Жеке бюджетті қалай ретке келтіруге болады?

Жарияланды
Артық шығыннан арылу жолдары

Табысын бір ретке келтіре алмай жүргендер көбіне «айлықтан — айлыққа» деп өмір сүреді. Былай тартсаң, былай жетпей, қай жерде дұрыс істемей жүргенін ойлап дал боп жүруі мүмкін. Кейбірі орта есеппен жақсы тапса да, айдың аяғына келгенде қалтасы жұқарып, кейде біреуден қарыз алып жатады. Болмаса, ешкімнен ақша ала тұруға мұқтаж болмаса да, бар тапқанын бір айда шығындап тастайды да, қорға ештеңе жинай алмайды. Егер осындай мәселе сізге де таныс болса, бүгінгі материалымыз сізге пайдалы болуы мүмкін. Жеке бюджетті реттеудің қандай жолдары бар? 

Қандай ұстаным қалыптастыру керек?

Міндетті төлемдер ай сайын қайталанатындықтан, оның шамасы белгілі болады. Яғни басыңыздағы кредит, ипотека төлемі, коммуналдық шығындар, азық-түлікке кететін соманы жақсы білесіз. Бірақ ойламаған жерден болатын шығындар жеке бюджетке қатысты жоспарыңызды «бұзып» жіберуі мүмкін. Айталық, сізге осы айдың 15-не кредит төлеу керек. Әлі жарты ай бар деген сылтаумен қымбат зат алып қойдыңыз делік. Болмаса, біреудің туған күніне сыйлық алдыңыз. Ал ол ақша негізі кредитке бөлінген еді. Енді төлем күні жақындағанда қайдан табарыңызды білмей қарызға кіруге мәжбүр боласыз. Мұндайда сіз бұл жағдайдан сабақ алуыңыз керек. Яғни жеке бюджет сізде ретке келтірілмеген. Сондықтан осындай келеңсіз оқиғалар болып тұрады.

Мұндайды болдырмас үшін ең бірінші кезекте міндетті төлемдерді жазып, есептеп, ақша түскен бойда бірден сол соманы алып қойыңыз. Егер жұмсап тастау қаупі болса, бірден төлеп, салып тастаған жөн. Төлем сомасын анықтаған соң, аса маңызды демесе де, қажет болатын дүниелерге қанша керегіне көшіңіз. Мысалы, қазір желтоқсан. Айдың соңы — жаңа жыл. Демек, сіз бірнеше адамға сыйлық аласыз. Кемінде  отбасы мүшелеріне, әріптестермен «Құпия дос» ойнаған кезде бірдеңе алуыңыз керек болады. Сондықтан ай бұрын жоспар жасауға дағдыланған жөн. Осы қатарға жақын адамдарыңыздың туған күні деген сынды маңызды даталарды да ескеріңіз. Әлбетте, сіз жақсы қарым-қатынас ұстанатын адам болсаңыз. Сондай-ақ, саяхат, киім, көлемді заттар алу жоспарыңызда болса, оны да осы қажет деген бөлімге қосып, оған қанша керегін есептеп алыңыз. Қысқы етік алу қажет болса, қанша бюджет бөлесіз — анықтаңыз. Егер осыларды есептегенде айлығыңыз жетпей тұрса, демек сіз аз табасыз деген сөз. Айдан анық дүние, бірақ көбі осыған мән бермейді. Жетпей ме — демек, қосымша табыс көзі керек. Айталық, айлығыңыз 200 мың тг бола тұра, шығыңыз 190 мың теңге не тіпті тапқаныңыздан көп болса, ойланыңыз. Сізде үлкен тапшылық бар. Бұл мәселені шешу қажет. Ал енді міндетті төлем, қажетіне жаратқаннан кейін жарты айлығы қалатын, бірақ сол ақшаны айдың соңына дейін жұмсап тастайтын болса, демек бұл адамда қажеттіліктері жоғары дегенді білдіреді.

