болғаннан әлгі 8 жұмыстың тәптіштеп істелгені өзіңізге жақсы. Есіңізде болсын: толық аяқталған шаруа адамға жақсы әсер береді. Миыңызда көп шаруа ұстамаңыз деп айтқанымыз бекер емес. Сырт көзге мұрын сіңбіретін уақыты жоқ адам боп көрінгеніңізге мән болмаңыз. Іс жүзінде жай ғана уақыт созып, прокрастинация жасап жүргеніңізді қапылыс ритмге жапқан жөн емес.    

Сондай-ақ оқыңыз