Екібастұздағы тұрғын үйлерге жылу берілді. ОАЭК барлық зардап шеккен үйлердің залалын қалпына келтіреді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Олег Крук мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта барлық үйлердің жылу тораптарына (жертөлелерге) жылу берілді. Үлкен жұмыс атқарылды. Орамішілік желілер, жылу тораптары қалпына келтірілді, енді тікқұбырлар мен батареялар қалпына келтірілуде. Өкінішке орай, кейбір үйлерде ПИК жылыту жүйесіндегі суды дұрыс ағызбаған, сондықтан мұндай үйлерде жүйе қатып қалғандықтан, батареялар мен тікқұбырлар көп ауыстырылып жатыр. Бүгінгі таңда ең проблемалы үйлер: Сәтбаева, 8 , Машхүр Жүсіп, 52, Әуезов, 47, 46, 46А, Шашымбеков, 19А. Штаб басшысы, премьер-министрдің бірінші орынбасары жөндеу қызметтерінің жұмысын өзгертті. Енді үйлер жеке кәсіпорындарға бекітілді. Бұл кәсіпорындардың бірінші басшылары өздерінің жұмыс орындарында жүр. Бұзушылықтарды жоюмен, жібітумен айналысуда. Олар басқаратын кәсіпорын коммуникациядағы барлық ақауларды жойғанша осылай болады. Зардап шеккен үйлерге ОАЭК компаниясы залалдың орнын толтырады», – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар өңір басшысы жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарына тартылған компаниялар мен қызметкерлерге алғысын білдірді. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің мәліметінше, бүгінгі таңда 11 үй жылусыз қалып отыр. Айта кетерлік жайт, бұл көпқабатты үйлердің жертөлесіне жылу жеткізілді. Қазір циркуляция бар.
«Алдымызда тұрған келесі міндет – үйдің тікқұбырлары мен пәтерлердегі әр регистрге жылу жеткізу. Бұл жұмыс бригадалармен ұйымдастырылып, жүзеге асырылып жатыр. Ауа райына, жағдайға қарамай, жұмыс істеп жүрген қаламыздың ірі компанияларының қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Бригадалар керек-жарақ материалдармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ волонтерлер тарапынан, Сәтбаев, 8, Әуезов көшесіндегі үйлердің тұрғындарына қолдау көрсетілуде. Тамақтандыру, ыстық шай ұйымдастырылды. Еңбек етіп жүрген барлық еріктілерге де алғыс айтамыз. Осы жұмыстарды жақын арада аяқтаймыз деп ойлаймыз», – деді қала басшысы.