Жаңалықтар

Қарағанды облысында ондаған көпқабатты үй мен мектептер жылусыз қалды

Арнайы комиссия құрылды

Қарағанды облысының Абай қаласында ондаған көп қабатты үй мен мектептерде жылу жоқ. 30 мыңға жуық халықтың тең жартысы пәтерлерінде жылытқыштармен күнелтсе, мектеп мұғалімдері балаларға жылы көрпе сұратып жатыр. Бұл туралы astanatv.kz хабарлады.

«Ауырамыз, өте суық. Жылытқыштар қосамыз.Оның өзінде күндіз күн шыққанда ғана жылынамыз. Бар тілегім үй жылынса екен»-деді, Абай қаласының тұрғыны Марфа Бушкина.

Абай тұрғындарының айтуынша, пәтерлердегі температура 12-15 градусқа дейін әрең көтеріледі, батареялары салқын.

Абай әкімдігі сорғыларды қайта жаңғыртып, желілерді ауыстыру үшін 20 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет екенін мәлімдеді. Өткен жылы олар үш миллиардқа жуық ақша сұраған, бірақ бөлінбеген.

«ГРЭС Топар кентінде орналасқан. Бізге 22 шақырым арақашықтығы бар. Қатты жел болғанда ГРЭС-тен шыққан температура Абайға жеткенше бір 20 градустай жоғалады. Қолымызда 2 миллиард 800 миллион теңгеге арналған құжатымыз бар, Абай БАМ насосный станциясынан Абай станциясы аралығындағы жылу құбырын ауыстыру бойынша. Оған былтыр облыстық басқармаға өтінім берілген. Бірақ жауап болмады. Биыл тағы да сол өтінімді беріп отырмыз», – деді Абайдың әкімі Медеу Әметов.

Қарағанды облысында қазір 30 градус аяз . Мектептерде сабақ тоқтады. Тұрғындардың шағымынан кейін, арнайы комиссия құрылды. Үйлерді аралап, температураны тексермек.