Адам кірістері мен шығындарын есептеп, жазып жүрмесе бюджетін ретке келтіре алмайды. Өйткені ненің қай жерге кетіп жатқанын біліп жүру маңызды. Әрине, кім болса да қымбат әрі сапалы киім киіп, жақсы жерден дәмді тамақ ішіп, кейінгі модельдегі ұялы телефон ұстағысы келеді. Бірақ қалау мен шынайы ала алатын жағдайы үнемі сәйкес келе бермейді. Сол себепті бюджетіңізді реттегіңіз келе ме, ең бірінші кіріс пен шығындарды қадағалаудан бастаңыз. Дүкеннен алған бір нанның өзін жазып жүріңіз. «130 теңгенің әрісі не, берісі не» деп қарамаңыз. Бұлай ұсақ-түйектің бәрін жазу арқылы миыңыз артық шығындарды айқын көре бастайды. Өтіп бара жатып ала салатын көп затты аларда ойланатын боласыз. Сізге ең алдымен ішкі тәртіпті дұрыстау керек. Ал ол үшін ең алдымен осындай шығындарды жазып жүру қажет. Егер сіз қымбатын алып, көбірек жұмсағыңыз келсе, демек сізге көбірек ақша табуды үйрену керек. Әйтпесе, осы минуста жүрген күйі жүре бересіз. «Қазір алып қажетімді өтедім» деп кредит, бөліп төлеуге қымбат заттар алуға құмартпаған абзал. Оның орнына қаржылық сауатты арттырғаныңыз әлдеқайда дұрысырақ.

Артық шығын барын қалай білуге болады?

  • Табысыңыздың белгілі бір бөлігін қорға сақтамайсыз. Артылатын ақша шамамен айлығыңыздың 5 пайызынан аз;
  • Кредит картаңыздың төлемдері азаймайды;
  • Қорыңыз жоқ. Форс-мажор бола қалса, бірнеше ай айлықсыз өмір сүре алатындай жағдай жасамағансыз;
  • Бюджетіңізді ешқашан жоспарламайсыз.

Негізі тіпті артық шығындарға қатысты мәселе болмаса да, шығындарды есептеп отыру керек. Бір қарағанда алған заттың бәрі аса қажет, кеткен шығынның бәрі орынды болып көріне береді. Дегенмен адам табатын табысына байланысты өмір сүруі керек. Яғни аз тауып, көп шығындаған жөн емес. Көп шығынданғысы келген адам сәйкесінше көп табуы керек. Қарапайым арифметика!

Шығындарды бақылау жолдары

  • Екі бөлек банк шотын ашыңыз. Біреуін күнделікті шығындар мен міндетті төлемдерге арнаңыз. Екіншісін — демалыс, ойын-сауыққа.
  • Күнделікті әр шотқа белгілі бір сома аударып отырыңыз.
  • Әр шотты мақсатты түрде қолданыңыз. Бірін екіншісімен шатастырып, қабаттастыруға болмайды.

Мұндай тәсіл арқылы әр төлемді мақсатты түрде жасауды үйренесіз. Әрі сома да шектеулі. Егер екі бөлек шот ашуға ерінсеңіз, онда мобайл банкиңке кіріп, әр санат бойынша қандай шығын кетіп жатқанын бақылап отыруыңыз керек болады. Болмаса, түртіп алып отырыңыз. Шотты бұлай бөлуді үлкен шаруа көрмеңіз. Бар болғаны баланс сақтап отырып, қадағаласаңыз жеткілікті. Аптасына бір рет анализ жасайсыз. Киноға баратын болып қалсаңыз, алдымен шотыңызда ол мақсатқа қанша ақша барын тексересіз. Сонда ішкі тәртіп пайда болады. Бұл сізді кері тартпайды. Бар болғаны жағдайыңызды реттеуге көмектеседі.

Бюджетті ретке келтіру үшін не істеу керек?

