Тамара Дүйсенова: Болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау 

Жарияланды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен үкімет сағатында ҚР Әлеуметтік кодексінің жобасын депутаттарға таныстырды. ЕХӘҚМ басшысы құжаттың 5 новелласы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті, оның бірі әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты.

Зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі туралы айта келе, ЕХӘҚМ басшысы азаматтарды 3 санатқа бөлуге болатынын атап өтті.

Бірінші санат – 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан және толық еңбек өтілі бар қазақстандықтар. Олардың саны 300 мыңнан аса адам, базалық және еңбек зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алады. Басым көпшілігінің зейнетақы мөлшері 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейін құрайды.

Екінші санат – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен зейнеткерлер, олар еңбек өтілі болғандықтан еңбек және базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен алып отыр. Олардың саны 1,9 млн адамды құрайды, 2030 жылға қарай 2,6 млн жетуі мүмкін. Бұл топтың жиынтық зейнетақы мөлшері кезең-кезеңмен төмендетіледі, өйткені ынтымақты зейнетақы мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған еңбек өтілінің азаюына және жинақтау жүйесіндегі қысқа мерзімді кезеңдегі жеткіліксіз зейнетақы жинақтарына байланысты.

Үшінші санат – бұл болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығып, БЖЗҚ-дан базалық және жинақтаушы зейнетақысын алатын болады.

«Қазіргі және болашақ зейнеткерлердің жағдайы қиындау. Бүгінгі зейнеткерлер толқыны үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшері көбейтіледі, ал ынтымақты зейнетақы мөлшері ең жоғары табыстың көлемі 46-дан 55 АЕК-ке дейін немесе орта айлық жалақының 70 %-на дейін жеткізу арқылы өседі.

Ал зейнетақыны өз жинақтары есебінен қалыптастыратын болашақ зейнеткерлер үшін қосымша жұмыс берушілердің зейнетақы жарнасы енгізіледі.

Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты-жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар зейнеткерлік жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер секілді зейнетақының 3 түрін алатын болады: мемлекет есебінен – базалық зейнетақы; жұмыс берушілер есебінен  – шартты-жинақтаушы зейнетақы; өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы.

«Бұл шаралар азаматтарды бұрынғы табысына сәйкес лайықты зейнетақымен қамтамасыз етеді деп пайымдаймыз», – деп атап өтті министр.

Тамара Дүйсенова Әлеуметтік кодекс жобасына салымшылардың өз активтерін басқару бойынша құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізілетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз