Бүгінгі сұхбатта ағашпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында ең танымал құрылғылардың бірі – мультикам немесе фрезер аппараты жайлы толық ақпарат береміз. Әртүрлі материал өңдеуде ең тиімді және заманауи әдістің бірі – мультикам аппаратымен фрезерлеу (кесу). Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері әртүрлі саладағы кәсіпкерлерге дәл осы станок арқылы қызмет көрсетеді. Рүстемжан Ахметжанұлы мультикам құрылғысымен темірден басқа бүкіл материалды кесіп, үлгі бойынша ою салып, дайындап береді. Бұл құрылғы ағаштың барлық түрі мен пластикті де кеседі. Кәсіпкер осы кәсібі арқылы айына 1,5 млн теңге қаржы табады. Оның ішінде таза қалтаға түсетін пайдасы 1 млн теңгеге жуық.
– Мультикам құрылғысы туралы толық айтып кетсеңіз?
– Мен мультикам құрылғысымен басқа кәсіпкерлерге қызмет көрсетемін. Яғни, егерде сіз парта жасайтын кәсіпкер болсаңыз, бірақ, сізде ол ағашты кесетін құрылғы болмаса, маған әкелесіз. Мен мультикам аппаратымен сізге қажетті үлгіде материалды кесіп, дайындап беремін. Маған тапсырыс көбінесе жиһаз жасайтын кәсіпкерлерден түседі.
– Сіздің цехта кәсіпкерлерге қызмет көрсететін қанша құрылғы бар?
– Қазіргі кезде екі мультикам аппараты бар. Біреуі үлкен, ал екіншісі кішкентай. Бірақ, кәсіпкерлердің көбі үлкен құрылғымен кесуге тапсырыс береді. Өйткені, үлкен мультикам аппараты – әмбебап құрал. Кәсіпті басаған кезде осы әмбебап түрін бірінші кезекте сатып алу қажет.
– Бұл кәсіпті қанша уақыт бұрын бастадыңыз?
– Бұл салаға келгеніме 2 жылдан астам уақыт болды. Кәсіп ашқан кезде екі құрылғыны бірден сатып алдым. Шамамен 8 млн теңге қаржы жұмсадым. Үлкен әмбебап станок 5 млн теңге көлемінде тұрады. Ал екіншісін 3 млн теңге көлемінде сатып алдым.
– Кәсіп бастау үшін бірден екі құрылғыны сатып алу қажет пе?
– Жоқ. Бастапқы кезде мультикамның әмбебап түрін алуға болады. Бұл мультикам аппаратының түрлері өте көп. Бастапқы кезде ең қажетті түрін алған дұрыс.
– Мультикам аппаратының көлемі үлкен болады. Сіз жұмыс істеп отырған цех аумағы қандай?
– Қазір жұмыс істеп отырған мекеменің көлемі 120 кв метр. Иә, құрылғының көлемі мен салмағы үлкен. Сол үшін бірден кең мекеме жалдаған дұрыс.
– 8 млн теңге салған кәсіп өзін-өзі қанша уақытта ақтап шықты?
– Нақты өзіме келетін болсақ, 1 жылдың ішінде кәсіпке салған ақшамды толық ақтап алдым. Менің кәсібім нақты ағаш кесетін ұста емес. Бірақ, адамда ниет болса,барлығын үйреніп алуға болады. Қазіргі кезде әлеуметтік желіге қарап, үй салуға да болады. Сол үшін мен қалтамдағы бар ақшама осы кәсіпті аштым.
– Бір күндік орташа табысыңыз қанша?
– Бір күндік орташа табыс 20-100 мың теңге көлемінде. Күніне ең аз дегенде 20 мың теңгеге тапсырыс аламын. Бірақ, көбінесе үлкен көлемде тапсырыст түседі. Айына 1,5 млн қаржы табамыз. Оның таза пайдасы 1 млн теңге болады.
– Бұл сала жыл мезгіліне қарайды ма?
– Жоқ. Жыл он екі ай кәсіп жұмыс істей береді. Өйткені елде кәсіп тоқтамайды.
– Бұл аппарат арқылы ағашқа ою- өрнек салуға бола ма?
– Әрине. Ағашқа оюдың барлық түрін салап береміз. Тіпті сандыққа арналған қиын оюларды да саламыз.
– Бұл салада бәсеке жағы қалай?
– Мен істеп тұрған цехтің қасында тура осында мультикам аппаратымен жұмыс істеп тұрған 7 цех қатарынан тұр. Бірақ, сұраныс жағы өте жақсы. Көп жерде ағашқа ою-өрнек салып бермейді. Ал біз, 3D суретіне дейін салып береміз. Дүкендер мен мейрамхананың сыртында жазылып тұрған әріптерді де кесіп, дайындап береміз.
– Қазіргі кезде қандай тапсырысты орындап жатырсыз?
– Қазіргі уақытта толық бір сыныпқа арналған парталардың ағашын кесіп жатырмыз. Бізге ағаштың тақтай түрін әкеледі. Сол ағаштан партаның үлгісін толық сызып, кесіп, дайындап береміз.
– Бұл кәсіпті бастау үшін қандай білім қажет?
– Бұл аппаратта жұмыс істеудің еш қиындығы жоқ. Бастысы құрылғымен дұрыс жұмыс істеуді үйреніп алу қажет.
– Құрылғының кейде дұрыс кеспей қалған кезі болды ма?
– Әрине, болады. Ол кезде шығынды өзіміз өтейміз. Материалды өзіміз сатып алып, қайтадан кесіп береміз.
– Бұл кәсіпті қанша ең аз дегенде, қанша қаражатпен бастауға болады?
– Іс бастау 6 млн теңге жеткілікті.
– Осы құрылғымен дұрыс жұмыс істеуді үйретесіз бе?
– Иә. Осы саланы үйренгісі келген кез келген адамға жұмыс істеуді толық үйретемін. Бұл кәсіпті үйрететін арнайы курс аштым. Егер де қандай салалан бастау керекгін білмей жүрсеңіз, бірге келіңіз.
– Кез келген ада кәсіпкер бола ала ма?
– Ниеті бар кез келген адам кәсіпкер бола алады. Кәсіпті ең бастысы шын жүректен жақсы көріп, оған зейін қою қажет.
– Сұхбатыңызға рақмет.