Меруерт Қазыбекқызы: Артық салмақтан арылу үшін мидағы тамаққа қатысты ойды өзгерту қажет

Жарияланды
Қайта-қайта қатаң диетаға отыру – денсаулыққа зиян

Диетолог Меруерт Қазыбекқызы дұрыс тамақтану марафоны арқылы ай сайын 150-200 қыз-келіншектің салмақ тастауына көмектесіп жүр. Маманның айтуынша, әлеуметтік желідегі көптеген диета мен сапасыз өткізілген марафондар қыз-келіншектердің денсаулығына кері әсерін тигізеді.

– Меруерт өзіңіз жайлы айтып өтсеңіз?

– Менің негізі бірнеше мамандығым бар. Соның бірі дұрыс тамақтануды қалыптастыратын диетолог маман. Қазіргі уақытта қосымша психологияны оқып жатырмын. Дұрыс тамақтану саласына 2019 жылы келдім. Бұл салаға келуімнің бірден-бір себебі, оған бала кезден қатты қызығатынмын. Ес білгелі өзімде де артық салмақ болды. Сондықтан, маған артық салмақ, спорт және психология тақырыптары өте қызық еді. Яғни осы салада жүрген себебімнің бірі, өз басымнан өткен ситуацияға байланысты десек болады. Сондай-ақ, өз білімімді осындай проблемасы бар қыз-келіншектерге жеткізіп, оларға көмектескім келеді.

– Арықтау марафоның ұйымдастырып жүргеніңізге қанша уақыт болды? Сол туралы айтып кетсеңіз…

–  Менің арықтау марафонына әркім қатыса алады. Себебі, марафонда ауыр спорт түрлері мен қиын диета жоқ. Тіпті, ас мәзірінің өзі көптеген марафондарға ұқсамайды. Мысалы, еліміздегі көптеген марафон ұйымдастыратын мамандар Ресейдегі диетологтардың ас мәзірінің көшірмесін бере салады. Бұл дұрыс емес. Менің ас мәзірімдегі тағамдар күнделікті өмірде қолданып жүрген дүниелер. Сондай-ақ оның ерекшелігі, ми арқылы, яғни психология тұрғысынан жұмыс істейміз. Адамның тамақтануға деген көзқарасын өзгертуге негізделген. Марафонға енді келгенде және оны аяқтаған кезде адамның тамаққа деген ойы мүлдем басқа болады.

– Бір марафон қанша күнге созылады?

– Бір марафонның ұзақтығы 21 күн. Осы 21 күн бойы аруларға  әртүрлі техникалар мен ақпараттар беріп отырамын. Адамның тамақтануға деген ойын өзгертемін. Өйткені, мида өзгеріс болмаса, нәтиже ұзақ мерзімді болмайды. Мен марафонда екі жақты жұмыс жасаймын. Біріншісі, дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын өте қарапайым түрде түсіндіремін. Ал екіншісі, мидағы тамаққа қатысты ойды өзгертуге барлық жағдайды жасаймын.

– Бір марафонға қанша қыз-келіншек қатыса алады? Яғни, бір топта…

– Бір марафон кезінде бірнеше топқа дейін аламын. Бірақ, әр топта 50 адамнан аспайды. Бұл 50 адамнан аспау себебі, марафон қызықты өту үшін, сондай-ақ, бұл топты игере алу үшін осы саннан аспайды. Аз адам болса, да қызық болмай қалады.

– Марафон ұйымдастыру арқылы айына қанша қаражат табасыз?

– Әр кезде әртүрлі. Бірақ, 500 мыңнан 1 млн теңге шамасында табыс табамын.

– Марафонға еліміздің әр өңірінен қатысуға бола ма?

– Әрине болады. Марафонға Қазақстанның барлық қаласынан қатысуға болады. Сондай-ақ, шет елдерден де көптеген қазақ тілді қыз-келіншектер қатысады. Оның ішінен Корея, Дубай, Түркия, Монголия, Өзбекстаннан да қатысады.

– Артық салмақтан құтыла алмай жүрген қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

– Қазіргі кезде арықтау жайлы әлеуметтік желіде көптеген ақпарат бар. Бірақ, олардың бірі шықпық болса, келесісі жалған ақпарат. Сол жалған ақпаратқа сеніп, адамдар көптеген қателіктер жасайды. Ол үшін қарапайым мысал келтірейін. Әртүрлі диета ұстап, сауатсыз жүргізілген марафондарға қатысқан қыз-келіншектерде өзін ұстай алмайтын тәбет пайда болады. Адам өзін ұзақ уақыт қинап, ақыр аяғында тәбетін ұстай алмай, қосымша тағы артық салмақ қосып алады. Тойып тұрса да, тамақ жей береді. Өйткені, бұл диеталар мен сауатсыз  өткізілген марафондар адамның психикасымен дұрыс жұмыс істеуді ескермейді. Аяғында адамның денсаулығы мен гормондарында ауытқулар болады. Сондықтан тәжірибиесе бар, дұрыс маманға жүгіну қажет.

– Енді босанған әйел қанша уақыттан кейін дене мүсінің қалпына келтірген дұрыс?

– Негізі бұл әркімде әртүрлі болуы мүмкін. Бұл адамның жасына байланысты. Сондай-ақ, нешінші жүктілік екендігіне мән беру қажет . Мысалы, бірінші жүктілік болса, арықтау жылдам жүреді. Ал егер де төртінші және бесінші жүктілік болса, онда адамның артық салмақ тастап, қалпына келуі ұзақ уақыт алады. Яғни психологиялық және физиологиялық себептерге байланысты үш айдан ерте бастамау қажет. Үш айдан кейін ғана артық салмақпен жұмыс істеуге болады.

– Дәрі-дәрмек ішіп арықтаймын деген қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?

– Егер дәрі ішіп арықтау ешқандай да психологиялық және физиологиялық зиян келтірмесе, бүкіл адам артық салмақпен солай күресер еді. Арықтауға көмектеседі деген кофе, шай, дәрілерді қолданған қыз-келіншектерде горманалды ауытқулар болады. Денсаулықтарында көптеген проблема туындайды. Яғни, бұл әдістер тиімді емес, онымен қоса өте зиян. Кейде осы дәрі-дәрмекті шамадан тыс көп қолданған қыз-келіншектерге дұрыс тамақтану да көмектеспеуі мүмкін. Артық салмақтан арылу қиын емес. Тек дұрыс бағыт-бағдар беретін сауатты маман қажет.

– Сауатсыз өткізілетін марафондар жайлы айтып кетсеңіз?

– Қазіргі кезде диетолог дипломы жоқ, бірақ марафон өткізетін адамдар өте көп. Өзі кезінде арықтау марафонына қатысып, өзі үйренген дүниені басқаларға үйретіп жүр. Бұл дұрыс емес. Өйткені, адамдар саған маман ретінде денсаулығын тапсырады. Осы уақытқа дейін 5000-нан аса қыз-келіншекке көмектестім. Арзан марафонға қатысып, маған келген қыздардың айтуынша,  қатаң диетада отырған екен.

– Дұрыс тамақтану жайындағы YouTube арнасы туралы айтып кетсеңіз?

– Менің YouTube арнамда тек дұрыс тамақтану ғана емес, жалпы салауатты өмір салты жайлы тақырыптар қозғалады. Күнделікті өмірде қажет болатын кеңестер беремін. Жақында YouTube-тан күміс батырма алдым. Бұл менің осы уақытқа дейінгі еңбегімнің жемісі деп ойлаймын.

Сұхбатыңызға рақмет.

Сондай-ақ оқыңыз