Балықты қолдан өсіру көлемі 2 есе артты. Бұған өткен жылы қабылданған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берді. Бұл туралы ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы хабарлады.
Саланы мемлекеттік қолдау шаралары күшейтілді, оның ішінде қажетті азық қорын ұлғайтуға көңіл бөлінді. Балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері жеңілдетілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70%-ке төмендету көзделді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруашылықтардың саны 2 есе өсті. Балық экспорты13%-ке ұлғайды, оның ішінде Еуропа елдері де бар. Жалпы, қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биылғы жылдың 10 айындашамамен 57 мың тонна болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ке жоғары.
«Дегенмен біз әлі күнге дейін өз нарығымызды отандық балықпен толық қамтамасыз ете алмай келеміз. Импорттың үлесі әлі де жоғары. Кейбір өңірлер бағдарламадағы жоспарлы көрсеткіштерді қамтамасыз ете алмай отыр. Балық өсіру көрсеткіші ең төмен өңірдің ішінде Атырау облысы да бар. Сонымен қатар Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында да балық өндірісі төмен. Аталған өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмысты күшейтіп, бизнестің бастамаларына қолдау көрсетуі қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерді балық өнімдерін терең өңдеуге ынталандыру керек. Тиісті мемлекеттік қолдау шаралары акваөсіру жөніндегі заң жобасы шеңберінде ескерілуі тиіс. Табиғи су қоймаларындағы балық қорының көбеюіне де назар аудару керек», — деді Әлихан Смайылов.