  • Резерв қорды толықтырып отырыңыз. Кейде түседі деген ақша уақытылы түспей қалуы мүмкін. Мұндайда резерв көмектеседі. Кемінде бір айлық сома қорда тұрсын. Одан көп болғаны тіпті керемет. Резерв қорды тез жинағыңыз келсе, екі-үш ай ойын-сауықты шектеу керек болады. Ең дұрысы, мүлдем бас тарту. Есесіне, ақша жинаудың қиын бірақ тез жолы — осы. Ал енді бұл өте ауыр десеңіз, біртіндеп жинай беріңіз. Бірақ бұл жағдайда резерв қор жинау уақыты ұзарады.
  • Белгілі бір соманы ғана құртуды әдетке айналдырыңыз. Мысалы достарыңызбен қыдыруға бара жатсыз. Егер әдетте «бүгін мен төлейм» деп жомарттық танытып, артық кететіндерден болсаңыз, онда бұл артық шығынды шектеу керек. Жағдайыңыз келсе, төлегенде тұрған ештеңе жоқ. Ал сізде бюджетке қатысты мәселе бар болса, бұл тіпті қажеті жоқ жомарттық деп анық айта аламыз. Өзіңізді ұстай алмайтыныңызды білсеңіз, қолма-қол ақша шығарып алыңыз да, картаны үйде қалдырыңыз. Мобайл банкиңде шектеу жасаңыз. Дұрысы, ойланбаған, сол сәтте ғана дұрыс көрінетін, кейін эмоцияға беріліп кеткеніңізді білдіретін қадамдардан аулақ болыңыз.
  • Үнемі үлкен мақсат қоя берген зиян болуы мүмкін. Мысалы бала кезінде жоқшылық көріп өскен баланы елестетіңіз. Әлбетте, ол өскенде үйлі болып, машинасы болғанын қалайды. Оның бар арманы, бақытты ететін факторы сол деп санайды. Сөйтіп сол мақсатына жету жолында қолынан келгеннің бәрін жасайды. Университет бітіргеннен кейін жұмысқа тұрып, ақша жинап, ипотекаға үй алады. Бақытында шек жоқ. Бірақ адамның арманы ауысып тұратынын ескеру керек. Жаңағы жігітті ойласақ, ипотека алғанымен, достары коттедж салып алған кезде онда жаңа мақсат пайда болады. Сондай зәулім үйлі болса бақытты боламын деп ойлайды. Бізді шынында бақытты етеді деп ойлайтын дүниелер өзгереді, оған жету жолдары жас ұлғайған сайын қымбаттай береді. Әрине, асқақ мақсат, үлкен арман адамға керек-ақ. Дегенмен үнемі бірден-бірге «секіре» берген кері әсерін беруі мүмкін. Сол себепті ондай болмас үшін адам шынайы қалауын, берекесін сыртқы факторларға байламауы керек. Қанша ақша тапса да, қолына билік тисе де тоймайтын, қанағаттанбайтын болып кетуі мүмкін. Мұндай гедонизмге эвдемонизм балама бола алады. Оның алты түрлі өлшемі бар:   
  • Өзін-өзі тану;
  • Потенциалын арттыру;
  • Мақсаты мен өмір мәнін сезіну;
  • Мықты нәтижеге салған күші, талпынысы;
  • Кез келген іске кіріссе тереңірек ену;
  • Бастаған ісін өзін дамыту, көрсетудің құралы ретінде көріп, қанағаттану.

Эвдемонизм — гедонизмге қарағанда бақытта жетер жолдағы тұрақты, индивидуал жол. Гедонист болмас үшін екі түрлі тәсілді қолдануға болады. Біріншіден, отыз күн ішінде не бірнеше ай бойы өзіңізге керек емес затты алмауға әдеттеніңіз. Екіншіден, керек емес заттардың тізімін жасаңыз да, бірдеңе алғыңыз келгенде соған қарап, толықтырып отырыңыз. Сізден бар керегі — осының бәрін әдетке айналдырғанша істеу.

Сондай-ақ оқыңыз